Жуырда “Елбасы медалі” жобасын іске асыру шеңберінде дарынды балалар мен жастарды анықтау және қолдау көрсетуде барынша белсенділік танытқан ауыл мектептеріне талдау жүргізіліп, олардың арасынан Аққайың ауданындағы №1 Смирнов орта мектебі үздік деп танылды.
“Елбасы медалі” жобасы 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Негізгі ұйымдастырушылары Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Елбасы академиясы. Ұлттық деңгейдегі бірегей жоба 14-29 жас аралығындағы қазақстандықтарды қоғам өміріне белсенділікпен тартуды, өзін-өзі дамытуға үйретуді, саламатты өмір салтын ұстануды, білімді де креативті жастар қатарын көбейтуді көздейді. Бір жылдың ішінде республика бойынша 20 мыңнан астам жасөспірім бағдарламаға тартылып, 3920-ы қола, 8-і күміс медальмен марапатталды. 84 үміткер бағдарламаны аяқтағаны жөнінде сертификат алды.
Биыл “Елбасы медалі” иегерлерінің 605-і грант жеңіп алып, жоғары оқу орындарының студенті атанды. Солардың үштен бірі – ауыл балалары. Қатысушылар спорт, таланттар мен дағдылар, кітап оқу, ұлттық мұра, еріктілік, экспедициялар мен жорықтар, еңбек тәжірибесі секілді 7 бағытта өз шеберліктерін шыңдайды, білімдерін көтереді. Олардың қатарында мерекелік іс-шаралар, қайырымдылық акциялар ұйымдастыруға жүйелі түрде атсалысатындар қатары аз емес.
Өңірде 292 қатысушы қола медальға, соның ішінде 29-ы мемлекеттік білім грантына ие болды. Қазір “Елбасы медалі” бағдарламасына 404 жас қатысуда. 258-і қола, 70-і күміс медальға үміткер. Жергілікті бағдарламаның жұмысын 19 тәлімгер, 2 сарапшы үйлестіреді.
Елбасы академиясы корпоративтік қорының көшбасшылықты дамыту орталығының басшысы Айгүл Қуатова мен “Елбасы медалі” жобасының менеджері Әсел Кисаева №1 Смирнов орта мектебіне арнайы барып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтады. Бағдарлама тапсырмаларын үздік орындаған оқушыларға “Елбасы медалін”, ал мектепке 2 млн. теңгенің сертификатын салтанатты жағдайда табыс етілді. Бұл білім ордасында 12 оқушы бағдарламаны сәтті аяқтап, қола медаль иеленді. Ал осында еңбек ететін ұстаз Динара Ғаппасова бағдарламаның алтын деңгейіне әзірленуде. Тағы 13 оқушы барлық тапсырмаларды орындап, комиссия шешімін күтіп отыр. “Ауыл мектептерінің арасында ең жоғары көрсеткіштерге жеткендеріңіз Қызылжар өңірінде жобаның сәтті жүзеге асып жатқанын айғақтайды. Алдағы уақытта алтын және күміс жүлделерге ие болады деген сенімдемін”, – деді Айгүл Қуатова.
Болатхан ЖҮСІПОВ,
облыстық әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары.