Шалдың есік алдында отырғанына біраз болды. Бұл шыққанда күн енді еңкейіп, ауылдың батыс бетіндегі ағаштардың арасынан сығалап тұрған. Кәрі көзді қарықтырмайтын осы сәт өзіне керемет ұнайды. Туып-өскен жері қырдың қайың-терегі аралас орманды алқабы болатын. Бала кезінде қыстақтағы тамның алдында ескі күпіге оранып отырып ағаш арасынан күнге қарап отырғанды ұнататын. Онда әкесінің жас кезі, бұның сығырая қарағанына күліп, маңдайынан бір иіскеп кетуші еді. Ер жетті, өзі де әке болды, ағаш артына жасырынған күнге емес, шақырайғанына ежірейе қарайтын болды. Өр еді, өжет еді. Бүгінде қайтадан баяғы бала кейпіне еніп, қылықты қыздың жанарындай ойнақшыған сәулеге елту мен өткен-кеткенін еске түсіруден басқа қызығы да қалмаған сияқты.
***
– Кетті, түсірме егінге! Қайтар!
Қатты айғайлағаны сонша, аузындағы жасанды тісі ұшып кете жаздады. Жалма-жан ернімен ұстап үлгерген тістерін қолымен аузына ытқытып, қайта айғайға басты:
– Қайтар деймін, ананы, егінге түседі қазір!
– Қайт деймін, арам қатқыр!
Жас кезіндегі гүрілдеген даусы жоқ, шәңкілдеп ащы шықты ма, әлде, желез күнде жіпке жайылған кірдей ербеңдеген қимылы оғаш көрінді ме, әйтеуір, қойлар үйіріліп тоқтай қалды. Қарға адым жерге алқынып қалыпты, иегін екі қолымен сүйенген таяғының үстіне қойып, ауыл жаққа бұрылды. Жиені мойнындағы галстугын жүре ағытып келе жатыр екен. Сүйсіне қарады. Мінезі ауыр болса да елгезек, елп ете қоймаса да үлкеннің айтқанын екі етпейді. Шаруаға да епті. Әттең…
Немересін сағынды. Көрмегелі де жыл боп қалды.
***
Күздің қарасуығы болатын. Жұмыстан келетін үлкен ұлымен сөйлеспек болып сыртта күтіп жүрген. Орақтың қызған кезі. Көпей қызының күйеуі жүрек талмасынан қайтып, жесір қалған. Марқұм іскер жігіт еді, үлкен шаруашылық ұстады. Оның бауырлары бір жақ, қызы екі ағасымен екінші жақ болып, таласып жүріп егістік пен техниканың тең жартысын алған. Көп жыл тұрған, бар баласы өсіп өнген ауылдан, «жанымда болыңдар» деп көшіріп әкелген. Содан бері егін егіп, оны жинап, сатып, әулет болып күндерін көріп отыр. Әйтпесе, екі ұлда да бәтуә жоқ, есер болып өсті. Екеуі де ішкен-жегеніне мәз, мына ен байлық аспаннан түскендей көріп, сауық-сайран құрып жүр. Үлкенінің туған қарындасынан ұрлап, астық пен қосалқы бөлшек сатып жүргенін естіп, соған күйінді. Сөйлеспек болып қанша оқталса да, кемпірін аяп, дастарқан басында айта алмаған еді, бүгін не болса да ақылға шақырмақ болып бекінген.
Әуелі көліктің даусы естілді. Қараңғыда әр дауыстың зорайып естілетін әдеті емес пе, шегірткенің шырылын, қамаудағы қойдың ыңыранғаны мен сиырдың күйсегеніне дейін тыңдап, балбырап отыр еді, ескі “Ниваның” өкірген гүрілі ауылдың түнгі бейжай тірлігін түріп жібергендей, кешікпей жарық та көрінді. Азынатып басып келе жатқанына қарағанда баласы сау емес секілді. Жайшылықта баппен айдайтын. Өзінің үйреткені. Ащы судан ұрттап алса, жын тигендей қатты жүреді. Оны да әкесінен үйренсе керек. Әне қоршауды соғардай болып тоқтады. Есігін сермей ашып шыққанына дейін көріп отыр. Тек, табалдырықта отырған бұны байқар емес. Керіліп тұрғанын қарашы жауды қиратып келгендей. Мынау қайтеді-ей, үйді айналуға да ерініп, тұрған жерінде сарылдатқаны несі. Үйге қарай беттегенде ғана орнынан тұрды. Аяғы ұйып қалыпты, буыны ұстамай қайтадан жалп ете түсті. Бұл кәрілікті қойсайшы.
– Әй, Қаһар!
Күтпесе керек, баласы сәл кідіріп барып, есін жиды.
– Батя, ты чего не спишь?
Орыс арасында өскеннің кесірі, орысша сөйлейді.
– Сені тосып отырмын.
– Да ладно, батя, никуда же не уехал, завтра бы поговорили. Спать хочу.
– Тоқта, айтарым бар!
Баласы бұған не айтасың дегендей ежірейе қарады. Атын да тауып қойғанын қарасаңшы. Тік қарағанда көзі өңменіңнен өте жаздайды. Тайсақтап қалды.
– Балам, қарындасыңды шырылдатуды қойсайшы. Одан ұрлағаның – өзіңнен ұрлағаның емес пе?
– Чего, не мели чепуху… Болды осымен дегендей теріс айналып кетті. Таяғына сүйеніп барып әзер тұрды.
– Әй, найсап, дұрыстап сөйлес әкеңмен!
Даусы шаңқ ете түсті. Таяғын сермеп қалғанда иығына сатыр ете түсті. Қаһар жалт бұрылды да таяғынан тартып қалды. Етпеттей барып екі аяғының ортасына басын тыға құлады. Көтеруге ұмтылған да жоқ, басынан аттай бергенде баласының бәтеңкесінің ұшы мұның шекесіне тиді.
– Арам қатқыр, Қаһар, арам қат!
– …***
Бұлар бір әкеден үшеу еді, ұлдан жалғыз өзі. Екі қыздан кейін туғасын ата-әжесі бауырына басты. Атасының сөзі өтімді, адуынды адам еді, мұның бетінен қақпай өсірді. Әкесі де өз ортасында сыйлы болды. Жастайынан жетім қалған немере ағасы да бір үйде, ересектермен жағаласып, арқатұтары болғасын, ешкімнен қаймықпады. Төбелес десе жанығып, есесін жібермей өркеуде болып ер жетті. Тек, еркелігі есерлікке ұласып, жастайынан талай опық жеді. Сонда да қайтпады. Тауы шағылып, жүнжіп кеткен жоқ. Ерегескен үстіне еліріп, бой бермей бара жатқасын, ата-әжесі ауылдағы бір көгенкөзге құда түсіп, аяғын тұсағандай болып еді, ол қуанышы да ұзаққа бармады. Алғаны жуас болса да мұның есерлігі мен кесірлігіне төзе алмады. Кішкентай қызы мен өзінің киімін түйіншекке буды да, қарасын батырды. Төркініне де бармаған, қалаға кетті дегенді естіген. Бірақ жарды да, баланы да іздеген бұл болмады. Жастықтың желігіне мас болып, сауық-сайранға берілді. Ата-әжесі келмеске аттанғасын, бұдан да күй кете бастады. Әке мен шеше деген бала күнінде ғана еркелеткенімен, ержеткесін жұмсауға дайын тұрады екен. Үй болып, есіңді жиғасын, құлақ етін күнде жейді. Бұла өскен еркетотайды қанша жерден жасы келсе де думанға тартады да тұрады. Ақыры, айтқанға көніп, ақыл тоқтатар бала болмағасын әке мен шеше, есін жиып, қызметке тұрып, үйлі-баранды болып үлгерген немере ағасы үшеулеп отырып жуырда ғана қызғаншақ байынан төркініне қашып келген келіншекті алуға көндірді. Өзі де аққұбаның шырайлысы екен, салған жерден ұнатты. Орыс арасында өскендіктен бе, әлде табалдырық аттап келген әйел болғасын ба, тайсалмай тура қарайды екен. Ботаның көзіндей мөлдір жанарын төңкере қарағанда, кірпіктерімен жүрегін түйреп өткендей болады. Әрі, әке-шешесі кәмпеске кезінде іш жақты паналаған ауқатты әулеттен екен, әкесі ел ішіне сөзі өтімді жан болса керек, текті жердің баласы, осыдан айырылма деген шешенің сөзіне құлады.
Не керек, басында бұлданғанымен, бара-бара өзі де құмары артып, ғашық болғанын байқамай да қалды. Тек, аяғы ауырлап қалған екен, бұған дейінгі туған үлкен қызын енесі бермей, бауырына басып алып қалыпты. Сонысына да қарамастан алатын болды. Той дейтін той да болған жоқ, ағайын-туыстың басын қосып, әкесінің бәкене тамында ырымын жасады. Артынан іздеп келер әке-шешесі жоқ, ағалары қайтқан қыздан тезірек құтылсақ деді ме, артық сөз айтқан жоқ.
Ауыл ішінде сөз жата ма, кеше ғана талай сұлуды менсінбеген сері жігіт, байдан қайтқан, оған қоса жүкті әйелді алыпты деген әңгіме біразға дейін талай үйдің түндігін желпілдетті. Қызғанғандары дуалап алыпты деген де әңгіме таратты. Оларға құлақ асқан бұл жоқ.
***
Шалдың өз кіндігінен үш бала өрбіді. Екеуі ұл. Үлкені – Қаһар, кішісі – Шақар. Екеуінің де мінезі атына сай. Кішісінің соңғы кезде шақарлығы қатынынан аса алмай жүр. Қолымда тұрып, жылы суға сала ма деген ойы баяғыда әдірем қалған. Мектепті бітіре сала бірге оқыған шүйкебасқа үйленген. Онысы күйеуінің жеңіл жүрісіне төзе алмады. Өзі де көзі тасырайған шатақ еді, қылтың-сылтыңды ол да бастады. Адалдықтан аттаған некеде сән болушы ма еді, ажырасып тынды. Көзі жәудіреп немересі кетті келінмен. Жардан да, баладан да айырылдым деп қайғырған Шақар жоқ, сауық-сайранын жалғастырып жүре берді. Ауылда байы бар қатынмен шатысып, ақыры қылығы жария болғасын, бір түнде киім-кешегін де алмастан қалаға кетіп тынды. Сол кеткеннен мол кетті. Тек, осыдан бірер жыл бұрын қарындасы жесір қалып, шаруаға ие болды дегенді естігесін ғана келген. Келе сала баяғы әніне басты. Ақ “Ниваны” арқыратып, ауыл аралаудан танбайды. Ақыры, ақыл тоқтатып, ой түйді ме деген дәмесі адырам қалды. Баласының қасында жүргеніне– шешесі, керек-жарақ сайманды дер уақытында тауып беретін жылпостығына қарындасы риза. Тек, шал ғана түбі жақсылыққа жеткізбейтінін іші сезеді. «Әке – балаға сыншы» дегенді қазақ бекер айтпаса керек. Күмәні сейілгендей де болып еді. Бойдағы бар, байдағысы бар, ауылдағы көрікті деген қыз-қырқынның бәріне жабысып шықты. Қашан көрсең томпаңдаған мәтүшкенің біреуін мықынынан мытып жүргені. Тіксініп қарағанына тиылған бала болмағасын шал да іштен тынған. Сөйтіп жүргенде Шақар үйленеді деген хабар жетті. Жеткізуші сары кемпірі өзінің. Таңертең малды шығарып келіп, шайға отырған.
– Балаң үйленеді, – деді көрші орыстың баласы қатын түсіргелі жатқандай.
– Кесені алып жатып «құтты болсын» деді ернінің ұшымен.
Кемпір үнсіз қалды. Бір шикілігі бар екенін кәрі жүрек сезді. Біреудің қатынын тартып алып жүрген жоқ па өзі деген ой келді.
– Келін қайдан?
– Көрші ауылдан. Танымайсың. Орыс…
Осымен әңгіме тамам болды.
***
Жиырмадан енді асқан жиені қалада жұмыс болмағасын осындағы мектепке тұрған. Бұның да ауылда қалғысы жоқ. Әйтеуір, еңбек кітапшама бірдеңе жазылсын, кейін қалаға қайтармын деген оймен келген сияқты. Сонысына да тәубе, қазіргі қолқанаты осы. Тумаған болса да, қазақы ауылда ата-әжесінің тәрбиесін көрген, тілалғыш, сөз қайтаруды білмейді. Орыс арасында өскен бұның немерелері тілазар, жұмсасаң безірейіп, сырт айналатын ішмерез. Таяғына сүйеніп тұрып, қойды жаймен айдап келе жатқан жігітке сүйсіне қарады. Әттең, жұмыс-жұмыс деп жүріп баланың тәрбиесінен қағас қалыпты. Енді, міне, отырғаны опық жеп. Көше жаққа көз салып еді, кемпірі сиыр сауатын шелекті шайып, шарбаққа іліп жатыр екен. Көршінің қанденінің соңынан бір топ ит еріп барады. Өңшең ала-құла…
– Жабысып қалғырлар…
Шырт еткізіп түкіріп еді, сілекейін жел айдап әкеп өңіріне тиді. Алақанымен сипай сүртті де, жамбасына жақты. Бір жерден екінші жерге жаққаным не деп, ойлап еді, өз-өзіне жыны келді. Еңкейіп ақселеуден жұлып, қолын сүртті. Жиені де кеп таяды. Оның да көзі иттерде…
– Бұл адам дегенің иттен де асқан хайуан ғой… Бұлар жылына екі рет қана ұйығады. Адам ше..?
Жігіт естімеген түр танытып, теріс айналып кетті…
***
Көз шырымын алмақ болып, қуыс бөлмедегі ескі кереуетке қисайған. Күбір-күбір дауыстан оянып кетті. Бұл жақтағы терезе бақшаға қарайтын, дел-сал күйде жатып, кемпір көршілердің біреуімен сөйлесіп жатыр ма деп ойлады. Сықылықтаған сияқты болды. Құлақ салып еді, қызы екен. Даусы қарлығып, еңкілдеп жылап, бірдеңе айтып отыр. Тағы да ағасы ма екен деп, ернін тістеледі. Шақар туралы айтып отырған секілді.
– Мама, білесің бе, ол қыздың кім екенін?
– Жұрт айта береді, өздері бақытты болса болды емес пе, құдай шашын байлап қойған шығар. Бақытты болсын деп, ағаңа жаның ашымай ма, қашанғы жүреді көрінгенге көзін сүзіп…
– Мама, мен естіген жоқпын, өзім көрдім. Жезөкше ол, үйдің жанындағы стоянкадағы камазистерге келетін. Білмейсің сен, туалеттің ішінде біреумен жабысып қалған жерінен, скорыйды өзім шақырғанмын, мама…
Шыдай алмай булығып жылап жіберді. Ары қарай тыңдауға шалдың дәті жетпеді.
– Астағыпыралла, мал құлағы саңырау, мал құлағы саңырау. Бауырың езілгір, Шақар, бауырымды ездің ғой…
Баласының аяқ астынан үйленемін дегенінен бекер секемденбепті. Қойнына салғаны нағыз салдақының өзі болып шықты. Талай көңілі қалса да, өзінен туған бала болғасын жамандыққа қимай келіп еді. Естігеннен кейін түңіліп кетті. Өзі де итжанды екен, жүрегім тоқтап қалар деп, аһ ұрып еді, шымшығаны болмаса, дүрсілдеп әрі соға берді…
***
Бұл кәрілікті қойсаңшы, жасы ұлғайған сайын туған жерін сағынатын болып жүр. Балалығы өткен ескі там, ата мен әженің алақаны. Әкесінің тер исі сіңген күпісі, шешесінің жылы сүт құйып бергені де көз алдынан жиі өтеді. Тағдырдың жазуымен туған топырақтан жырақтап кеткеніне де көп болды. Немере ағасы қызметке іліккесін, бұны да қасына алып біраз сүйреді. Қандай қызмет берсе де, қанға біткен бірбеткейлік пен өрлігінің арқасында талай жұмыстың басын қайырғанымен, шатақ мінезінің кесірінен көп тұрақтай алмады. Бір-екі рет маңайындағылармен келіспей жанжалдасқасын, ағасы да көңілі қалып, алыстай бастаған. Ақыры болмағасын заготконторға жабдықтаушы қылып орналастырды. Буда-буда ақша ұстап, бума-бума шай-темекісі бар қызмет кімді болса да мас қылмай қоймас еді. Бұл да кеудесіне нан пісіп, серілік ғұмырға түсті. Күн демей, түн демей еркін жүрді. Бала тәрбиесінен шет қалғаны да содан.
“Қаусаған қасіретті қара шалмын, бұл күнде қара шалмен санасар кім…” Алтынбек екен. Концерт жүріп жатыр. Көзіне жас келді. Үзілейін деп тұрған қос тамшыны жасырып, көкірегіне тығылған өксікті білдірмейін деп теріс айнала берді.
– Кино көрейік.
Жиен пультті алып, басқа арнаға ауыстырды. Шетелдің киносы жүріп жатыр екен. Үш-төрт жыл болды, таусылмайтын бір пәле, бітпейтін махаббат.
– Бұл орыстың тілі ғана емес, болмысы да жұқпалы екен ғой. Өзіңді ақтау үшін. Тыйым жоқ. Ұят жоқ. Әкесінің жағасына жармасу, үлкенді сыйламау, өзінікін дұрыс санау, орыстың тілінен қорқушы едік, енді мына батыс дегенің келді. Мынаны көрген ұрпақ не болады. Жас түгіл кәрінің өзі осыларға аузының суы құрып қарайды.
Кемпірі ернін сылп еткізді. Бұл да отыра алмады. Екі ұмтылып тұрғасын, далаға беттеді. Ай туыпты.
– Ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа.
Қолын бір сілтеді. Несімен жарылқап еді..?
***
Бес жыл өтті. Бірінен соң бірі кете барған қос ұлдың қайғысы еңсесін езіп жіберген. Үлкені үйден безіп кетіп еді, денесін орманнан тауыпты, асылып тұрған жерінен. Саңырауқұлақ теріп жүргендер көріп хабарлапты. Еті ағып, адам танымастай болған. Мәйітханадағы мүрдені өзі барып көрді. Темір тісі мен білегіндегі иненің ұшымен салған суреттен ғана таныды. Кіші ұл арақтан кетті. Цирроз дейді, бауыры езіліп кеткен. Әке қарғысы оқ болып тиді екеуіне де. Өзін кінәлаудан танбайды. Сөзін қайтып алғанымен, тіріліп келер бала жоқ.
Қабырға жағалап далаға шыққан. Төмен түсуге шамасы жетпейді, табалдырықта отыр. Күн еңкейіп қалыпты.
“Несіне өлемін деп өкінемін, қайғыдан қарс айрылған көкірегім…” Ас үйдегі радиодан Алтынбектің даусы жетті құлағына. Күні-түні осы-ақ зарлай береді екен, үнің өшкір…
Ағаш арасынан сығалаған күннің сәулесі шыныдай болған екі көзде шағылысқанымен, жүзін тайдырған жоқ, қимылсыз отыр… Шалдың жаны күннің сәулесімен бірге аспанға ұшқан еді…
Қасым РАҚЫМЖАН.