Қызылжарлық қана емес, еліміздің түкпір-түкпіріндегі көзі қарақты жұртшылықты көркем туындылармен, кестелі дүниелермен сусындатып отырған журналдың үстіміздегі жылғы үшінші санынан да ойлы оқырманға олжа боларлық біраз дүниелерді кездестіруге болады. Басылымның беташарынан орын алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жерлесіміз Серік Негимовтің “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” атты көлемді мақаласы данышпан Абай атамыздың логикалық танымын паш етеді. Жазушы Мұхтар Мағауиннің қазақтың арда ұлдарының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев туралы мақаласының, ақын Әділғазы Қайырбековтің “Е, бақытсыз жазушы – мен сені аяймын” атты туындысының, жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының “Шаншудың балконы” атты әңгімесінің берері мол. Бұл туындылар шұрайлы тіл өрнегімен, қызықты оқиға желісімен басылымның мазмұнын одан сайын тартымды ете түскен.
Журналдың жаңа саны оқыған адамның жанын толқытып, көңілін көктем ететін жыр шумақтарынан да кенде емес. Ақын Заида Елғондинованың, жас талант Мақсат Дауылбайтың таңғы шықтай мөлдір жырлары жүректі селт еткізеді. Өлеңсүйер қауымды “Құс жолымен қайтып бара жатыр ма, Қарашықтан қаз боп ұшқан күндерім”, “Қадіріне жете алмаған көктемнің, Қабіріне барам енді гүл ұстап” деген жыр жолдарымен өзіне ғашық еткен ақын Сағыныш Намазшамованың топтама өлеңдерінен қазақ қызына тән нәзіктіктің, сұлулық пен қайсарлықтың лебі еседі.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.