«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауылдан жұмыс та, кәсіп те табылады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

     

Бүгінде ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауындағы барлық бастамалар осыған бағытталған.

Тарихи құжатта  өңірлік саясатты жетілдіруге айрықша басымдық берілді. «Халық үніне  құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты  мемлекеттік аппарат адамдар мүддесіне жұмыс істеу тиістілігі екені  атап көрсетілді. Бұл талап бірінші кезекте жергілікті билікке қарата айтылды. Тәжірибеге сүйенсек, тұрғындармен тікелей байланыс жасап, проблемаларын шешумен барлық деңгейдегі әкімдіктер айналысады. Мұның өзі олардың  халық алдындағы жауаптылық деңгейінің жоғары екенін көрсетсе керек. Осыған орай Ұлттық даму жоспары аясында азаматтардың тұрмыс  сапасын нығайтудың 25 міндеті айқындалып,  әлеуметтік-экономикалық дамудағы теңсіздікті азайтуға ерекше мән берілді. Оның басты тәсілінің бірі – бюджет қаржысын басымдыққа сай жұмсау. Бұдан бөлек, бюджет үдерістерін жеңілдетіп, бюрократияны барынша азайту, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауапкершілігін арттыра отырып, бөлшектенген бюджетті енгізу ұсыныстары жергілікті әкімдіктердің қаржылық  дербестігін кеңейтуге  мүмкіндік берері сөзсіз. Ең қуантатыны, 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративті табыс салығының жергілікті бюджетке берілуі. Содан бері экономикалық белсенділік пайда болып, бюджет түсімі арта бастады. Бұл  әкімдіктердің  бизнесті дамытуға белсене араласып,  салықтық базаны молайтуға  деген құлшынысын оятты. Жамбыл ауылдық округі  Суаткөл және Жамбыл ауылдық округтерін біріктіру арқылы құрылған. Аумағы – 64325 гектар, тұрғындар  саны – 508 ғана. Табиғи ресурстарымызға келсек, көлдердің саны – 216 орман алқабы – 4706 гектар. Округ Амангелді, Суаткөл, Есперлі, Қарағаш, Жамбыл секілді шағын елді мекендерді біріктіріп, облыс орталығынан 200, аудан орталығынан 60  шақырым қашықтықта орналасқандықтан, әлеуметтік проблемалар аз кездеспейді. Былтыр тұрғындар 8 адамға кеміді. Сондықтан «адамдар –инфрақұрылымға»  ұстанымының сақталуында  жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту маңызды рөл атқарары даусыз.  Биыл округ бюджеті 38 млн.  719,2 мың  теңгені құрап,  аппаратты ұстауға 19  млн. 910 мың теңге бағыттау белгіленді. Мүлік салығынан – 35527, жер салығынан – 7517, көлік салығынан  561950 теңге жиналды. Аудандық қазынадан берілетін қомақты трансферттер есебінен өміршең жобалар жүзеге асырылды. Есіл топтық су құбырынан Жамбыл, Суаткөл, Есперлі ауылдарына тіршілік нәрі жеткізілді. Амангелді ауылында жергілікті су тарату пункті бар. Қарағаштықтар суды Жамбыл ауылынан  тасиды. Жамбыл, Есперлі ауылдарының су құбыры желісін санация әдісімен қайта құру үшін су тарату желісінің схемасы жасалып,  құрылыс сәулет, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жіберілді. Константин Першин жетекшілік ететін жеке кәсіпкерлігімен жасасқан шартқа сәйкес Жамбыл ауылында бейнебақылау жүйесі орнатылды. Көшелерді  жарықтандыруға 5 млн. 184 мың теңге бөлінді. “Айыртау жарық” ЖШС-і Қарағаш, Жамбыл ауылдарында  ағымдық жөндеу жұмыстарын жүргізді. “Жамбыл Ақжол” ЖШС-і  Есперлі ауылында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын орынды қалпына келтірді. “Алисарай ” ЖШС-і кентішілік жолдарды профильдеу бойынша қыруар жұмыстар атқарды. Сымсыз желі жабдықтарын сатып алуға “Спецснабкомплект-Т” ЖШС-мен  шарт жасалып, Қарағаш, Жамбыл ауылдарына қойылды. Таратқыш антенналар Жамбыл ауылында орналасты. “№17 құрылыс тресі” ұйымының филиалы кентішілік жолдарды жөндеуді мерзімінде атқарып шықты.

    Еңбек нарығында тұрғындарды әлеуметтік қорғау, жұмыспен қолдау шаралары  олардың көңіл күйіне,  табыстарының молаюына айтарлықтай  ықпал етері анық. Оның ішінде аз қамтылған отбасылар мен қарттарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Биыл 7 адам жұмысқа орналастырылды. Ақылы қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылды. Аумақты дамыту бағдарламасы аясында елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазарту істеріне  13 адам тартылды. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету және 18 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақы төлеу бойынша учаскелік комиссия құрылып, 11 мүшесі бар 2 отбасыға көмек  көрсетілді. Азық-түлік себеттері таратылды. Бес зейнеткерге әлеуметтiк қызметкерлер бекiтiлді. “Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” аясында кәсіби даярлау курстарына 7 адам жіберілді. Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, шәкіртақы,  баспана жалдап тұруға материалдық көмек берілді. “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еңбек күші артық өңірлерден келген  отбасыларды қоныстандыру үшін  10 үй салынды.  Тағы 7 баспананың құрылысы жүргізілуде.

    Президент өз Жолдауында ауыл экономикасын индустриялық-технологиялық бағытта дамыту қажеттігін айтқан болатын. Ол  еңбек өнімділігін жоғарылату, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын жүктейді. Ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің  негізгі табыс көзі – мал мен астық. Көзін таба білгенге  агроөнеркәсіптік кешен саласының  әлеуеті зор. Биылғы ауа райының қолайсыздығы бірқатар түйткілді мәселелерді алға тартып, алдын ала назар аударып отыру қажеттігін аңғартты. Округ аумағында 3 ЖШС, 12 шаруашылық, 2 фермерлік қожалық егіншілікпен және мал өсірумен айналысады. «Атамекен-Агро» серіктестігі Қарағаш ауылында асылтұқымды репродуктор ашты. Онда 750 бас абердин ангус ірі қара малы бағылады. 15 тұрғын жұмысқа орналасты.  Биыл «Алисарай» ЖШС-і тауарлы-сүт фермасын салуды бастап, 5 гектар жер учаскесі бөлініп берілді. 600 бас сауын сиырға лайықталған жобаның құны –1, 82 млрд. теңге, жылдық  қуаттылығы –3,1 мың тонна. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. «Бексұлтан» шаруа қожалығы  «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша элиталы тұқым сатып алуға жеңілдікті несие алды.  Мұның бәрі ауылдық жерлердегі  әлеуметтік белсенділікке тың серпін береді. Адамдардың  келешекке деген берік сенімін ұялатып, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға, табыс көзін табуға  құлшындырады.

   Түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімділігі  жергілікті билік өкілдерінің осы үдеріске белсенді түрде қатысуына көп байланысты. Жолдауда атап өтілгендей,  қылмыспен күрес мәселелері әр кез басты назарда болу керек. Округ аппараты  учаскелік инспектормен бірлесіп,  қоғамдық кеңестің төрт отырысын өткізді. Оларда  қолайсыз отбасылармен профилактикалық жұмыстар жүргізу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың жолын кесу мәселелері қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Тұтастай алғанда, қылмыс деңгейінің өсуі байқалмағанымен, жекелеген жағымсыз әрекеттер ұшырасып қалады. Абаттандыру ережелерін  сақтамағаны үшін 10 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Малдарын қараусыз қалдырғандарға 9 хаттама толтырылды. Қоғамдық орындарды ластаған  5 адамға, түнгі тыныштықты бұзған 3 адамға, алкогольдік ішімдіктер ішкені және қоғамдық орындарға мас күйінде келген 15 адамға әкімшілік шара көрсетілді.

Қазіргі заманда  бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – цифрландыру. Бұл саладағы қызметтер үрдісі елді мекендерге де кеңінен ене бастады.  Жамбыл ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында «Электрондық үкімет» порталы арқылы «Электрондық мемлекеттік қызметке азаматтардың кіруіне арналған Egov бұрышы» орналасқан.  Онда 72 электрондық мемлекеттік қызмет көрсетілді. «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес  жеке тұлғалардың төрт өтiнiшін қабылдау және есепке алу осы формат негізінде  ұйымдастырылды. Мемлекеттiк қызметшiлердің Әдеп кодексі нормаларын бұзу фактiлерiн хабардар ету, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар фактiлерiн анықтау мақсатымен  «Сенiм телефоны» жұмыс істейді. Әкімдіктің есепті кездесулерінде тұрғындар тарапынан айтылған Жамбыл ауылындағы су тарату пунктін тазалау, шеткі көшелерді жарықтандыру жөніндегі өтініштер толық қанағаттандырылды. Атау белгілері жаңартылды. Алдағы уақытта «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауылішілік жолдарды жөндеуге трансферт қарастырылады.

Нұржан ТҰРСЫНБАЕВ,

Жамбыл ауылдық округінің әкімі.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp