Өңірімізде өткен «Жастар диалогы: Қазақстан – Ресей» атты халықаралық форум жас ұрпақтың игі бастамаларына қолдау көрсетіп, еріктілер қозғалысын одан әрі дамытуды көздеді. Облысымызға келген Ресейдің бір топ жастары диалогтық әріптестікті арттыру маңызды екенін айтты.
«Біз бұған дейін Қазақстан мен Ресей қоғамдық бірлестіктері арасында өзара ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойған болатынбыз. Мәселен, Ресей халықтарының жастар ассамблеясы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық жастар қозғалысымен ынтымақтастық туралы келісім жасасты. Осының нәтижесінде көптеген жұмыс атқарылды. Қазақстанда пандемия басталғанға дейін «Көшбасшы бол» форумы, онлайн форматта тағы да көптеген іс-шаралар өткізілді. Енді біз Қазақстанның белсенді жастарын Ресейде өтетін форумдарға шақырамыз», – дейді Ресей халықтарының жастар ассамблеясының үйлестірушісі Ермек Хапизов.
Делегаттардың сөзінше, жастардың бастамаларын қолдау және оларды дамыту екі елдің бәсекеге қабілетті болуы үшін маңызды. Омбы қалалық кеңесі жанындағы Жастар қоғамдық кеңесінің төрағасы Алексей Цвелой да осы идеяны қолдайды. «Біз Краснояр өлкесінің, Томск облысының парламенттерімен ынтымақтастық, өзара қарым-қатынас орнаттық. Жастардың жобаларын іске асыру үшін оларға заң тұрғысынан біраз көмек көрсетілді. Біз алдағы уақытта Петропавл жастарымен тәжірибе алмасуға әзірміз, – деді ол.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.