Ел Тәуелсіздігімен бірге жасасып келе жатқан Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның орны мен үшін бөлек. Сол кездердегі қиындықтардың өзін ерекше тебіреніспен, сағынышпен еске аламын. Алыстан көз тартатын ерекше ғимарат ұлт жанашырларының белсенді қозғалысы, жұртшылықтың қолдауы арқасында салынғанын қазіргі жастар біле бермеуі мүмкін.
Сол кезде енді ғана отау тігіп жатқан «Қазақ тілі» қоғамының маңайына топтасып, ана тіліміздің босағадағы басын төрге оздыруды басты мұрат тұтқан, осы бағытта бел шеше күрескен азаматтардың, тіл жанашырларының тыңнан соқпақ салғандай батыл іс-әрекеттері ауыз толтырып айтарлық үлкен ерлікке пара-пар екені талассыз шындық. Оның басы-қасында Ніл Болатбаев, Мәжкен Ғаббасов, Жақсылық Ысқақов, Қосыл Омаров, Қарақан Сейітов, Газет Әбішев, Қайырбек Оразов сияқты ел ағалары, Амангелді Сәулебаев, Қайырбек Ғалеев, Сабыр Сеңкібаев, Сағынтай Ізгуддин, Жақсыбай Самрат, Сұлушаш Жанболатова секілді ұл-қыздар жүрді. Қанатымен су себелеген қарлығаш құсап қарымды қалам иелері – қайратты да ұлтжанды журналистер қауымы ерекше рөл атқарғанын, олардың қатарында Мәлік Мұқанов, Амандық Әбжанов, Жарасбай Сүлейменов, Зейнолла Әкімжанов, Қошан Қалиев, Өмір Есқалидың есімдерін мақтанышпен айта аламыз. Бәлкім, осындай айбынды топ елден ерек үлкен белсенділік танытпағанда, тиісті орындарға қайта-қайта сұрау салып, шырылдаған шындықты жария етпегенде өңір үшін өте өзекті мәселе ескерусіз қалуы әбден мүмкін-ау деген ой да келеді. Осының өзінен-ақ білім ошағының қандай қиындықпен тұрғызылғанын шамалауға болады.
Ауылдан келген маған осындай киелі шаңырақта қызмет ету бақыты бұйырды. Жарты күн сабақ беріп, түс ауа жолға шығып, ауыл-ауылдарды аралап, оқулықтар, жиhаздар іздеп сабылатынбыз. «Жоғымызды» тауып, орнын толтырсақ, балаша шаттанатынбыз. Шаршағанымыз лезде ұмытылатын. 320 орынға лайықталған гимназияда оқуға ниет білдіргендердің қатарының артқаны соншалық, басшылық сынып таппай, қайда сыйғызарын білмейтін. Мұның өзі балаларын ана тілінде оқытуға ден қоя бастаған ата-аналардың ұлттық құндылықтарға, халықтық тәрбиеге жаппай бет бұруының тамаша көрінісі екені кәміл.
Ғалия ӨМІРБЕКОВА,
ардагер ұстаз.