«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДАН КЕЛГЕН КЕРУЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұр-Сұлтан қаласында үстіміздегі жылғы тамыздың соңғы онкүндігінен бастап әр аптаның демалыс күндері еліміздің барлық өңірлеріндегі азық-түлік тауарларын өндірушілердің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтуде. Мұндай сауда-саттық елімізде азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында іске асырылып отыр.  Елорда тұрғындары тауар өнімдерін нарық бағасынан 15-20  пайызға арзанға сатып алу мүмкіндігіне ие болуда.  

Қазан айының 23-24 жұлдыздарында елорданың «Хан шатыр» сауда-көңіл көтеру орталығы кешенінің  маңында орналасқан сауда павильондарынан орын алған Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері өз өнімдерін елорда тұрғындарына ұсынды. Облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, бұл күндері Қызылжар өңірінің аудандары мен 110-ға жуық кәсіпорындары өздері өндірген және өңдеген ауыл шаруашылығы өнімдерінің бір жүзден астам түрін  елордадағы жәрмеңкеге жеткізген. Екі күн ішінде жәрмеңкеде алты жүз  тонна картоп пен көкөніс, бір жүз тонна ет және шұжық бұйымдары, әрқайсысы жиырма тонна сүт өнімдері және макарондар мен кондитерлік тағамдары, жиырма бес тонна ұн,   бір жүз мың дана тауық жұмыртқасы, он бес тонна балық пен жиырма тонна ара балы саудаға шығарылды.

Жәрмеңкенің алғашқы күнінен бастап біз қызған сауданың куәгері болдық. «Хан шатыр» сауда-көңіл көтеру орталығы кешенінің маңындағы алаңқайда көлік пен адам нөпірі көп болғандықтан олардың қозғалысын патрульдік полиция қызметкерлері реттеп тұрды.

– Мұндай жәрмеңкелерге  демалыс күндері келуге тырысамын, өйткені еліміздің әр өңірінен жеткізілген өнімдердің сапалары жоғары, баға да айтарлықтай төмен.  Жәрмеңкеден  мал етінен бастап кәмпитке дейін қалағаныңды аласың. Менің үш немерем бар. Бүгін соларға дүкен бағасынан арзанға көкөніс, сүт, айран сатып алдым,–дейді жәрмеңкеден сөмкесін толтырып алған елорда тұрғыны Тоқсанбай Тоқпанов.

Бірнеше қатарға тізілген павильондарда, жағалай орналасқан жүк көліктерінде тікелей сауда жүріп жатты. Қызылжар, Аққайың, Мағжан Жұмабаев аудандарынан елордаға ат арылтып келген сатушылар картоптың, сәбіздің килограмын 120 теңгеден, қырыққабатты 100 теңгеден саудалады. Қызылту ұн үгу кәсіпорнының өнімдерін тиеген жүк көлігінің қасында халықтың қарасы қалың болды. Бұл жерде 10 килограмдық ұн 1500 теңгеден, ал 30 килограмдығы 4000 теңгеден саудалануда. Жүк көлігіндегі ұн қаптарының азайып қалғанына қарағанда жерлестеріміздің саудасы ойдағыдай жүріп жатқанына көз жеткіздік.

Бұл жәрмеңкеде жылқы, сиыр және қой еттерінің саудасы қызып тұрды. Өйткені бірнеше жердегі сауда нүктелерінің қасында елорда тұрғындары қалағанынша еттерін сатып алып жатты. Біз сөзге тартқан Қызылжар ауданының тұрғыны Марат Баймұқанов  әкелген өнімінің лезде сатылып жатқанына ризашылық білдірді. «Біз ағамыз екеуіміз мал шаруашылығымен айналысамыз. Он қойдың етін әкеліп, килограмын 2100-2300 теңгеден саудалаудамыз. Үш қойдың етін небары екі сағаттың ішінде сатып жібердік», – дейді ол.

Аудандар мен облыс орталығынан жеткізілген жылқы етінің килограмы бір  мүшесіне, күйіне қарай 2400-2800, ал сиырдікі 1800-1900 теңгеден саудаланып жатты. Астананың базарларындағы еттің  бағасы  көпшіліктің қалтасы көтермейтіндей қымбаттап кеткенін айтып өткен жөн.

– Менің жұмыс бабымен Петропавл қаласынан елордаға көшіп келгеніме бес жылдың жүзі болды. Осы жылдары ішінде тек Қызылжар өңірінің шүйгін шөбіне семірген малдарының етін жеп жүрміз. Оның дәмі басқа өңірлердікіне еш ұқсамайды. Зайыбым да, балаларым да ұнатады. Қазақта «күздік» деген ұғым бар ғой. Соғымға дейін досым екеуіміз бір ұша сиыр етін бөліп сатып алып жатырмыз, – дейді мемлекеттік қызметші Абзал Құрманғожин.

Сауда павильондарының бір бұрышында кезекте тұрған ондаған адамның жанына жақындап, соңындағы әйелден қандай тағам сатылып жатқанын сұрадық. «Мен жақсы көретін Булаевтың майы ғой», – деді ол. Шынында да, Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы  Булаево қаласындағы «Пальчик В.И.» жеке кәсіпкерлігінде өндірілетін сары май астана тұрғындарына кеңінен таныс және жоғары сұранысқа ие. «Біздің кәсіпорынның құрылғанына жиырма жылға жуық уақыт өтті. Осы жылдар ішінде тұтынушылар талғамынан шығу жолында еңбек етудеміз. Сары майдың 200 грамдық қорапшасын 600 теңгеден, ірімшіктің килограмын 1200 теңгеден саудалап жатырмыз. Өзіңіз көріп тұрғандай елордалықтар біздің өнімдерімізді сапалы болғандықтан жақсы сатып алады. Астанадағы азық-түлік дүкендеріне өз өнімімізді жүйелі түрде жеткізіп тұрамыз», – деді кәсіпорынның өкілі Мария Павлова.

Екі күнге созылған жәрмеңке барысында елорданың тұрғындары Қызылжар өңірінде өсірілген экологиялық таза әрі сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алып, жерлестерімізге алғыс айтып тарасты.

Зарап ҚҰСАЙЫНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Нұр-Сұлтан қаласы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp