«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Елбасының қолдауы: Таланттыға барлық көмек болады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен ерте жастан өзімді вокалға арнадым. Мен белгілі бір нәтижелерге қол жеткідім және соның арқасында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен алғаш рет  кездестім.

Бұл сәт менің жүрегімде ерекше орын алды. Кездескен сәтіміз осы күнге дейін есімде. Жасым 7-де болатын. Сол кезде менің туған қалам – Павлодарда дарынды балаларға арналған іс-шара өтіп жатты, біз Елбасымен кездестік. Сол кездің өзінде-ақ менің белгілі бір жетістіктерім болды:  вокал бойынша Қазақстанда, Ресейде, Украинада, Польшада және басқа елдерде өткен бірнеше конкурстардың лауреаты болып үлгерген едім. Жеті жасымда Мәскеуде балалар әндері топтастырылған  дискім жазылды. Ол 250 мың данамен шығып, аз уақыттың ішінде-ақ сатылып  кетті.

Ол кезде мен Нұрсұлтан Әбішұлының алдында өнер көрсетіп, «Веселый  ветер»  әнін шырқадым. Ән айтып болғаннан  кейін, Президент  қолымды алып,  сағат сыйлады. Мен үшін бұл өте айтулы оқиға болды. Сол кезде бала болсам да, ол кісінің қандай мықты, ерік-жігерлі, харизмалы адам екенін түсіндім.

Ол сәт менің жадымда мәңгіге қалды.  Көздері мейірім төгіп тұрды, ал қолдары тура менің атамның қолы сияқты жұп-жұмсақ екен. Содан бері менің Нұрсұлтан Әбішұлымен болған әрбір кездесуім туған адамым – әкеммен кездескендей, мейірімділікпен және жылулықпен өтеді.

Дегенмен мен бұл кездесуді емес, осыдан үш жыл  кейін, 10 жасымда болған кездесуді ерекше айтар  едім. Ол кезде мен Италияда опера вокалын оқып жүргеніме бір жыл болған еді. Шетелде оқу өте қымбат, әке-шешемнің де ақшасы жетіңкіремеді. Әкем тіпті гаражы мен атамның қайығын да сатқан еді, алайда қаражат бәрібір жетпеді. Біз Президенттің «Болашақ» білім бағдарламасын құруға бастама жасағанын естідік. Ол мыңдаған дарынды жастарға өзге елдерде білім алуға мүмкіндік беретін. Алайда бұл бағдарламаның игілігін қалай  көре алатыным  туралы менде түсінік  те  болған жоқ.

Нағыз ғажайып болды. Мен каникул кезінде «Балдәурен» лагерінде демалып жатқан едім.  Біздің лагерьге Нұрсұлтан Әбішұлы келді. Ол мен «Мемори» әнін айтқан концертке қатысты. Айтпақшы, осы әнді мен кейінірек ТОто Кутуньомен бірге Италиядағы телевизиялық конкурста орындадым, содан бастап ол жақта мені тани бастады. 10 жастағы мен лагерьде осы әнді айтқан кезде, басқа балалар қоршап тұрған Нұрсұлтан Әбішұлы мені жанына шақырып алып: «Талантың зор, мен саған көмектесемін»,- деді. Осы сөздер, шынында, тағдыршешті сөздер болды. Мен барлық қажетті емтихандарды тапсырып, өзім сондай армандаған «Болашақ» стипендиясына ие болдым. Мен сияқты мыңдаған талантты адамдар біздің Елбасына осындай қамқорлық үшін және өзін-өзі дамытып, еліне пайда келтіру мүмкіндігі үшін алғыс білдіреді деп ойлаймын.

Қазір стипендиялы оқуымнан басқа, мен Миландағы консерваторияны тамамдадым. 18 жасымнан бастап әлемнің түрлі елдерінің театрларындағы спектакльдерге қатыстым, бірақ туған қазақстандық сахнаны бір минутқа да ұмытқам   жоқ.

26 жасыма дейін, мені Қазақстанның опера әншісі ретінде білетін, жер шарының ең үздік опера сахналарында өнер көрсеттім. Мен елімізге және Нұрсұлтан Әбішұлына сүйікті кәсібімді дамытуға мүмкіндік бергені үшін өте ризамын. Мен шетелде жүргенде біздің жас, заманауи, тез дамып келе жатқан, керемет мейірімді және мықты халқы бар және бізді өркендеуге жетелеген ұлы көшбасшымыз туралы айта алатыныма өте қуаныштымын.

Мария МУДРЯК,

опера әншісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp