«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГЕМЕНДІКПЕН БІРГЕ ЕҢСЕ ТІКТЕГЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығындағы Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның  бой көтергеніне биыл ширек ғасыр толды.  Шаhардағы тұңғыш қазақтілді білім шаңырағын әу баста қазіргі Нұрсұлтан Назарбаев пен К.Либкнехт көшелері  қиылысы аумағында салу жоспарланған. Алайда қалалық атқару комитетінің  шешіміне облыстық «Қазақ тілі» қоғамының белсенділері мен Ақсақалдар алқасының мүшелері қарсы шықты.

 Бастапқыда 640 орынды мектеп салу жобаланып, алайда қаржылық салмақ жергілікті қазынаға түсетін болғандықтан, қала билігі 320 орынмен шектелуді жөн көрген. Тіл жанашырлары бұл шешіммен де келіспей, онда  ұлттық нақыштағы элементтермен толықтырылсын деген ымыралы ұсынысты күрделі құрылыс бөлімінің бастығы Владимир  Манаенков қуана қолдаған. «Севгражданпроект» мемлекеттік жобалау  институтының бас инженері Екатерина Сейфуллина  аяқасты өзгеріске түсіністікпен қарап, істі аяғына дейін жеткізуді тәжірибелі жобалаушы С. Ғаббасовқа жүктеп, ол бұл тапсырманы тап-тұйнақтай орындап шықты.

1996 жылы 25 қазанда қаладағы алғашқы қазақтілді мектеп өз есігін айқара ашып, күміс қоңырау үні сыңғырлай соғылғанда орыс мектебінің бір қанатында жаңа оқу жылын бастауға мәжбүр болған қазақ сыныптары оқушыларының осынау ақ түйенің қарны жарылған ақжарылқап күнді  балғын көңілмен қалай қуана қарсы алғанын тілмен жеткізу қиын. Олардың бағына қарай гимназия директорлығына тәжірибелі басшы, білікті маман Жангелді Тәжин тағайындалып, алғашқы сәттен бастап ұйымдастырушылық зор қарым-қабілетімен таныла білді.  Ол жетекшілік еткен 13 жылда  ұлттық мүддені ту еткен ұжым жоқтан бар жасады десек, артық айтқандық болмас. Материалдық-техникалық базаның жетімсіздігі, әсіресе оқулық құралдары мен кадрлардың тапшылығы біраз қолбайлау туғызса да, аз уақыттың ішінде облыс  аумағында  атына заты сай толыққанды гимназия  дәрежесіне  көтеріліп,  ұлттық дүниетанымды, жеке  тұлғаны қалыптастыру бағытындағы бағдарламалар мен тұжырымдамалар өз нәтижелерін бере бастады. Пәндер бойынша кабинеттер құрылып, саз студиясы үлкен мақтанышқа айналды. «ХХІ ғасырдың көшбасшысы», «Дебат», «Ақыл-ой Одиссейі», «Қазақша  көңілділер мен тапқырлар клубы», тағы басқа да тағылым мен өнегеге толы  бастамалар бүршік жарды. Жангелді Уақпанұлының еселі, жанкешті еңбек жолын Гүлдарай Қайнетова білім ордасының мәртебесі мен классикалық атына сай лайықты жалғастырды. Оның жетекшілігімен бірегей ақпараттық жүйе жаңашылдық сипатқа ие болды. Гимназияның сайты, оқушылардың электрондық күнделігі іске қосылды. Этномәдени және полимәдени білім беру арқылы қазақстандық патриотизмді насихаттаудың бірегей әдістері жүйеленді.

   2013 жылдан  басқару тізгінін қолға алған Күлтай Мұқанованың тұсында гимназия заман талабына сай дамып,  жалпы  білім берудің  озық тәжірибелері қалыптасты. Мұнда білімді бақылау мен бағалаудың бірыңғай инновациялық әдістері жүзеге асырылуда. Осы жылдары оқушының білім стандартын қандай дәрежеде меңгергендігінің, мұғалімнің білім берудегі кәсіптік шеберлік деңгейінің, мектепке де, ата-анаға да тәуелсіз, білімді сырттай бақылап, бағалаудың мемлекеттік ұлттық бірыңғай тестілеу моделі зерделенді. Инновациялы мектептердің алдыңғы қатарында болғандықтан,п едагогтар өздерінің шәкірттері үшін рухани, интеллектуалдық, эстетикалық және дене тұлғасы дамыған ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған тиімді білім беруді басты мақсат санайды. Соның нақты дәлелі,  қала мектептері арасында өткізілген «Үздік білім беру ошағы – 2014 жыл», «Үздік білім беру ошағы – 2019 жыл» байқауларының жеңімпазы атанды. Бұл сайыстар оқытудағы ақпараттық-коммуникативтік технологиялар, сапалы білімнің қолжетімділігі, оқу үдерісінің кадрлық қамтамсыз етілуі, білім беру ұйымының материалды-техникалық базасы, оқытудағы жоғары рейтингтік көрсеткіштер, білім берудің сапасын басқару, инклюзивті білім алуға жағдай тудыру, білім сапасын сырттай және іштей бағалау нәтижелері секілді параметрлерге негізделген. «Smart-мектептер» жобасы енгізіліп,  оқушылар қолжетімділік пен тәртіпті бақылау үшін арнайы электрондық карточкамен қамтылды. Мұғалімдер 2019-2020 оқу жылы 4 авторлық бағдарлама жазып шықты. Бірқатары  қолданбалы курстарда, факультатив үйірмелерінде оқытылып жүр. Тарих пәнінің мұғалімі А. Некібаева «Үздік педагог-2016» байқауында республикалық кезеңнің жеңімпазы ретінде арнайы сыйақы иегері атанды. «Үздік педагог – 2020» жүлдегері,  биология пәні мұғалімі К.Балабекова облыс әкімінің сыйақысына ие болды. Республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауына қатысқан  қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің  мұғалімі Н. Исимбаева  бас жүлдені жеңіп алды.

Бүгінде  классикалық  гимназияда 489 оқушы білім алуда, оларға 59 ұстаз сабақ береді. 720 оқушы гимназияны аяқтап, үлкен өмірге аттанды. Олардың 25-і «Алтын белгімен»,  35-і  ерекше үлгідегі аттестатпен бітіріп, таңдаған мамандықтарына сәйкес әр салада жемісті еңбек етіп жүр. Биылғы түлектердің 80 пайызы грантпен жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түссе,  жалпы білім беру  сапасы  83 пайыз болды. Бұл – 25 жылдық  ғұмырнамасы бар білім ордасы  үшін – жақсы көрсеткіш.

  Өмір ЕСҚАЛИ,

  «Soltüstіk Qazaqstan».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp