«Қазақстан Республикасында мүгедектiгi және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы» Заңға сәйкес әлеуметтік төлемдерге Қазақстан азаматтарынан бөлек, елімізде тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар да құқылы.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы:
-балаларға (асырап алынған балаларын, өгей балаларын және өгей қыздарын қосқанда), қайтыс болған асыраушыдан бөлек, еңбекке жарамды туысы жоқ, он сегіз жасқа толмай мүгедек болып қалған ағалары, апа-сіңлілері мен немерелеріне, алимент алмайтын өгей балаларына;
-зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарға сәйкес зейнеткерлiк жасына жеткен әкесi, шешесi (оның iшiнде асырап алушылар), зайыбына, жұбайы;
-қайтыс болған асыраушысының 8 жасқа толмаған балаларын, iнiлерiн, қарындастарын немесе немерелерiн күтумен айналысса және жұмыс iстемейтiн болса, жасы мен еңбекке жарамдылығына қарамастан ата-аналардың немесе жұбайлардың бiреуi немесе атасы, әжесi, аға-iнiсi немесе апа-сiңлiсiне;
-зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарға сәйкес зейнеткерлiк жасына жеткен, заң бойынша асырауға мiндеттi адамдары болмаса және өмiр сүру үшiн басқа қаражат көздерi жоқ болса, атасы мен әжесiне тағайындалады.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақылар жәрдемақыға құқығы туындаған күннен, яғни адамның қайтыс болған күнінен бастап төленеді. Ал сот арқылы жетім баланы қамқорлығына алса, ол тұлғаға жәрдемақы сот шешімі өз күшіне енген күннен бастап төленеді.
Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны алуға құқығы бар адамдар жәрдемақыны алу үшін тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшесіне мынандай құжаттарды ұсыну арқылыөтініш береді:
-жеке басты куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің ықтиярхаты, Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейінгі қандас куәлігі) жеке басын сәйкестендіру үшін қажет);
-асыраушының қайтыс болуы туралы куәлік немесе адамды хабар-ошарсыз кетті деп (қайтыс болды) тану туралы соттың шешімі;
-асырауындағының қайтыс болған адаммен туыстық қатынасын растайтн (тууы туралы, некеге тұру, некені бұзу, әкелігін анықтау (аналығын) туралы куәлік).
Бар немесе жоқтығына қарай мынадай құжаттар ұсынылады:
-азаматтық хал актілерін тіркеу жөніндегі органдардың (егер туу туралы куәлікке әкесі туралы мәліметтер анасының мәлімдеуі бойынша енгізілсе) анықтамасы;
-егер он сегіз бен жиырма үш жас аралығындағы асырауындағы адамдар күндізгі оқу бөлімінің оқушылары болып табылса, оқу орнының анықтамасы (жыл сайын беріледі);
-қамқоршылық немесе қорғаншылық белгілеу туралы құжат;
-қаза тапқан (қайтыс болған) адамның әскери билеті немесе әскери қызмет өткергені туралы анықтамасы;
-әскери қызметшінің, ішкі істер органдары және Қазақстан Республикасының бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитеті қызметкерінің қазасы немесе өлімі қызметтік міндеттерін атқару немесе әскери қызметін өткеру кезінде жарақат алу, контузияға ұшырау, мертігу, ауру салдарынан болғанын растайтын құжат.
Сонымен қатар асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар тағайындау үшін өтінішті электрондық үкімет порталы – «eGov.kz» алуға болады.
2020 жылдың мамыр айынан бастап “Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау” мемлекеттік қызметті көрсету практивті форматта жүзеге асырылуда.
Кенжегүл ХАМЗИНА,
Еңбек, әлеуметік қорғау және көші-қон комитеті
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша
департаментінің бөлім басшысы.