Біздің облысымыз қатерлі ісік ауруларына шалдыққандардың саны бойынша елімізде алдыңғы орындарда тұр. Биыл өңір дәрігерлері сүт безінің қатерлі ісігімен ауыратын 151 әйелге ота жасады. Өкінішке қарай, қырық алты нәзік жанның өміріне араша түсе алмады. Онкологиялық орталықтың онколог-дәрігер Ирина Астанина қатерлі аурудың алдын алу жолдары жайында айтып берді.
Ирина Юрьевна, сүт безі қатерлі ісігінің жасарып келе жатқаны байқалады. Бұл дертке шалдыққандардың арасында қай жастағы әйелдердің үлесі басым? Дерт неден пайда болады?
Өңірімізде сүт безінің қатерлі ісігімен ауырғандар санының жылдан-жылға артып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Обырдың бұл түрін ерте кезеңде анықтаған жағдайда толық емдеп шығуға болады. Алайда ол бастапқыда еш белгі бермеуі мүмкін. Сондықтан көптеген әйелдер медициналық көмекке дер кезінде жүгінбейді. Бірақ анасында немесе әжесі мен апасының біреуінде сүт безі обыры болған жағдайда әйел дәрігерге жиі көрініп отыруға міндетті. Сондай-ақ қауіп тобына тұқым қуалаушылықтан бөлек, етеккірі 12 жасқа дейін ерте келіп, 55 жастан кейін кеш тоқтаған әйелдер, бірінші сәбиін кеш босанған келіншектер, босанудан кейін мастит болған келіншектер, 40 жастан асқан әйелдер жатады. Обырға жыныстық қатынастың тұрақсыздығы, сүт безінің жарақаты, семіздік, қалқанша безі жұмысының бұзылуы, темекі шегу, ішімдік ішу секілді жаман әдеттердің болуы, күйзеліс жағдайлары, бірнеше рет түсік жасату жағдайлары әкелуі мүмкін. Дәрігерге көрініп, ауруды ерте анықтау – қорғанудың ең тиімді жолы.
– Сүт безі қатерлі ісігінің қандай белгілері бар?
– Әр әйел өзін-өзі тексеруді дағдыға айналдыру керек. Етеккір келгеннен кейін 5-7-ші күндері, ал етеккірі тоқтаған әйелдер әр айдың белгілі бір күні сүт безін зерттеуі керек. Бұл ондағы өзгерісті дер кезінде байқауға мүмкіндік береді. Дертке шалдыққандардың ең алдымен сүт безінің пішіні мен көлемі өзгереді. Бір немесе бірнеше түйіннің пайда болуы, ол қолмен ұстаған кезде ауырмауы мүмкін. Омырауды жара басуы, ішке тартылуы, қан ағуы болады. Тері лимонның қабығы секілді өзгеріп, қызаруы, жарылуы мүмкін. Қолтық астында түйін пайда болып, қол ісінеді, қан тамырлары ұлғаяды. Егер де өз-өзіңізді тексеру кезінде осы белгілердің біреуі болған жағдайда шұғыл дәрігерге қаралу қажет. Ол тұрғылықты жер бойынша маммолог, гинеколог немесе онколог болуы мүмкін. Қазіргі уақытта бұл мамандар әр емханада бар. Сүт безінің өзгерісі анықталған жағдайда арнайы тексерістен өту қажет. Оны дәрігер әр адамның ерекшеліктерін ескере отырып, денсаулығына, жасына, етеккірінің өзгешеліктеріне байланысты тағайындайды.
– Өркениетті елдерде қатерлі ауруларды ерте кезден анықтау мақсатында түрлі жұмыстар атқарылуда. Бұл бағытта біздің өңірімізде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Облысымызда маммографиялық үш жылжымалы кешен бар. Оның біреуі онкологиялық орталықта, екеуі – Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда жұмыс істейді. Бұдан басқа 11 стационарлық маммограф қызмет етуде. Ультрадыбыстық зерттеуді тұрғылықты жері бойынша емханада, сондай-ақ онкологиялық орталықта жасауға болады.
2008 жылдан бастап Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігіне скрининг енгізілген. Бұл обырды ерте кезеңінде анықтау мақсатында жүргізіледі. Тексерілетін мақсатты топқа туған жылына қарай 50, 52, 54, 56, 58, 60 жастағы әйелдер кіреді. Биылғы тоғыз айдың ішінде 146 әйелге осындай диагноз қойылды. Салыстыру үшін айтатын болсақ, былтыр осы кезеңде 151 адамда обыр анықталған. Жалпы 2020 жылы 238 әйелден сүт безінің қатерлі ісігі табылды. Қолдан келгенше емдеуге тырысамыз.
– Әйелдерге қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?
– «Ауруды емдегенше, ауырмайтын жол ізде», деген сөз бекер айтылмаған ғой. Саламатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, салмақты қадағалау – көптеген дерттің алдын алады. Күйзеліс тудыратын жағдайлардан мүмкіндігінше алшақ болып, ай сайын сүт бездерін өздігіңізден тексеріп отыруды әдетке айналдырған абзал. Ал қандай да бір өзгеріс болған жағдайда «алтын» уақытты өткізбей бірден дәрігерге қаралуға кеңес беремін.
Әңгімелескен
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».