Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында және қазақ халқының ұлы педагогы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына орайластырыла ұйымдастырылған “Үздік педагог – 2021” республикалық байқауына еліміз бойынша 132 мектепке дейінгі және орта білім беру, 41 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымынан 173 үміткер бақ сынап, олардың арасынан ең таңдаулы 64-і топ жарды. “Үздік педагог – 2021” республикалық байқауының жеңімпаздарының әрқайсысына 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы және “Үздік педагог” төсбелгісі табысталды. Оқушылар сарайында “Ұлы даланың дара ұстазы” деген тақырыпта өткен алқалы басқосуда өңірдің үздік мұғалімдеріне жүлделерін облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов тапсырды.
Ғани Сақтағанұлы саналы ғұмырын оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне арнап келе жатқан қадірлі де қасиетті мамандық иелерін кәсіби мерекемен құттықтап, шығармашылық табыс, зор денсаулық тіледі.
– Сіздер Ыбырай Алтынсаринның: “Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені ол – мектептің жүрегі” деген жүрекжарды тілегін қалтқысыз орындап келесіздер. “Педагог мәртебесі туралы” Заң ұстаз беделінің артуына, білім сапасының жақсаруына айтарлықтай ықпал етті. Бұл бағытта елімізде басқа да маңызды шешімдер қабылданды. Биыл қаңтардан бастап жалақы мөлшері 25 пайызға өсті. Алдағы жылы тағы 25 пайызға көбейеді. Өңірде білім мекемелерін материалдық-техникалық жағынан жабдықтау жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Алқалы басқосуда “Айгөлек” бөбекжайының тәрбиешісі Анна Бейсенова, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим мектебінің физика пәнінің мұғалімі Айсұлу Баязитова, Абай атындағы қазақ мектеп-гимназисының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Сандуғаш Тоқпанова, “Дарын” мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Ирина Ким, Жамбыл ауданы Благовещенка орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Валентина Сергиенко, Уәлиханов ауданында тарих пәні мұғалімі болып жұмыс істейтін Руслан Хайыркелдинов, Е.Дәуітов атындағы қызмет көрсету колледжінің әдіскері Светлана Давыдова тағы басқалары сөйлеп, өз ойларын ортаға салды.
Салтанатты шарада “Үздік педагог – 2021” республикалық байқауының жеңімпаздары – Шал ақын ауданы Кеңес орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Нәзира Сыздықоваға, Мағжан Жұмабаев жоғары колледжі жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалім Наталья Целуйкоға, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Дархан Қоспановқа, Е.Дәуітов атындағы қызмет көрсету колледжінің өндіріс шебері Наталья Лошкареваға, “Алтын бесік” балабақшасының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлшара Жүкеноваға “Үздік педагог – 2021” төсбелгісі мен 2,9 млн. теңгенің сертификаты табысталды.
Бір топ ұстаз “Солтүстік Қазақстан облысының білім беру ісінің құрметті қызметкері”, “Мағжан Жұмабаев” төсбелгілерімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишим қазақ орта мектебінің мұғалімі, облыстық “Үздік педагог” байқауының жеңімпазы Әсемгүл Қожахметованы марапаттау сәті.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.