«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САУАТСЫЗ ЖАРНАМА, ЖҮЙЕСІЗ СӨЙЛЕМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы жанындағы  ономастикалық жұмыс бөлімі қала көшелеріндегі мемлекеттік тілде жазылған  мәтіндердің дұрыстығын тексеріп, ғимарат иелеріне әдістемелік көмек көрсету мақсатында рейдтер өткізуде.

 Үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап Интернационал, Нұрсұлтан Назарбаев, Абай, Жамбыл, Чайковский, Астана, М.Әуезов, М.Жұмабаев, Е.Брусиловский, Қ.Сәтбаев, Ульянов, Гоголь, Е.Бөкетов, Пушкин, Ғ.Мүсірепов, Бостандық, Алматы, Парк, Горький, Қазақстан Конституциясы, К.Сүтішев көшелерінде орналасқан 500-ге жуық  нысан иелеріне  әдістемелік көмек көрсетілді. Сондай-ақ «Алтын арман» базары мен Петропавл сапаржайы маңындағы сауда нүктелеріндегі кемшіліктер назарға алынды.

Кейбір жеке кәсіпкерлер қаражатты үнемдеу мақсатында тұрғындарға қажетті ақпараттарды орыс тілінде ғана жазуды жөн көреді. Мейрамханалар мен дәмханалардың сыртына ас мәзірі жазылған үлкен баннерлерді ілуді сәнге айналдырғандар да бар. Петропавлда орналасқан бір мейрамхананың  қожайыны мамандардың ескертуіне құлақ аспаған соң, оған ғимарат қабырғасына ілінген көрнекі ақпартты Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңының талаптарына  сәйкестендіру қажеттігі ескертіліп, арнайы хат жолданды.  Заң бұзушылықты жоюға бір ай уақыт берілді.  Хатта заңнама талаптары тайға таңба басқандай көрсетіліп жазылғанның өзінде, меншік иесі баннерлерді қайта жасау барысында мемлекеттік тілдегі мәтінді екінші орынға қойған.

Осындай кемшіліктерді болдырмау үшін басқарма мамандары облыстық кәсіпкерлік палатасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Тіл заңнамасы талаптарын түсіндіру мақсатында жарнама агенттігі иелерімен алдын алу іс-шаралары ұйымдастырылса да, олқылықтар жіберіп жататындар аз болмай тұр. Оның бір себебі – дизайнерлердің қазақ тілін білмеуі. Мәселен, Абай, Қ.Сәтбаев көшелері бойындағы «Volna» дүкендер желісінде «Рыбный четверг» тіркесі «Балык бейсенбі» деп жазылған. Облыс орталығындағы «City Print» баспаханалар желісінің бірқатар нүктелерінде, Қ.Сәтбаев көшесіндегі «Авто-Мото», Интернационал көшесіндегі «Сияние» дүкенінің көрнекі ақпараты тек қана орыс тілінде ілініпті. Қаладағы бірқатар сұлулық орталықтары  тұтынушыларға арналған ақпаратты тек қана ағылшынша жазған. Олардың кейбіреуі ескертуді түсіністікпен қабылдап, заңға сәйкестендірсе, М.Әуезов көшесіндегі «Free style» студиясы кемшілікті түзетуге асығар емес.

Жыл сайын біз облыстағы тіл жанашырларымен бірлесіп, «Қала келбеті – көрнекі ақпарат», «Қазақша сөйлесейік!» деп аталатын акциялар өткіземіз. Өткен жылы асхана, мейрамхана және қонақүйлер қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Үстіміздегі жылы мұндай іс-шара жарнама агенттіктері, баспаханалар үшін ұйымдастырылды. Қызметкерлерге тіл заңнамаларын орындау міндет екені ескертіліп, арнайы буклеттер таратылды.

Ернияз СҰЛТАНОВ,

облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp