«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жомарт жандар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бес аталым бойынша жыл сайын өткізілетін “Жомарт жүрек” байқауының жеңімпаздары марапатталды.Ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтардың қатарында өңіріміздің кәсіпкерлері де бар. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, “Жыл меценаты” аталымына “Агроном Тайынша” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жұмағали Ғабдуллин лайық деп танылды. Бұл марапат – өз туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырған, аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектерге, соғыс ардагерлеріне қайтарымсыз көмек көрсеткен жандарға беріледі.

Ауылдарды абаттандыру, балаларға ойын алаңдарын салып, денсаулық сақтау, білім беру салаларының дамуына қол ұшын созатындарға берілетін “Туған өлке” сыйлығы “Александровское” ЖШС-нің басшысы Вячеслав Чернышовқа табысталды.

Азаматтық ұстанымына адал, қайырымдылық жасап, отандастарына қамқор бола білген “Астық СТЕМ” кәсіпорнының директоры Сергей Звольский “Жыл тұлғасы” атанды. “Жылдың үздік қамқоршысы” аталымында меценаттығымен көзге түскен Андрей Исаков үздік деп танылды.

“Таткрафт Инвест” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы әлеуметтік жағынан аз қамтылған балалар мен жетімдерге ұдайы қол ұшын созып келеді.

Тайынша ауданындағы ардагерлер кеңесі болса “Жылдың үздік ұйымы” атанды. Бұл қоғамдық мекеме әлеуметтік бастамаларымен ерекшелініп отыр. Жеңімпаздарды облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов құттықтады.

– Мұндай іс-шаралар кәсіпкерлерді, үкіметтік емес ұйым өкілдерін, волонтерлерді қайырымдылық жасауға ынталандырып, өскелең ұрпаққа үлгі көрсетуге шақырады. Сондықтан отансүйгіштікке, ашықтыққа баулитын іс-шаралардың көп болуы қоғам болып қалыптасуымызға, бірігуімізге сеп болады, – деді Ғани Сақтағанұлы.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp