Нұр-Сұлтан қаласында тұңғыш рет шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі министрінің кубогы өтті. Жарыс ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, жерлес құтқарушылар жеңімпаз атанды.
Турнир басталмас бұрын еліміздің төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Юрий Ильин қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
– Спорт – денсаулық кепілі. Әсіресе мұны құтқарушылар жақсы біледі. Олар күн сайын жандарын шүберекке түйе жүріп, апат орын алған жерлерден табылып жатады. Кәсіби шеберліктерін қызметкерлеріміз мұз айдынында да пайдалана алады деген сенімдемін, – деді Юрий Ильин.
Кубокта өңіріміздің намысын екі бірдей команда қорғады. Олар облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті мен мамандандырылған күзет қызметі басқармасы. Қызылжарлықтарға Нұр-Сұлтан қаласының және Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті қызметкерлері қарсылас атанды. Жарыс хоккей додасының шарты бойынша өтті. Осылайша әр қарсылас бір-бірімен ойнауға мүмкіндік алды.
Сайыстың қорытындысында, қызылжарлық құтқарушылар алдарына жан салмай, алтын медальдарды еншіледі. Екінші орын – облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасына бұйырса, елордалық команда қола жүлдегер атанды. Турнир жеңімпазы кубокпен марапатталып, барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы.