Облыстық прокуратурада «Заң керуені» акциясын өткізді. Қадағалаушы орган өкілдері онлайн форматта 5 сағат бойы солтүстікқазақстандықтардың сұрақтарына жауап берді. Шараға барлық аудандардың прокурорлары қатысты.
Сұрақтардың басым бөлігі бизнес саласына қатысты болды. Бүгінде облыстық прокуратурада қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Олар кәсіпкерлерден сұрақтарды, шағымдар мен ұсыныстарды қабылдаумен айналысады. Кей жағдайларда прокурорлар бизнес нысанына барып мәселенің егжей-тегжейін анықтайды. Заң керуені акциясы барысында тұрғындардан 200-ден астам сұрақ келіп түсті. Әсіресе, ауылшаруашылығы, соның ішінде жер-пай бойынша, шағын және орта бизнес, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты сауалдар көп қойылды. Ауылдықтардың басым бөлігі жайылымдық жерлердің жоқтығына қатысты мәселелерді көтерсе, енді басқалары еңбекақының уақтылы төленбейтініне арызданып, бұйымтайларын жеткізді.
– Жыл басынан бері өңіріміздегі ауыл тұрғындарына мал жаю үшін 300 мың гектар жер берілді. Уәлиханов ауданындағы «Тың-Нұржан» шаруа қожалығы малды бағу үшін жергілікті әкімдіктен 703 гектар жер сұрап алған. Тексеріс барысында кәсіпкердің жерді мақсатты қолданбағаны анықталды, – деді облыстық прокуратура басқармасының бастығы Жаслан Смағұлов.
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan».