«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«БАРМАҚ БАСТЫ, КӨЗ ҚЫСТЫ» ӘРЕКЕТ абырой әпермейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылдың тоғыз айында 10 мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 8 сыртқы талдау жүргізіліп, 218 ұсыным әзірленді. Олардың 95 пайызы шешімін тапты. Жүргізілген сыртқы талдаулар негізінде 40 ішкі нормативтік актіге өзгерістер енгізілді. Мысалы, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде бастамашылық сыртқы талдау барысында оқытушылар құрамды жұмысқа қабылдауға байланысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тосқауыл қойыла отырып, профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің лауазымдарына конкурстық орналасу ережелері бекітілді.

 Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қызметіндегі сыртқы талдау нәтижелері бойынша бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамды мемлекеттік жұмысқа қабылдау фактісі анықталды. Басшыға қысқартылған өндіріс тәртібінде 145850 теңге көлемінде айыппұл салынды. Табиғи монополиялар департаментінде тиісті бақылаусыз қызмет көрсету тарифіне салынатын тауарларды сатып алуды жүзеге асырғаны тіркелді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы 9 мониторинг өткізіліп, бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде гранттар беруге конкурстар ұйымдастыру, Петропавл қаласы колледждерінің жатақханасына студенттерді орналастыру, бағдаршам орнатудың орындылығы, кәріз коллекторын қайта жаңарту, тұрғын үй қорын басқару және пайдалану, агроөнеркәсіп кешені саласын субсидиялау, жер қатынастарын жетілдіру мәселелері қамтылды. Оның  қорытындысы бойынша 39 ұсыныс әзірленді.

 Біздің жұмысымызда әкімшілік жауапкершілік шараларының мәні айрықша. Әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыретін бекітетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілді. 2 әкімшілік хаттама жасалды. Салынған және төленген айыппұлдар сомасы 291700 теңгені құрайды. Департамент қызметіндегі басым бағыттардың бірі квазимемлекеттік және корпоративтік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру болып табылады.  Өңір бойынша квазимемлекеттік сектордың 190 субъектісі тартылып, комплаенс-офицерлермен апта сайын кездесулер ұйымдастырылды. Бюджетті жоспарлауда оның орынсыз жұмсалу фактілеріне жол бермеу мақсатында кәсіпкерлер палатасымен келісімшарт жасалды. «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталының мониторинг қорытындысы бойынша сатып алу бағаларын көтерудің 31 фактісі әшкереленіп, 26 мемлекеттік органда бағаны төмендету шаралары қабылданды. Сатып алу бағасын төмендетуінің жалпы сомасы 292,8 млн.теңгеге жуық.

   Жедел-тергеу қызметі шеңберінде 74 қылмыстық іс тіркелді, оның 66-ы сыбайлас жемқорлыққа қатысты. Мемлекетке 420 млн. теңге залал келтірген 8 басшының арам пиғылы әшкереленді.  Сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін 18 адам сотталды. Олардың 5-уі темір торға қамалды, біреуінің бас бостандығы шектелді, қалғандары айыппұл төледі. Облыс әкімі аппаратының  шаруашылық басқармасының басшысы 7 жылға, орынбасары 3 жыл 6 айға абақтыға жабылды. Бұл екеуі мемлекеттік сатып алудың жалған шарттарын жасау жолымен бюджеттен 5 млн. теңгені жымқырған. Бұдан бөлек,  шаруашылық басқармасының басшысы үш кәсіпкерден 1 млн. теңге мөлшерінде пара бопсалаған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік комитетінің бас сарапшысына  30000000 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жұмыстың пәрменді тетіктерінің бірі – қоғамдық  індетке қарсы іс-қимылға жәрдемдесетін адамдарды көтермелеу. Азаматтарды көтермелеудің жаңа сараланған жүйесі бойынша сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған адам пара немесе залал сомасының жалпы көлеміне қарай  10 пайызына ие болады. Бұл ретте ең жоғары сыйақы – 4000 АЕК-ке дейін, яғни 11,6 млн. теңге мөлшерінде. 5 адамға 1020950 теңге сыйақы төленді.

 «Қылмыстық істерді тергеу нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сыбайлас жемқорлықтың себептерін жоюдың 33 ұсынымы жіберіліп, 33 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, 4-уі қызметінен босатылып, 2-уінің лауазымы төмендетілді. Мемлекеттік органдардың ұжымдарында сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасау профилактикасына жаңашылдық ретінде енгізілген бұрынғы әріптестеріне қатысты сот үкімін жария етуді көрсету тәжірибесі жалғасатын болады.

Нұрлан ЖАХИН,

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

департаменті басшысының бірінші орынбасары. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp