«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ ТАҒЫ ДА КҮШЕЙТІЛДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірлік комиссияның шешімімен 25 қазаннан бастап карантин шаралар тағы да қатаңдатылады. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев пен денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында соңғы 2 аптада коронавирус жұқтырудың 1,7 есе артқанын айтты.

 «Соңғы жеті күнде 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 189,8-ді құрады. Бұл Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес ел бойынша ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Облысымыз екінші  қазаннан бастап «қызыл» аймақта. Егер апталық сырқаттанушылық көрсеткіші 200-ден асса, онда өңір «қара-қызыл» аймаққа көшеді», – деді Әсет Жұматаев.  

25 қазаннан бастап «Ashyq» жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмыс уақыты шектеледі. Дүйсенбі-жұма аралығында барлық нысандар сағат 22.00-ге дейін, «Ashyq» жобасының көшбасшылары сағат 00.00-ге дейін жұмыс істемек. Сондай-ақ енді «Ashyq» жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық нысандар, оның ішінде «жасыл» мәртебесі болса да салтанатты, естелік, отбасылық іс-шараларды, адамдар көп жиналатын конференциялар, форумдар, ойын-сауық және өзге де іс-шараларды, көрмелерді, көрермендердің қатысуымен өткізілетін спорттық іс-шараларды өткізе алмайды.

Облыстың бас санитар дәрігері дерттің таралуына  екпе алмағандар, той-жиындардың өткізілуі, қоғамдық орындарда арақашықтың сақталмауы себеп болғанын айтты.

«Облысымызда  248299 адам екпенің бірінші компонентін алды. Бұл – өте аз көрсеткіш. Ойын-той да тыйылатын емес. Бетперде тағу режімін сақтамайтындар да бар. Қазан айында 23 мониторингтік топ 120 рейд жүргізді. 15 тұлға жауапкершілікке тартылып, оларға 948 мың теңге айыппұл салынды», – дейді Әсет Жұматаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісовтың айтуынша, өңірде эпидемиологиялық жағдай күрделі. Өткен тәулікте 159 адам коронавирус  жұқтырған.

«Стационарлық ем алып жатқандардың басым бөлігі – 60-тан асқан жандар. Коронавируспен  ауырып қайтыс болған 268 адамның 78 пайызын да егде жастағылар құрап отыр. Сол себепті қарттарымызды, зейнеткерлерді, тіпті, диспансерлік есепте тұрғандарды да, әсіресе созылмалы аурулары барларды да екпе алуға шақырамын. Созылмалы аурулар вакцина қойғызуға қарсы көрестілім емес», – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp