«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБАЙДЫҢ АЙТҚЫШТЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

(Басы өткен сандарда).

Абайдың әрбір толғамы, әрбір сөзі, әрбір ойы – ғасырлық ой, ға­сырлық сөз, ғасырлық жұмбақ тәрізді. Ойшыл-хакім әрбір уақиғаны әсерлі, шынайы әңгімелейді, ғибрат айтады, рухани кемелдікке тәрбиелейді, тағдырыңа жәрдемдеседі, мейірлендіреді, ойландырып жігерлендіреді, адамшылық парызыңды нақтылап түсіндіреді.

Білімпаз астарлап, тұспалдап, ишараттап, жұмбақтап сөйлеуге ұста, нұсқалы тапқырлыққа ше­бер. “Толғауы тоқсан қызыл тілдің” икемді, нәзік тәсілдерін ұтымды пайдалана білген, күрделі терең ойларының құралы ете білген. Мына бір айтулы сөздер-дің көркемдік қасиеттеріне ой жү-гіртейікші:

Құнанбай ел ішінің бір шаруасымен он сегіз жасар Абайды іргелес отырған сыбан руының биі Қисық деген кісіге жіберіпті. Абай барғанда бидің алдында екі адам жүгініске келіп отыр екен. Қисық би әуелі талапкердің арызын тыңдайды да, сонан соң жауапкерге зілдене қарап:

– Е, Боқбасарым-ай, атыңды да әкең тауып қойған екен, әлі де қанша боқты басып, ізіңді былғар екенсің. Қане, сөйлеші, – депті. (Жауапкердің аты осылай екен).

Бидің ә дегендегі мынадай зіл-ді сөзінен жауапкер ығып, жасып қалса керек. Сонда Абай Қисыққа тура қарап:

– Биеке, “бүлдірген” деген жемістің аты жаман болғанымен, бүлдірген түгі жоқ, дәмі тәтті, ат үстіндегі адам әдейі жерге түсіп, жата қалып теріп жейді. “Алма” деген жеміс бар, “алма” дегеніне қарамай, әркім-ақ соны құштарлана алып жейді. Сол сияқты әр нәрсенің адал-арамы болса керек. Егер әр іс атқа ғана тірелетін болса, осы адамдар турашылдық тілеп сіздің алдыңызға келмес те еді ғой, – депті. (Бидің аты – Қисық, одан түзулік тілеуге бола ма деген ишара ғой).

Сонда би үнсіз отырып қалған екен.

Төтеннен тауып сөйлейтін Абай тілі безеулі, сойылы кезеулі ойланбайтындарды, “жағына жылан жұмыртқалағандарды” жер қаптырады.

Абай мен Бегеш досжар, ниеттес болып, бір-бірімен сыйласып өтіпті. Абай тобықты ішінде өтетін бір дүбірлі тойға жара-тып қоспақшы болып, керейдің басты адамдары Тышқанбай мен Бегешке, Манабай, Жүзбай дегеннің, “керкекіл”, “қарақасқа” атты бәйге аттарын сұратып сәлем жолдап, кісі жіберіпті.

Ескі салт-дәстүр бойынша бәйгеге аруақ шақырып, ұрандап шабады. Соны ойлаған Тышқан-бай мен Бегеш:

– Біз ат бермейді екенбіз, аруақ береді екенбіз, – деп келген кісіні құр қол қайтарады. Абай бұған ренжіп, реніші “Абай Тышқанбай мен Бегешке қатты өкпелі екен” деген дақпыртқа айналып-ты. Осыдан көп уақыт өткен соң, Бегеш Абайдың үйіне барады. Аман-сәлемнен кейін Абай Бе-гештен:

– Еліңде не жаңалық бар? – деп сұрайды. Бегеш:

– “Ал”, “бер” деген екі ағайынды еді. Сонан “алы” өліп, “бері” тірі қалып, біздің елдің қайғыруында мін жоқ, – деп астарлай сөйлеп жауап қатады.

– Е-е, ол елдің өсегі ғой, – депті Абай, – оған шын өкпелеп жүр дейсің бе?

Ұлан еліне жалғас көкжарлы, саржомарт ішінде аға сұлтан Тілеубердімен Абайдың әкесі Құ-нанбай дос екен. Құнанбай қайтыс болғаннан кейін алты-жеті айдан соң Тілеуберді қайтыс болады. Орнына Абай Құран оқуға кетіп бара жатып, Бәкеннің үйіне қонады.

Бәкен Абайға:

– Ақсақалдың өлімі келсең-кел де кез болған екен. Кезеңге үш шықпай тоқтама! – депті.

Бұл сөзі – “әкеңнің өлімі сенің бо­лып тұрған кезіңе кездескен екен. Асыңа үш жүздің баласын түгел шақыр!” дегені екен.

Шіркін-ай! Шешен – көптің тірегі һәм ақылшысы ғой. Өнерлі жұрттың өнегелі сөзі қандай десеңізші!

Абайдың алғашқы атқа мініп, ел сөзіне кірісіп жүрген кезінде найман елінде жеті болыс елдің бас қосқан бір ұлы дүбір жиналысы болыпты. Сол жиналысқа тобықтыдан бала би Абай келіпті. Билер отырған үйге сәлем беріп кіріп келсе, бұрыннан отырған өңшең семіз, жуан қарын егде би-лер Абайды біле тұра, жөндеп орын бермепті. Бұл кезде бұлар Абайды “Орысша оқыған, дінді де толық ұстамаған” деп, жаратпай жүретін кездері болса керек.

Абай келіп, төрдің ең жоғарғы ортасына отырады. Жұрт өте сал­қын амандасады. Біраздан соң билер намаз оқуға кіріседі. Абай бұрын намаз оқымайтын. Бірақ осы арада бұл да елмен қатар намазға тұрады. Найманның бір биі имам болады. Тәрізі осы би өзінше отырған билердің ішіндегі әрі айтқыш, әрі жасы үлкен беделдісі болса керек.

Намазды оқып болып, орынға отырып жатып Абайға:

– Шырағым, сен осынша тә-каппар екенсің, тәкаппарлық – кәпірлік, намазыңды қайта оқы! – депті. Абай:

– Мәнісін түсіндіріңіз, – десе, әлгі би айтыпты:

– Біз бәріміз қолымызды кеудемізге қойып саламат айтқанда, сен бойыңды өте керіп, қолыңды кіндігіңнен төмен тәніңіздің басына қойып тұрдың. Бұл – құлшылық емес, тәкаппарлық, жуандық. Сондықтан бұл ісіңіз кәпірге ұқсайды, – депті. Сонда Абай:

– Бұлай болса, иншалла, мен мұсылман екенмін, сен қасындағысын қарақтаған шайтан екенсің. Менің көзім сәждеде. Көкірегім Аллада, аузым саламатта тұрғанда, сенің көзің күндестікте, көзің менің көтімде болыпты ғой, намазды сіз қайта оқыңыз, әйтпесе, мұныңыз намаз болмайды, – депті.

Бүйректен сирақ шығаратын қыңыр, қырсық, сыңар езулердің әлек-шәлегін шығарады.

Расында, Абай ортасын ақылды сөйлеуге, сабырлы мінез танытуға, әдепті ой сабақтауға, та-ғылым айтуға жаралғандай.

Абайдың ел аузында сақталған ауыз-екі әңгімелерінде халық өмірінің сан қилы, алуан сырлы суреттер, түрліше тағдырлардың мәнжайы, тарихи-әлеуметтік са-рындар, қызықты оқиғалар, рухани-ұлттық құндылықтар, этнолингвистикалық ұғымдар, тыйым сөздер тұнып тұр. Сондай-ақ әңгі-месінің музыкалық құрылымы, стилі, сюжеттің динамикалық дамуы, көркемдікпен бейнеленуі, шеберлік қырлары қызықтырады.

Абайдың “Әйелден тоқтадым” дегенінде философиялық па-йымдаулар мен ойландыратын жағдаяттар бар. Оқиға былайша өрілген:

“Осы өзімізбен дуандас Шың-ғысты қыстайтын бір найманның қазақша бала оқытатын бір мол-дасы арғы Қапалға қарайтын найманның бір байына бала оқы-тып жүріп, сол байдың бір сұлу қызын алып қашып еліне келсе, елі паналатпайды. “Ойбай, пә-леңді әкет, ұстап отыра алмай-мыз, мына жағымыздан күшті ел келеді де, шауып кетеді, қызын өзіне апарып бер!” деп дамыл бермегеннен кейін, молда еліне отыра алмай, алып қашыпты.

Қызды алып Абайға келеді. Осылай ана елден алып келгенін, өз елінің отырғызбағанын бәрін айтқаннан кейін Абай: “Жарайды, осында отыра бер” деп бір үй босатып беріп, бір отауы сықылдандырып отырғызып қояды. Абайдың қайны Қарқаралы дуанына қарайтын Қаздауысты Қазыбектің тұқымы, Алшынбайдың Жүсібінің қызы Сыламбек болыстың апасы екен. Сол апасының амандығын біліп кел деп жіберген Сыламбектің кісілерімен қолы бос қыз алып кеп жатқан молда сөйлесіп, Сыламбектің қандай абыройлы адам екенін сұрағаннан кейін барып жатқан қаракесек адамдары: “Сыламбек Қарқаралыға қараған елдің толық, бір абыройлы адамы” деп айтқан соң, қыз алып қашып жүрген молдаға ой түсіп: “Абай босататын болса, Абайдан хат алып, мына келе жатқан құдалармен еріп, Сыламбектің қолына кетіп қалсам, ұзағаннан ел қуып, ешкім келе алмай, сөз аяғы ұзарып, тыныштықта болар еді-ау! – деп ойлап, – осы жерін Абайға айтып қа-расам, қайтер еді?” деген оймен Абайға айта алмай, мезгілсіз Абайдың үйіне кіріп, шыға береді.

Бір күні Абай:

– Сен мезгілсіз не үшін келе бердің, ойыңда бір айтатын жұмысың бар ма? – дегенде,

– Әлей, сізге мақұл келсе, айтайын деген бір сөзім бар еді, – депті. Абай:

– Айт! – деген соң:

– Менің айтарым, мен өз елім пана бола алмағаннан кейін сізді пана қылып келіп отырған бір адам едім. Біздің найман деген ел әуелден істің оң-терісіне қарамайтын ел еді. Және “атадан келе жатқан осы екі елдің ортасына не бүлік болса да жесір дауынан болатын еді” деп ойлап, менің үшін жақын жерден сізге сөз келе ме деп ойлап, мына келіп жатқан құдалардан естуімше, сіздің балдызыңыз Сыламбек деген адам да “кісі паналатарлық адам” деп естігеннен кейін мені осы құдаларыңа қосып жіберсеңіз, ұзақ-мойын жерге найманның сөзі де бара алмас еді деп, қайтер еді деп, ойлаған едім, – деген соң Абай:

– Ертең бір жауабын берейін, бүгін бара тұр, – дейді.

Ертең “кешегі айтылған сөзге не айтар екен?” деп тағы келіп отырғанын Абай көріп:

– Сен кешегі сөзге келдің бе? Оған келген болсаң, бір Құдайдан басқадан қорықпа, бар, отыра бер! – дейді. Сонда шыққаннан кейін молданың қолынан келгені “Абай бір Құдайдан басқадан қорықпа деді” деп ұран қылып, “ана найман естісе, қаймықсын” дегендей сөзді жаяды. Сонымен сөз аяғы ұзарып, жаз шығуға айналған кезде арғы найман мен бергі найман арасына кісі жүріп, елдік айтып, бергі ел мал беріп, арғы ел мал алып бітісетін болып, Абай қолындағы молдаға елінен кісі келеді.

– Екі елдің ортасына кісі жүріп, мал беріп бітісетін болдық. Келін мұнда тұра тұрып, өзің елге жүр, мал беріп бітетін болса, келінді қайтып келіп алармыз, – деп молданы шақырып кетеді.

Абайдың қорасының әйнек жағында анда-санда жүріп бой көтеретін, ішіне басқа мал, аяқсыз адам араламайтын сад ағашы болады екен. Бірақ сол ағашта ауыз су ішетін құдығы болады екен, бір соқпақпен ғана барып су алып тұратын. Абайдың өзі отыратын үйінен үшінші үй қыз алып қашқан молданың үйі еді. Түс ке-зінде біраз жүріп бой көтеру үшін, Абай сад аралау үшін, тұсынан шығу үшін Абай үшінші үйге қарай еніп келсе, келіншек суға бару үшін екі шелек алып, мойын ағашы қолында әзірленіп жатыр екен. Абайды көріп жалт беріп бұрылып, жол бере берді.

“Сол арада келіншекке көзім түсіп кеткенде, көзіме үрдің қызы сияқты көрінді. Үйден шығып жүре бердім де ойладым: “япыр-ай, мына молда байқұс жолдас боларлық адамды тауып жүр екен-ау, өмірлік жолдас болмақ түгіл, мына келіншекпен бір күн ой­нап-күлгеннің арманы болмас” деп ойладым. Сол бетпен сад ағаштың ішін аралап кеттім. Қайта айналып келе жатсам, келіншек құдықтан су алып жатыр екен. Қасына таман келдім де, білегінен ұстап, ағаштың ішіне қарай жүрдім де кеттім. Жетектеп келе жатқанда қолымнан шегініп, өтіп кеткен жоқ. Көзімнің құйрығымен бетіне қарасам, беті бір қы-зарып, бір қуарып, ұяты бетінен шыққан адамдай болып келе жа-тыр екен. Келіншек тұрып:

– Япыр-ай, Абай-ағай, сізбен қатар жүріп, сөйлеспек түгіл, алдыңыздан көлденең өтетін жөні-міз жоқ еді, өзіңіз жетектеп келе жатқан соң айтпасқа болмайды ғой, бір ауыз сөз айтуға рұқсат етерсіз бе? – дейді. Сөз құмар ба-сым:

– Рұқсат, қандай сөз айтайын деп едің? – деп тоқтай қалдым. “Қияпаты мұндай болғанда, сөзі өзіне сай келер ме екен?” деген мақсатпен, сөзін естімек болдым. Сонда келіншек айтты:

– Өзіңіз білетін әңгіме ғой. Бұрынғы уақытта Балық шаһары деген шаһар болыпты ғой, сол шаһардың жас азамат патшасы болған екен. Құдай құдіретімен патшаның өзі ғана біледі, басқа адам білмейді. Сол патша ұшқан құс, жерде жүрген ай, күллі мақұлықтың тілін білетін болған екен. Әрқайсысына өз тілімен сөйлесуге құдіреті жетеді.

Серік НЕГИМОВ,

филология ғылымдарының

докторы, профессор.

(Жалғасы бар).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp