«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОРЫНДАЛҒАН АРМАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәмила Әлібаеваның есімі Қызылжар өңіріне жақсы таныс десек қателеспеспіз. Ол- өткен ғасырдың 70-інші жылдарынан бастап қасиетті қара домбырасын күмбірлетіп, қазақтың дархан даласындай кең даусымен көрерменін ұйытып, көзайымына айналған белгілі әнші, жыршы-термешілер байқауында талай рет топ жарып, облыс намысын қорғаған, мақтанышына айналған адам. Ол кісінің өмірі де, жүріп өткен жолы да тақтайдай тегіс емес. Олай дейтінім, қаршадайынан қиындықтарға кез болып, солармен күресе жүріп құрыштай шынықты.

Сексенінші жылдардың аяғы. Кеңес одағының былжырай бастаса да, ауылды жерлерде беделі таймаған, былайғы жұрт жоспарлы экономиканың не екенін білмесе де, жемісін көріп отырған жаймашуақ кезеңі еді. Мен әлі онға да тола қоймаған бозөкпе баламын. Әйтеуір хат танып қалғанмын. Мектептен келе жатып клубтың жанындағы тақтайшада ілулі тұрған «облыстық филармонияның концерті» деген хабарландыруға көзім түсті.  Портфельді сермей үйге жүгіре жөнелдім. Ентіккен қалпымда: «Апа, концерт болады!» деп айғайлағаным есімде. Айтулы мерекелер болмаса, қияндағы ауылға келіп концерт беретіндер некен-саяқ, ауылдың өз өнерпаздары да жететін. Клуб бар, мейрам сайын ауылдың кәрі-жасы сонда жиналып, іші лық толады. Бірақ бұл жолғы концерттің жөні басқа еді. Теледидардан ғана көріп жүрген әншілерді қарсы алдында отырып тамашалау қандай ғанибет! Жүргізуші: «Сахнада Кәмилә Әлібаева!» деп хабарлағаннан кейін ұзын етек бүрмелі көйлегі жер сызып, басындағы бөркінің үкісі бұлғаңдап,   талдырмаш келіншек  шайқала басып ортаға шыққанда зал сілтідей тынды. Сахнаның қақ ортасына тұра қалып, иліп амандасты да басын сәл қисайта домбырасын желдірте жөнелді.

“Ойыл қайда, Жем қайда…”

Даусы да тұнық екен, күміс қоңыраудай сыңғырлап тұр. Баурап алғаны сондай, халық кірпік қақпай тыңдап отыр.

            “Ақерке, аман бол сен,

            Шыбыным, шыбыным,

            Ойналық кел,

            Шашбаулым, Шашбаулым!” – деген тұсында күлкі қысып кетті. Көзі ойнақшып тұрған әншінің осы тұсқа келгенде арқасы қозып кетеді екен, шабыттанып, ерекше әсермен беріле орындағанына күлдім бе, әлде шыбыным дегеніне ме, есімде жоқ. Бұл менің Кәмилә апамызды алғаш рет көруім. Кейін теледидардан шырқалған жұрты ғана қалған ауылы Аралағашқа арналған сағыныш пен мұңға толы әні арқылы таныдық.

Кәмила апаймен телестудияда таныстым. Ол кезде облыстық телеарнаның мұрағатында қызмет етіп жүрген кезі. Бұған дейін дыбыс режиссері болып, денсаулығына байланысты осы жұмысқа ауысқанын естігенмін. Бейнефонотекаға жауап беру маңызды іс. Өйткені телеарнаның бар мұрағаты осында сақтаулы, күн сайын олардың көмегіне жүгінбейтін журналист жоқ. Жас журналист менің де хабар жасаған кезде материал жетпей қалып, мұрағаттың көмегіне жүгінген кездерім болды. Сондайда, өзіне ғана жарасатын, ауылдағы апаларымызды еске түсіретін  «шешек» сөзімен айналып-толғанып алып іздегенімізді тауып беруші еді. Бертін, жақын аралса келе апайымыздың 2 есімі, 2 туған күні бар екенін білдім. Азан шақырып қойған аты Кәмилә болғанымен, құжатта Әминә деп жазылған.

 – 1957 жылы бұрынғы Булаев ауылына қарасты Аралағаш деген ауылда тудым. 100 шақты үйі бар нағыз қазақ ауылы еді. Қыстың күні, нақты 18 ақпан екен мен туған күн. Жолды қар басып қалған, әне барамын, міне-міне деп жүргенде 2 ай өтіп, әкем құжатымды алуға тек 22 сәуір күні ғана барыпты. Атын кім қойдың дегенде есімімді ұмытып қалып, үлкен әпкем Әминә түсіпті аузына. Сөйтіп, бір үйде екі Әминә болып өстік, –деп еске алады туған күнін.

Кәмилә бала күнінен қайсарлығымен, өнерге жақындығымен көзге түсті. Мектепте оқып жүргенде туған әпкесі Жәмилә екеуі жұптасып, ән салып, әнші қыз атанды.

 – Өзімнен бір жас үлкен әпкеммен бірге бардым мектепке. Сабақты жақсы оқыдым, кілең бес. 4-шіні аяқтаған жылы әке-шешем, ертең екеуі бір жылда мектеп бітірсе қиын болады, қолымызда қалатын біреу болсын деген соң, төртіншіні екі жыл оқыдым. Есесіне біз 9 бен 10-ды Қарақоғада сол жылы ашылған қазақ сыныбында оқыдық. Бізге дейінгілер орысша оқитын. Мектепте оқып жүргенде белсенді болдым, әпкем екеуіміз қосылып ән айтатынбыз.

Мектеп бітірген жылы Жәмилә екеуі осы Қызылжар қаласында өткен іріктеуге қатысып, Алматы цирк және эстрада училищесіне оқуға қабылданады. Бірақ Кәмиләнің бұл арманы орындалмады. Осы өнер ордасына оқуға түсіп, білім алды, әрине, бірақ сәл кейінірек. Ауылға келгесін әпкесі Алматыға барудан үзілді-кесілді бас тартты. Осылай үлкен қалаға, өнер жолына басқан алғашқы қадамы сәтсіз болды. Жалғыз да бара алмайды, өйткені училище мамандарына апалы-сіңлілер жұбы ретінде қатты ұнаған. Әрі ата-анасы да, бірге барсаңдар ғана жібереміз деген талап қойды.

Амалсыздан, ауылда қалып мектепте сабақ беретін болды. Онжылдықты жаңа бітірген оқушы химия мен неміс тілі пәндерінің мұғалімі болып шыға келді. Бұған қоса  қанат қаққалы отырған  8  класс оқушыларының сынып жетекшісі. Әр нәрсенің өз қайыры бар демекші, тағдырдың бұл жазуы Кәмиләға басқа үміт, басқа арман сыйлады. Осыған дейін басқа музыканттың сүйемелдеуімен ән айтса, енді өзі домбыра шертуді үйренуге ден қойды.  

– Пионерлер бөлмесінде екі домбыра ілулі тұрады. Кейде сабақ  арасында бос уақыт пайда болса кезек-кезек шертіп, ақыры үйреніп алдым. Өзім, өз бетіммен, еш нотасыз, тыңқылдатып отырып келтіріп алдым әуенін. Сондағы үйренгенім «Біздің ағай тамаша» мен «Қызылқұмда ауылым» әні. Той болса мені шақырады, әкем икемімді көрген соң домбыра сатып әперді. Мектепте де, үйде де қолымнан түсірмеймін. Сөйтіп жүргенде, мамырдың ортасына таман ауылға облыстық филармонияның әртістері келді. Жетекшісі Мархаба Иманқұлова екен. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, труппа жетекшісі. «Ауылдарыңда домбырамен ән салатын қыз-жігіттер бар ма» деп сұрағанда, жерлестерім мені айтыпты. Шақырып жатыр деген соң бардым. «Айт» деді, білетін екі әнімді айтып бердім.

Жас талантты бірден байқаған белгілі әртіс, Кәмиләні өзімен бірге алып кетпек болады. Тек оқушыларына бауыр басып қалған ол, соңғы қоңырауды өткізіп, балалар аттестатты алғасын ғана баруға уәде береді. Мархаба болса, адресі мен телефон нөмірін қалдырып, күтетінін айтып, Қызылжарға кете барады. Кәмилә да жүктелген міндетті атқарып, шәкірттері соңғы емтиханды тапсырысымен құстай ұшып қалаға жетеді. Келсе, Мархаба Иманқұлова сол кездегі Мәскеу ауданына гастрольге кеткен екен, филармония директоры бірден Корнеевкаға хабарласып, труппа жетекшісімен сөйлескесін, Кәмиләні көлікке отырғызып, ауылға жібереді.

– «Кемеден – тойға» деген бар ғой, дәл солай болды. Барсам, Мархабаның труппасы   қонақүйде екен. Ойымда түк жоқ, келіп қосылдым. Кешке концерт, ән айтасың дейді. Сасқанымнан, көйлегім жоқ қой деппін. Ол кезде Корнеевка аудан орталығы, универмагқа жетектеп алып барды да әдемі ұзын көйлек әперді. Кешке Ақтасқа концертке бардық. «Сахнада Кәмилә Әлібаева» дегенде жүрегім атқақтап, аузыма тығылды. Шықтым, өзіміздің ауылдың адамдары секілді қарапайым адамдар. Білетін екі әнімді айтқан соң түсейін десем, қайта-қайта шақырады. Сосын, кешірім сұрап, сол екі әнімді қайталап орындап бердім, – деп еске алады алғашқы концертін.

Кәмиләнің алғашқы дебюті осылай өткен еді. Күтпеген жерден сахнаға шығып, өнер айдынына құлаш ұрды. Филармонияға қызметке қабылданып, арада шамалы уақыт өткеннен кейін облысқа танымал жұлдызға айналды. Домбырасын ұстап сахнаға шыққанда өнеріне тәнті болмаған адам қалмаушы еді. Бір жылдан соң өзі армандаған Алматыдағы цирк және эстрада училищесіне түсуге тағы талпынды. 1977 жылы осы оқу орнына студент болып қабылданды. Өңірден аттанған 17  жастың ішінен жалғыз өзі өтті. Бастапқыда «Арқа әндері» бөліміне бармақшы болғанымен, жұлқынып тұрған мінезі мен ашық даусының арқасында  Ғарифолла Құрманғалиевтің  сыныбына, яғни «Батыс әндері» тобына өтті.

 – Менің әнімді тыңдағаннан кейін, Ғарифолла ағай қай жақтансың деп сұрады, Петропавлдан деп едім, «Қызым-ау, солтүстікте қайдан адасып жүрсің, нағыз батыстың қызысың ғой», – деді. Сол бір ауыз сөзі маған демеу болды. Күнде жаңа ән үйренеміз, консерваторияның жатақханасында тұрғандықтан, думан, концерт болып жатады. Бірақ аяқтай алмадым. Бір жылдан кейін әкем ауырып, елге оралуға тура келді, – деп мұңайып қалды ол.  

Отбасына жақын болу үшін Возвышенка ауылындағы Мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Бірақ өзге ұлт өкілдері басым аудан әрі ұжымда да жалғыз қазақ. Өнерін бағаламайтын ортада өнерпаздың да ашыла алмайтыны шындық. Дегенмен науқас әкесінен де ұзай алмайды. Амалсыздан бәріне көнуге тура келеді. Бірақ онысы ұзаққа созылмады. Ол кездері  облыс бойынша ұлт аспаптары ансамбльдері, вокалдық топтар мен жыршы-термешілер арасындағы байқаулар мен концерттер жиі өткізіліп тұратын. Сондай жиындардың бірі Шал ақын ауданындағы Ыбыраев ауылында өтті. Термесін айтып, сахнадан енді түскен қызды бір топ  жігіт қоршап ала қояды.  Қызға қырындаған бозбалалар ма десе, сөздері орнықты, нақты ұсыныс айтқан салмақты жігіттер болып шығады. Бұл Қуандық Қасымов бастаған «Ақ бидай» тобының серілері еді. Осылайша Кәмилә сол кездері атағы жер жарып тұрған «Ақ бидайдың» құрамына еніп, шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік алды. Елімізді айтпаған күннің өзінде,  Мәскеудегі олимпиада ойындарына келген қонақтарға арнап ән салып, өнер көрсеткенінің өзі неге тұрады. Бұдан кейін де филармония жанында құрылған шығармашылық топ өкілдерімен бірлесіп, концерттер қойды. Жалпы өткен 10 онжылдықты  қазақ әдебиетінің алтын ғасыры десе, қазақтың ұлттық өнерінің де шарықтаған кезіне айналды, әсіресе жыршы-термешілердің бәсі жоғары болды.

 – Біздің өңірде талантты жастар көп болды, әлі де баршылық қой. Тек сол жылдары қолдау болмады. Қаншама жыл жатақханада тұрды, пәтерді кейін келсе де орыс театры мен труппасындағыларға беретін. Осындай әділетсіздіктен кейін қайдан тұрақтайды. Өзіміздің елдің өнерпаздары да, басқа өңірлерден келген жастар да үй-күйсіз қанша жүрсін, кетіп қалды. Мен қайда барамын, осы жердің тумасы болғаннан кейін қалдым, – деп еске алады.

1991 жылы, осыдан тура 30 жыл бұрын Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер ретінде Нұрсұлтан Назарбаев Қызылжар өңіріне келіп, халықпен кездесетін болды. Елең-алаң тұста елдің сапырылысып, сеңдей соғылысып жатқан кезі. Жуырда ғана облыстық телеарнаға дыбыс режиссері болып орналасқан Кәмиләні директор шақырып, мәдениет саласындағылардың концерті болмайтынын, кездесу барысында тек бір ән ғана айтылатынын және оны Кәмилә орындаса  екен деп  қолқа салып жатқанын жеткізді. Көп ойланбастан, елге келіп жатқан Ел басшысына ән айтқанымыз дұрыс болмас, арнау жазайын деп, сегіз шумақ өлең шығарады. Оны өзі орындап жүрген «Мың бір маржанның» мақамына салып, елдің де Президенттің де  ықыласына бөленді.

  – Аяқтап, мен сөзімді бас иейін,

 Бұл күнді мәңгі еске мен түйейін.

Атынан қызылжарлық қыз-келіншек,

Құшақтап өзіңізді  бір сүйейін!

Бұл Кәмилә Әлібаеваның сол кездесуде айтқан арнауының соңғы шумағы. Залдағы халықты қыран-топан күлкіге батырып, Тұңғыш Президентке Қызылжар халқының қолдауы мен ыстық ықыласын білдірген, жұрттың сүйіспеншілігін бір ауыз сөзге сыйдырған сәті еді.

– Кездесу алдында бастықтар жиналып «қане қандай өлең айтасың, тыңдайық» деді, жеті шумағын айттым. Онда елдің тілегі, қолдауы дегендей. Бірақ соңғы шумақты айтпадым. Оны естісе мені сахнаға шығармасы анық еді. Кештен шыққаннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы жайылған дастарқанға шақырды. Қайталап айтып беріп едім, риза болып қалды. Тәубе дейміз, 30 жыл өтті, еліміз дамып келеді. Мен де шамам келгенше халқыма қызмет еттім. Барымды, өнерімді бердім. Еш өкінбеймін. Қазақстанымның бұдан да қуатты, дамыған, мықты ел болғанын қалаймын, – деп еске алады сол кездесуді.

Иә, Кәмилә Әлібаева – бақытты жан. Құдайдың берген талантын елінің игілігіне арнап, кәдесіне жаратты. Ел таниды, «өзіміздің Кәмилә» дейді.  Өнер адамына бұдан артық  сый да, құрмет те керек емес шығар. Орындалған арман деген осы болса керек. Ал өкініш деген әркімде бар емес пе? Жаныңа жақын жанның ыстық ықыласы мен көз көргендердің ілтипаты ондайды ұмыттырып жіберетіні жасырын емес.

Кәмилә апайдың үйінен шыққасын, халық арасында «Қытай қабырғасы» атанып кеткен ұзын үйге ұзақ қарап тұрдым. Қазақстан Тәуелсіздік алмай тұрып салынған үйдің    аядай ғана бір бөлмесінде екі ұлымен тұрып жатыр екен. «Президентпен кездесуде, қандай көмек керек пе деп сұрады. Пәтер туралы айтайын дедім де, қойшы ел ішіндеміз ғой, өңіріміздегі азаматтарымызды ұялтпай-ақ қояйын деп, үндемедім», – дегені еске түсіп кетті. Иә, ер мінезді деп кей әйелдерге қарап айтатыны бар халқымыздың. Ол тайталасып,   дес бермегенге емес, елдің қамын ойлап, абыройын биік қоятындарға қарата айтылады.

Сағындық МАУҒАЗИН,

«Soltüstık Qazaqstan».

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp