«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨРІКТІ ӨЛЕҢ, КӨРНЕКТІ ОЙ ИЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Саналы ғұмырының 48 жылын облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінде өткізген өңірімізге белгілі ақын, журналист Болат Қожахметовтың  тырнақалды өлеңі 1961 жылы жарық көрген. Содан бері поэзия әлемімен бірге тыныстап, жүректен шыққан кәусар да сырлы жырларымен жырсүйер қауымды қуантып келеді. Бүгінде 75-тің төріне озған Болат ағамыздың қаламынан туған «Аспандағы арғымақтар», «Жыр борайды» «Өзім және өзгелер жайында»  жинақтары көркемдікке, өзіндік ізденіске толы.

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада Б. Қожахметовтың шығармашылығына арналған «Көрікті өлең, көрнекті ой иесі» атты әдеби кешті қазақ тіліндегі әдебиет бөлімінің жетекшісі Майра Әшімова жүргізіп отырды. Іс-шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен студенттер жерлесіміздің өмірімен, буырқанған жыр жолдарымен жақынырақ таныса алды.

Облыстық ішкі саясат басқармасының жауапты қызметкері Нұрсайын Шәріп  мерейтой иесіне өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамотасын салтанатты  түрде табыс етті. Құттықтау хатта «Сіз егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қарымды қаламымен өзіндік үлес қосып, Тәуелсіздігіміздің баянды болуына  бар күш-жігеріңізді жұмсаған абзал азаматтардың бірісіз. Поэзиялық жинақтарыңызбен, публицистикалық шығармаларыңызбен өзіңізді дарынды ақын ретінде танытып жүрсіз. Журналистика саласындағы ерен еңбегіңіз «Құрмет» орденімен және медальдармен бағаланды» деп жазылған.

Жиында сөз алған Қайрат Дүйсенбин, Самрат Құскенов, Аманжол Зағыпар, тағы басқалары ақынның шығармашылығы жайлы жылы лебіздерін білдіріп, табыс тіледі. Өлең жазуға мектеп қабырғасынан машықтанған Болат Қожахметов Алматы, Шымкент қалаларында өткен республикалық фестивальдарға қатысып, арқалы ақындардың батасын алған. Солардың бірі Ғафу Қайырбеков республикалық «Лениншіл жас» газетінің 1973 жылғы  21 ақпандағы санында жариялаған «Жас ақындар дауысы» мақаласында былай деп жазады: «Солтүстікқазақстандық Болат Қожахметов – түбінде өзгеше қолтаңбасы бар ақын болатындығын аңғартады. Оның өлеңдерінің форма, түрі де басқаша, образдарға бай, сөз серпіні тегеурінді, темпераментке құрылады. Азаматтық, әуенді жырларға бейім…». Студенттер  ақынның «Өрнек десе, Өрнек қой!», «Махаббат», тағы басқа өлеңдерін нақышына келтіре оқып берді. Қаламгер де сиясы кеппеген жыр шумақтарын жиналғандар назарына ұсынды.

  Өмір ЕСҚАЛИ,

 “Soltüstık Qazaqstan“.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp