Туберкулез (құрт ауруы) ауа тамшылары арқылы жұғатын және aғзағa бактериялар түскенде дамитын созылмалы жұқпалы ауру.
Бұл дерттің ашық түріне шалдыққан адамның қақырығынан туберкулез таяқшасы бөлінеді. Ол жерге түскен кезде шаңмен араласады. Шаңды ауамен демалған адамның туберкулезді жұқтыруы мүмкін. Сондай-ақ адам туберкулезбен ауырған үй жануарының шикі сүтін ішкенде, етін шала пісіріп жегенде, ауру жануарға күтім жасау барысында дертке өзі де шалдығады.
Организмге туберкулез таяқшасының енуі ауруға себепші болғанымен, оның толық дамуы үшін жеткіліксіз. Адамдар туберкулезбен бұрын науқастанып, организмнің иммунитеті төмендегенде, дұрыс қоректенбегенде, әсіресе мал өнімдерінің ақуыздары, витаминдер тапшы болғанда, санитарлық-гигиеналық жағдайлар дұрыс сақталмағанда, сондай-ақ науқаспен ұзақ уақыт бойы араласқанда ауырады. Туберкулез көбінесе үш жасқа дейінгі балаларда пайда болады, өйткені оларда ауруға қарсы иммунитет әлі де нашар дамыған, сондай-ақ жасөспірімдерде жыныстық жетілу кезеңінде пайда болады. Туберкулез негізінен тұқым қуаламайды. Бірақ туберкулезбен ауыратын ата-ана дер кезінде емделмесе, аурудан қорғану ережелерін дұрыс сақтамаса, дертті баласына жұқтыруы мүмкін.
Дене қызуының көтерілуі, түнге қарай көп терлеу, ұйқының қашуы және тәбеттің нашарлауы туберкулездің басты белгілері болып саналады. Науқас жүдеп, ашуланшақ келеді, жұмысқа қабілеті төмендейді. Туберкулез таяқшалары түскен жердің тінінде кішкентай төмпешіктер пайда болады. Адам организмі сауыға бастаса мұндай төмпешіктер жойылып кетеді. Кейде бұл төмпешіктердің сырты ұстағанда қатты болады. Мұны некроз ошағы деп атайды. Адам организмі әлсіреп, некроз ошағына қолайлы жағдай туса, сол жерде каберна (қуыс) пайда болады. Осы қуыста туберкулез таяқшалары дамып, кеңірдек арқылы өкпенің басқа бөліктерін зақымдайды. Мұндай науқастардың қақырығында микобактериялар мол болып, қақырыққа қан араласуы, тіпті қан кетуі де мүмкін.
Туберкулез бактериялары сыртқы ортаға төзімділігімен ерекшеленеді. Алайда күннің тура түскен сәулелері 5 минут ішінде туберкулез қоздырғыштарын өлтіреді. Дерттің бұл түріне шалдыққандарға санаторийлерде емделу өте пайдалы. Сонымен қатар 1 пайыздық натрий гипохлориді қақырықты ерітіп, туберкулез таяқшасын тез жояды. Науқас пайдаланған қағаз беторамалдарды міндетті түрде өртеп жіберу керек, көрпелер мен жүннен жасалған заттарды желге қағып, күн көзіне кептіру залалсыздандырудың ең қарапайым әрі жақсы әдісі болып табылады.
Жандос ТАСТАНБЕК,
«Апаттар медициналық орталығының» фельдшері