«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«Нағыз батырлар, шынайы патриоттар» – шығармашылық толқынға арналған мәдени сынақ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1997 жылдың 18 қазанында Рухани келісім күні Қазақстанда үлкен іс-шара өтті. Бүкіл ел бойынша бір мезгілде 60 мың адам мерекелік үстел басына отырды. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясы отандық және шетелдік демеушілердің қолдауымен облыстар мен аудандарда ұйымдастырған қайырымдылық түскі ас еді. Біз 120 мың АҚШ долларынан астам қаражат жинай алдық. Әр үстелде дұға оқылып, ризашылық білдірілді, бата берілді. Іс-шара барлық  БАҚ-та  кеңінен жазылып-көрсетілді.

Ал 1997 жылдың 5 қарашасында еліміздің мемлекеттік рәміздерін Алматыдан Ақмолаға шығарып салу рәсімі өтті. Іс-шараға мәдениет және өнер қайраткерлері: Ермек Серкебаев, Роза Бағланова және басқалар, соның ішінде мен де шақырылдым. Рәсім аяқталғаннан кейін қабылдау болды. Нұрсұлтан Әбішұлы жиналғандарды аралап, әңгімелесіп жүріп, соңында маған тақап, рухани келісім күні үшін: «Төлеген, сен бізге өте керек, қажетті, тамаша іс-шара өткіздің. Саған рақмет!» деп алғысын білдірді.

Сол жылдың желтоқсан айында ол мені «Парасат» орденімен марапаттады. Ол кезде бұл орден сирек берілетін. Көп ұзамай мені елордаға әкімнің орынбасары қызметіне шақырды. Бұл оңай кезең емес еді, бірақ біз жоспарлы түрде жұмыс істеп, Тәуелсіздіктің символына айналған жас қалада шығармашылық ұжымдар құрдық.

Бірінші болып қазақ халық аспаптар оркестрі құрылды. Дайындық өткізетін залдар жоқ еді, сондықтан алғашқы дайындық «Страйк клуб» ғимаратында өтті. Оркестрдің репетициясына келгенімде клубтың тас-талқан боп қирап жатқанын көрдім, іші суық болғаны есімде. Орындықтар мен үстелдер болмады, музыканттар кірпішке отырып, ноталарды да солардың үстіне қойды. Дирижер сол жерде тұратын, оның бөлмесінің есігі көрпемен қымталып, жабылатын. Міне, алғашқы оркестр осындай жағдайда пайда болды.

1998 жылдың сәуір айында оркестрдің тұсаукесерін өткіздік, «Жастар» сарайында керемет концерт болды, өйткені Конгресс-холл ол кезде болмаған еді. Шығармашылық ұжым 80 музыканттан тұратын. Олар елордаға жүректерінің қалауымен келді, осында өздерін танытып, жеке тұлға бола алды. Мысалы, музыкант және хормейстер Ержан Дәуітов, дирижер Абзал Мұхитдинов және тағы басқалардың ерен еңбектерін айта аламын. Әр адам өз мүмкіндігінше жас Астанада мәдениетті дамыту үшін қолынан келгенін жасады.

Елордаға Астананың қалыптасуының бірінші жылында келген адамдарды нағыз патриоттар деп санаймын.

Астананы көшірудің маңызы аса зор болғаны белгілі. Кім не айтса да, бұл жаһандық және ешқашан қайталанбайтын оқиға болды. Ол елді дүр сілкіндірді, мыңдаған адамдардың, соның ішінде менің де тағдырымды өзгертті. Мен – композитор, шығармашылық адамымын, бірақ бұл жерде шенеунік болдым.

Ештеңе жоқ жерде Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театры құрылды. 1999 жылдың желтоқсан айында, Тәуелсіздік күніне орай, біз бірінші шығармашылық ұжыммен үкіметтік концерт қойдық.

Концерттен кейін маған Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков қоңырау шалып, Мемлекет басшысының опера және балет  театрын  құру  қажеттілігі  туралы  тапсырмасын жеткізді.

Шамасы, Нұрсұлтан Әбішұлы елорданың жас әртістерінің қолынан бұдан да көп нәрсе келетінін, басқаша айтқанда, өздері өздерінен асып түсетінін сезген болуы керек.

Мен мұны өзімнің берілген сынақ ретінде қабылдадым. Ештеңе де: жұмыс сахнасы, жабдықтар, тіпті балет әртістері де жоқ болатын. Мамыр айында Селезнев атындағы хореографиялық училищені Астанаға концерт қоюға шақырдық. Мен оларды Конгресс-холлда жинап алып, жаңа астанада жұмыс істеуге үгіттеп көндірдім! Түлектердің барлығы Астанаға келді. Балаларды бір жерге орналастыру керек болды. Олар үшін бір жатақхананы босатып, әр бөлмеге су құбыры кіргізілді. Мен олардың әрқайсысын бөлмелеріне орналастырып, кілттерді өз қолыммен тараттым.

7 айдан кейін, 2000 жылдың қазан айында, біз үш қойылыммен: Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы, Чайковскийдің «Аққу көлі» балеті және Вердидің «Травиата» операсымен театрды аштық. Премьерадан кейін мен жас өнерпаздарға барып, оларға: «Сіздерге тағзым етем! Жерге жеткенше басымды иемін! Сендер батырсыңдар!» – дедім. Олардың бұл қадамдарына да баға жетпейді. Бұл жап-жас, 18 жасар жігіттер мен қыздар ата-бауырынан, ұядай қолайлы үйлерінен Астанаға келіп, тамаша балет – әлемдегі ең үздік балеттердің бірін дүниеге әкелді. Осының бәрі Елбасының егемен Қазақстанның жаңа астанасын салу туралы тамаша шешімінің арқасында мүмкін болды.

Төлеген  МҰХАМЕДЖАНОВ

Мемлекет және қоғам қайраткері, композитор.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp