«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІ – ҚАЗАҚТЫҢ ЖАНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Еліміздің негізгі нышандарының бірі қазақ тілі екені Ата Заңымызға өткен ғасырдың 90-жылдарындағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Содан бергі аралықта ана тіліміздің тынысы  кеңейіп, мемлекеттік мәртебесі  көтерілді. Ұлттық мектептер мен балабақшалардың саны көбейді. Мемлекеттік тілді меңгерген қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері мен кепілдіктері қалыптасып, жан-жақты дамуына мүмкіндіктер жасалып келеді. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010, 2011-2019 және 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары қабылданып, нақты іс-шаралар айқындалды.

Әлеуметтік және талдамалы зерттеу сарапшылары алдағы он жылда қазақ тілі барлық салаларда басымдыққа ие болатыны жайлы болжам айтады. Ал қоғамдағы нақты жағдай қалай, мемлекеттік тілде сөйлейтін тілдік орта қалыптасты ма,  ғылым-білім тіліне айналды ма, ресми ортада қолданылу үдерісі қандай дәрежеде деген сауалдар төңірегінде  ой қозғайтын болсақ, шешімі табылмаған түйткілді мәселелердің аз емесін, ресми түрде қазақ тілімен  қатар қолданылатын орыс тілінің рөлі басым екенін аңғарамыз. Өкінішке  қарай, теріскей өңірлерде қазақ тілінің босағадағы басы әлі төрге шыға қойған жоқ. Тілдік орта қалыптасты, қолданылу сапасы жақсарды дегенге сенгің келмейді. Бұл кері үдеріске тосқауыл қойылмаса, барымыздан айрылып қалуымыз ғажап емес. Белгілі ғалым Ф.Филин әдеби тілдің тұжырымдамасын айқындайтын жеті белгіні атап көрсетеді. Олардың алғашқысы – тілдің өңделімі. Қазақ тілі туралы арнайы заңның болмауынан ол  өзге тілдің жүйесін негіз етуге мәжбүр. Сол себепті қазақ тіліндегі ресми сөз орамдары түсініксіз, жалаң аударманың талаптарына ғана жауап беретін жұтаң тіл ретінде қолданылып жүр. Бұдан туатын қорытынды, қазақ тілінің ресми қолданылу саласы дамымаса, ол аудармалық статистика ретінде қала береді. Екіншісі, тіл қағидасының қалпы. Қазақ тілінің Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған ережелерінен айрылып қалдық. Грамматикалық ережелер тұрақсыз, екіұшты және қайшылықты. Қазақ тілінің өзіне тән ішкі  әлеуетінен туындамаған, өзге тілдің заңдылығына бағынған қағидалар қазақ тілінің жүйесін бұзып, тілдің табиғатына қайшы ережелер қаптап кетті. Оны жазба және ауызекі тілдің қолданылу аясынан да анық аңғарамыз. (Үміт беретін жайт, қазақ жазуының латын қарпіне көшірілуі. Себебі, тіл мамандарының тұжырымынша, латын қарпінде жазу арқылы қазақ тілі өзінің табиғи тұнық қалпына оралады. Яғни, айтылым мен жазылымда қазақи дыбыстау түрі қолданылады.) Үшінші белгі – тілдің тұрақтылығы. Қазіргі таңда қазақ тілінің лексикалық бірліктері біржақты мәнге ие емес. Қазақы ортада бұл құбылысты тіл байлығының көрінісі деген жаңсақ пікір қалыптасқан (әдеби тіл мен диалектілер орнымен қолданылмайды). Сондықтан қаптаған сөздерді нақты ұғымға айналдырып,  іріктеп алуда кемшіліктер көп. Төртіншісі – тіл стилінің салалануы. Тілдің стилдік дамуы салалық терминдердің қалыптасуына тікелей қатысты. Қоғамның экономика, іс жүргізу, ғылым мен техника салаларына тән әдебиеттік ресми стилдер толық қалыптаспаған. Әлеуметтік-саяси және рухани салаларға да бұрынғыша кездейсоқ сипаттағы қолданыс тән. Мемлекеттік терминология комиссиясы мамандарының жаңа терминдерді қазақ тілінің теориялық жүйесіне сәйкес орнықтырудың орнына ғылыми сараптамадан өтпеген жасанды, тіл табиғатына жат сөздерді мәжбүрлеп заңдастыруы қынжылтады. Бесіншісі – тілдің әмбебаптығы. Қазақ тілінің салалық дамымау салдары оның әмбебаптық қолданылуына аз нұқсан келтірмейді. Осыдан барып тілдің қызмет етуі тоқырауға  ұшырайды. Салдарынан қазақ тілі дербес лингвистикалық жүйеге емес, орыс тілінің аударма нұсқасына айналады. Алтыншы белгі – тілдің қоғамға ортақ міндеттілігі. Бүгінгі күнге дейін қоғамның барлық мүшелері үшін қазақ тілін білу міндеттелмеген. Мемлекетті басқарушы тұлғалар мен қызметкерлерге де талап ретінде қойылмайды. Сондықтан қазақ тілін білудің қоғамға ортақ міндеттілігі болмауынан мемлекеттік тіл отбасы мен тұрмыстық деңгейден әрі аса алмайды. Айталық, білім беру орыс тілінде жүргізілетін мектепті бітіруші түлек он бір жыл қазақ тілі мен әдебиетін қазақ тілінде оқып, университет қабырғасына келгенде қазақ тілінің бірлі-жарым сөздерінен басқа ештеңе білмеуінен қайтадан әліпбиден бастайтынын көріп жүрміз. Мұндай көзбояушылыққа мектеп басшылығы мен мұғалімдер кінәлі. Жетінші мәселе – тілдің ауызекі және жазба үлгілері. Қазақ тілі ауызекі де, жазбаша да еркін қолданыла береді. Алайда қазіргі қазақ тілі бірізге түсірілмегендіктен, өңірлік сипаттағы лексикалық айналым тілдің бұрыннан қалыптасқан ауызекі және жазбаша ресми стилдерін дамытуға кедергі келтіріп жүр. Сонымен қатар қазақ тілі дербес ақпарат беру тілі емес, аудармалық деңгейден аса алмағандықтан,  ресми тіл ретінде орнығуы күрделі жағдайда тұр.

Қазақ тілінің саяси дамуы, халықтың тілдік құқығын қорғау бастамасы, көркем әдебиет пен іс қағаздары тілін қалыптастыру жұмыстары жиырмасыншы ғасырдың басында Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт зиялыларының ерен еңбектерінен бастау алған. Өткен ғасырларда қазақ тіліне көрсетілген қысымды халықтың бодандықта болуымен түсіндірсек, бүгінгі тәуелсіздік жағдайындағы мемлекеттік тіл ахуалындағы жедел түзетілуі қажет олқылықтардың орын алуына кінәлі – өзіміз! Мемлекет тарапынан, жоғарыда көрсетілген бағдарламалардан басқа да іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде 2025 жылы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар 95 пайызды құрайтын болады деген үміт ақталмайтын сыңайлы. Өйткені көз көріп, құлақпен естіп жүрген қоғамдағы ахуал басқаша. Қоғаммен бірге өмір сүріп жатқан кез келген адам қазақ тілінің жоғары сұранысқа ие еместігін кәдуілгі істей қабылдайды. Мұндай немқұрайдылық – ұлттық тілдің құндылығын жоғалтудағы ең үлкен кесел. Қоғам ана тілім – қазақ тілім деп айтудан жалықпағанмен, мемлекеттік тілді білмейтін, сөйлеуге шорқақ азаматтар жетіп артылады. Бұл жағдайда, әсіресе биліктегі қызметкерлердің қазақша сөйлеуге міндеттейтін заңның барын ескермейтіндері қынжылтады. Орыс тілінің басымдығы сөз етілгенде бұрынғы кеңес үкіметінің ықпалы жайлы сылтау айтып ақталады. Ол дәуірдің келмеске кетіп, егемен елде тұрып жатқанымыз, тілді үйренем деушілерге мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп жатқанын түсінгілері келмейді. Қазақ тілі қолдану аясының аздығы оның үйретілу сапасынан емес, сұраныстың аздығынан, тиісті дәрежеде қажеттіліктің болмауынан, оны білуге қойылатын талаптардың әлсіздігінен деп ойлаймыз. Айталық, адамдар ақпарат іздеу кезінде қазақ тіліне қарағанда, орыс тілінде мол ақпараттар кездесетінін айтады. Бұл – шындық. Ал аудармаларын тұтынайын десек, орыс тіліндегі нұсқасымен салыстырғанда түсініксіз деседі. Қала ішіндегі мекеме атаулары, жарнамалар, танымдық баннерлер аудармалары қисынға келмей тұратынына  көзіміз үйреніп кеткен. Осындай жазбалардың дұрыс болуын қадағалайтын мемлекеттік ұйымдар өз жұмысына неге немқұрайдылық танытады, қазақ тілінің жазбаша және ауызша  нормалары неге сақталмайды, не себепті мәтінде алдымен орыс тілінде жазып, содан соң қазақ тіліне аударамыз деген сұрақтар туындайды.

Ойымызды қорытындылай келіп, Президентіміздің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласынан мынандай үзінді келтіргенді жөн көрдік: «Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын  Үкіметке де байланысты». Біздің мақсатымыз – қазақ тілінің бүгінгі ахуалының теріскей жақтарда күрделі екендігіне қоғамның назарын аудару. Мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің қолданыс аясы көбіне қағаз жүзінде орындалып жатқандай көрінеді. Сондықтан мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларды тиімді пайдалана отырып, «сұлулығымен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан дүниеңді жандырып, құрақ құрышын қандыратын, өткірлігімен  қысылтаяң тұста ер мен елге бірдей медет беріп, адам түгіл жағдайдың өзінің аузына құм құятын ғажайып кемел тілдің» мемлекеттік мәртебесін көтеруге әрқайсысымыз азаматтық жанашырлық танытайық!

Данагүл ҚУАНДЫҚОВА,

 М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дің

доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp