«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жеңіс – «Qyzyljar»-да

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Футболдан ел біріншілігі аяқталды. Ақтық турда «Qyzyljar» клубы өз алаңында «Ордабасы» командасын қабылдады. Бұл кездесуде жеңімпаз соңғы минуттарда анықталды.Қызылжарлықтардың биылғы маусымдағы соңғы ойынын облыс әкімі Құмар Ақсақалов та тамашалады.

Бұл кездесуге дейін турнир кестесінде шымкенттіктер 38 ұпаймен 4-ші, ал жерлестеріміз 36 ұпаймен 5-ші орында тұрды. Айта кету керек, осы ойында үздік атанған команда келер маусымда УЕФА-ның Конференция Лигасында өнер көрсетпек. Сондықтан да қос ұжым үшін жеңіс ауадай қажет еді. Бірінші минуттардан бастап, қызылжарлықтар барын салды. Нәтижесінде алғашқы гол көп күттірмеді. Есепті  10-ыншы  минутта жерлесіміз  Максим Драченко ашты.

Екінші таймда да алаң қожайындары есептегі басымдықты арттыруға тырысты. Көп ұзамай Карлуш Фонсека қызылжарлық жанкүйерлерді қуантты. Алайда қонақтар да қарап қалмады. 74 минутта шымкенттіктердің қорғаушысы Карам Сұлтанов көзге түссе, қарқындарына қарқын қосқан «Ордабасы» ойыншылары 89 минутта таразы басын теңестірді. Бұл тең нәтиже жергілікті аяқдопшылар үшін жеңіліспен пара-пар еді. Сондықтан солтүстікқазақстандықтар соңғы демдері қалғанша жеңіс үшін аянбады. Қосымша уақытта бұрыштамадан әуелеткен допқа Пабло Подио бірінші жетіп, есепті 3:2-ге дейін жеткізді. Осылайша Андрей Карпович шәкірттері маусымды сәтті аяқтап, үздік төрттікті түйіндеді.

– Маусым жеңілге соқпады. Ең бастысы алдымызға қойған мақсатты орындадық. Бұл кездесу де оңайға түспеді. Қарсыласымыз осал емес. Бірақ біздің ойыншыларымыз  сәтті өнер көрсетті.  Жанкүйерлерге алғысым шексіз, – деді «Qyzyljar» клубының бас бапкері Андрей Карпович.

Өңір басшысы жерлестерімізді жеңіспен құттықтап, Еуромаусымға дайындықты бастау қажеттігін алға тартты.  

– Команда 2001 жылдан бері мұндай жоғары орындарға көтерілген емес.  Бұл жақсы нәтиже. Біздің клуб жүлделі орынға ие болмаса да, еурокубогқа қатысуға мүмкіндігі жоғары.  Қаламыз алғаш рет УЕФА аясындағы Конференция лигасын қабылдай алады.  Стадионда жаңғырту жұмыстарын жүргізіп, еуропалық стандарттарға сай етуіміз қажет. Алдағы маусымда сәттілік тілеймін, – деді Құмар Іргебайұлы.

Сағындық МАУҒАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp