«Есіл су» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бөлімшесінің ғимаратында “Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық филиалының жетекшісі Темірғали Әбілмәжіновтің төрағалығымен саяси кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.
Бүгінде облыс аумағында 491 қазандық штаттық режімде орналасқан. Оларда 144 мың тонна көмір қоры бар. Тұрғындар бүгінге дейін 365 мың тонна қатты отынды сатып алыпты.
Ауылдық денсаулық сақтау саласында 1 көпсалалы ауданаралық және 12 аудандық аурухана, 59 дәрігерлік амбулатория, 43 фельдшерлік-акушерлік және 418 медициналық пункт жұмыс істейді. Алдағы жылыту маусымына 479 медициналық нысан әзір. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы бойынша үш дәрігерлік амбулаторияның күрделі жөндеу жұмыстарына 217 млн. теңге бөлінген. Шал ақын, Тайынша аудандық ауруханаларында хирургиялық бөлімше, емхана, стационар қалпына келтірілген. Жамбыл ауданындағы Троицкое және Қайранкөл ауылдарының амбулаторияларында жылыту жүйелері ауыстырылған. Новоишим емхана ғимаратына қазандық сатып алынған. Энергия үнемдеу тиімділігін арттыру мақсатымен 11 қазандық қондырғысын ауыстыру жобалары жүзеге асырылуда.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко өз есебінде мектептерді қысқы кезеңге дайындау жұмыстары тиісті деңгейде атқарылып жатқанына тоқталды. 461 мектеп, 61 балабақша, 18 техникалық және кәсіптік білім беру колледжі орталық, автономды, электрлі жылу жүйелерімен қамтамасыз етілген. 98,5 мың тонна көмір сатып алу үшін операторлармен 1010,8 млн. теңгеге келісімшарт жасалған.
Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында мектептердің әлі де ескі қазандықтармен жылытылатыны, Айыртау, Мамлют аудандарында көмір қоры жеткіліксіз екені атап көрсетілді. Мектеп ғимараттарынан 176 қазандық сыртқа шығарылмаған. 11 қазандықта өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзу фактілері тіркелген.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Наурызбаев қыс маусымында 390 мың бас ірі қара мал, 134 мың жылқы, 430 мың қой-ешкі ерекше күтімді қажет ететінін, соған орай 850 мың тонна шөп, 204,6 мың тонна пішендеме, 194 мың тонна сүрлем, 756 мың тонна сабан қоры жасалғанын тілге тиек етті. 365 шаруашылықтың қатысуымен 47 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 1240 тонна пішен, 600 тонна жем, 400 тонна кебек қолжетімді бағамен ұсынылған
Кеңес мүшелері отырысқа қатысушылардың назарын кей теміржол тұйықтарында көмір мөлшерінің жеткіліксіздігіне және бағаның жоғары екеніне аударды. Оларда қатты отынның қоры – 10 мың тонна ғана. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның теміржол тұйықтарында көмір қоры таусылған. Бір тонна көмірдің бастапқы бағасы 15 мың тонна болса, делдалдар 20-22 мың теңгеге дейін өсіріп жібереді. Көмір тасу іркілістерінің басты себебі жүк вагондарының тапшылығы. Қазіргі таңда Петропавл станциясына 1120 тонна Қаражал, 700 тонна Шұбаркөл, 490 тонна Майкөбе, 420 тонна Екібастұз көмірі келеді деп күтілуде.
Нұрсұлтан БҰХАРОВ,
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы облыстық
филиалының үйлестірушісі.