«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

МАЛ ӨСІРСЕҢ, ҚОЙ ӨСІР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қой шаруашылығы – қазақ халқының ежелден келе жатқан ата кәсібі. Қорасы қойсыз болмаған қазақтың бүгінде шаруасы шатқаяқтап тұрғаны жасырын емес. Осы кенжелеп қалған саланы қолға алып, мал басын көбейтуді мақсат еткен айыртаулық Жомарт Молдекеновтің бастамасы көпке үлгі.

Халқымызда “қой бағып, құйрық жеген озар” деп қойшы баласының бағасын арт­тырған дана тәмсіл бар. Кезінде “қой шаруа­шылығы – екінші тың” деп ұрандатып, мектеп бітірген түлектерді қозы бағуға, қой қырқуға тартатыны естеріңізде болар. Соңғы уақытта мал шаруашылығымен айналысқысы келе­тін­дердің қатары қайтадан артып келеді. Бірі ірі қара сатып алса, екіншілері Шопан ата тө­лінен пайда көргісі келеді. Қуаныштысы, мем­лекет тарапынан түрлі қолдаулар бар. Соңғы жылдары, әсіресе қой шаруашылығына ба­сым­дық беріліп отыр. Мәселен, Жомарт Мол­декенов те бұл мүмкіндікті мүлт жібермеді. Іскер азамат “Аграрлық несие корпорация­сынан” 7 жылға жеңілдетілген несие алып, қорасындағы түліктің басын көбейтті.

Ауылдың негізгі табыс көзі – мал ша­руашылығы. Қолдан келетін істі неге істеп көрмеске деп белді бекем будым. Шопан ата төлінің 400 басын сатып алдым. Жастайым­нан малдың басы-қасында жүрдім. Сондық­тан бұл іс менің қолымнан келетініне сенім­дімін. Еш қиындығы жоқ, – дейді ол.

Ала жаздай жайлаудағы жанталас пен қыстағы қорадағы қарбалас қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді. Малдың жем-шөбін дайындаудың өзі қыруар еңбек. “Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір” де­ген аталы сөздің мағынасын терең түсінген біздің кейіпкеріміз болашақта ата кəсіпті кеңейтуді жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауын­да: “Біз горизонтальді кооперацияның әле­уетін де естен шығармауымыз қажет. Онсыз агроөнеркәсіп кешенінде қарқынды даму болмайды. Басы бірікпеген жеке қосалқы ша­руашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қоз­ғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осында”, – деп бұл саладағы мә­селенің түйінін тарқату жолын айтқан бо­латын. Қой шаруашылығындағы негізгі мә­селелердің бірі – өнімді өткізу. Сонымен қа­тар асыл тұқымды мал санын көбейту де өзекті.

Еті – балғын, сүті – уыз, жүні – жібек, ел­тірісі – алтын саналатын берекелі қой ша­руашылығы ешқашан кенже қалмауы керек.

Әйгерім ЖАҢБЫРБАЙҚЫЗЫ.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp