Ел болашағының алтын діңгегі саналатын ұлттық тәрбие мен сапалы білімнің негізі мектепте қаланады. Оқу ошағының басшысы – осы істе бағыт көрсетуші. Қызығы мен қиындығы, ауыры мен жеңілі қатар жүретін өмір өткелдерінде кісілік келбетін жоғалтпай, алға қойған мақсатынан айнымай жүре білу маңызды. Қарапайым мұғалімдіктен еңселі білім мекемесінің басшысына дейін көтеріліп, іскерлік қарым-қабілетімен көпке үлгі бола білген Күлтай Мұқанованы жұртшылық ұлағатты ұстаз, білікті басшы ретінде жақсы таниды.
Күлтай Ахметқызы Алматы облысының Қарабұлақ ауылында 1961 жылы 4 қазанда дүниеге келген. Оныншы сыныпты бітіргеннен кейін жас балғындардың бағбаны болсам деген үкілі үміт, асыл арман жетегімен сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне құжаттарын тапсырады. Алатаудың әсем бөктерінде орналасқан ордалы оқу орнын ойдағыдай аяқтаған жас физик алғашқы еңбек жолын Алматы облысының Талғар ауданындағы №24 орта мектептен бастайды. 2013 жылы Петропавлдағы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияға директор болып тағайындалғанға дейін білікті педагог болып қалыптасты.
Классикалық гимназияда қазір 489 оқушы бар, оларға 59 ұстаз сабақ береді. Мұнда жас мұғалімдер үшін тәлімгерлік үрдіс кеңінен қанат жайған. Жаңашылдыққа жаны құштар басшы олардың түрлі сайыс, байқауларға қатысуын жеке қадағалап, жинақылықты, білімділікті, жауапкершілікті қатаң талап етіп отырады. Ойы ұшқыр, заманауи технологияларды жетік, бірнеше тілді еркін меңгерген, ұлттық танымдарды бойына сіңірген жаңа ғасыр буынын, тәуелсіз еліміздің ертеңгі ізбасарларын тәрбиелеу ұстаздар қауымына да, ата-аналарға да келелі міндеттер жүктейді. Оқушы ұстазына қарап ой да, бой да түзейді. Жүріс-тұрысына, киім-киісіне қарап тәрбие алады. Сондықтан Мағжан Жұмабаев айтпақшы, қазақтың тағдыры, келешегі мол ел болуы да мектептің қандай негізде құрылуына байланысты. Егемендіктің елең-алаң шағында іргетасы қаланып, бүгінде қоғамдық өмірдің, мәдени орталықтың айнасы іспеттес гимназияны өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, еңбектің ақталғаны”, – деген сөздерімен үнемі намысты жанып, күш-қуат беріп отырады.
Күлтай Ахметқызының басшылығымен оқу орны бағындырған айшықты белестер аз емес. 2019-2020 оқу жылында гимназия “Үздік білім ошағы” атанды, биыл 25 оқушы “Алтын белгіге”, 32 оқушы үздік аттестатқа ие болды. Түлектер пән олимпиадалары мен ғылыми жоба жарыстарында жүлдегер атанып жүр. Педагогикалық озық тәжірибені игеруге игі әсерін тигізетін, мұғалімдерді кәсіби шыңдау мақсатымен ұйымдастырылатын сайыстарда ұстаздар қауымы да талай рет жүлделі орындарды иеленді. Директордың қолдауымен, берген идеясымен авторлық бағдарламалар, әдістемелік жинақтар шығарылып, тәжірибе ретінде таратылды. Биыл гимназияның материалдық базасы айтарлықтай нығайды, күрделі жөндеу жұмыстары талапқа сай атқарылды. Оқушылардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалды. Кабинеттер мен бөлмелер жаңаша безендірілді.
Күлтай Ахметқызының оқушы пікіріне әр кез ден қойып, дауыс көтермей, көзқарасымен-ақ бар сырды ұқтыра алатын тамаша қасиеті бар. Мұғалім өзінің білімділігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен де оқушысына жақсы мағынада қатты әсер етеді”, – деп осындай кісілерге қарап айтуға болады.
Ол білікті басшы, ұлағатты ұстаз ғана емес, отбасының ұйытқысы, үлгілі ана, сүйікті жар. Отағасы Әліби екеуі – ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиендердің қызығын көріп отырған абыз ата, аяулы әже. Көп жылғы қажырлы еңбегі үшін алған марапаттары да баршылық. Солардың арасында Білім және ғылым министрлігінің “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” төсбелгісінің орны ерекше. Өңірде білімнің дамуына өзіндік үлесін қосып, бүгінде алпыстың төріне көтерілген Күлтай Ахметқызына мықты денсаулық, қажымас қайрат тілейміз!
Әсем ҚҰЛЫБЕКОВА, Ботагөз МҰХАМЕДЖАНОВА, Сәния ӘМІРЖАНОВА,
С. Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның мұғалімдері.