«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Ақылға емес, сезімге ерік берген”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Зейнолла Әкімжановтың “Оттай ыстық Отынағаш” атты өлеңдер жинағының тұсауы кесілді. Бұл кітап марқұмның 70 жылдық мерейтойына орайластырыла жарық көрді. Бір мың тиражбен елордадағы “Фолиант” баспасынан шыққан жыр жинақтың оқырманға жол тартуына кәсіпкер інілері қаржылай қолдау көрсеткенін айта кеткен жөн.

Зейнолла Рамазанұлының көзі тірісінде екі кітабы ғана басылған. Алғашқысы – 1993 жылы шыққан “Жерұйық”, екіншісі – 2001 жылы оқырмандарына жол тартқан “Мизамшуақ” өлеңдер жинағы. Әдеби кеште сөз сөйлегендер ақынның артында әлі де бірнеше жинаққа жүк боларлықтай мұра қалғанын айтты. Себебі марқұм өлең жазумен ғана шектелмеген, аудармамен де айналысқан, 1975 жылдан бастап, зейнет демалысына шыққанға дейін қырық жылдан астам уақыт “Soltüstık Qazaqstan” газетінде еңбек етіп, түрлі тақырыптарға мақалалар жазған.

Кітаптың тұсаукесеріне қатысқан республикалық “Жұлдыз” журналының бас редакторы, “Алаш” әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай қызылжарлық ақынмен алғаш рет өткен ғасырдың 80-ші жылдары Алматыда өткен жас өнерпаздардың “Жігер” фестивалінде танысқанын, содан бері шығармашылық байланыстары үзілмегенін жеткізді. “Ақынбыз ғой шабытқа еріп келген, Ақылға емес, сезімге ерік берген” деп басталатын жыр шумақтарын оқып, ақынның сезімге толы өлеңдері әлі өзінің жоғары бағасын алатынына сенімді екенін айтты.

Әдеби кешті жүргізген Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы Зейнолла Әкімжановты тура сөйлейтін, ойындағысын бүкпесіз айтатын ақын еді деп еске алды. Оралдағы Қадыр Мырзалиев атындағы өнер орталығының басшысы Бауыржан Қалиолла қаламгердің шығармаларынан тік мінезділігі байқалып тұрғанын жеткізді.

Қазақстан жоғары мектебі Ұлттық ғылым академиясының академигі Зарқын Тайшыбай, ардагер ұстаз Қарақат Шалабаев, үзеңгілес досы Әлім Төлебаев, Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірисов, інісі Сайын Есмағи естеліктер айтып, марқұмның мұрасын жас ұрпаққа насихаттау жайын сөз етті. Осы жолдардың авторы Зейнолла Рамазанұлының Қызылжар өңірінің қарашаңырағы – “Soltüstık Qazaqstan” газетіндегі қызметіне кеңінен тоқталғанын айта кеткен жөн.

Шара соңында Зейнолла Әкімжановтың 70 жылдық мерейтойына орайластырыла ұйымдастырылған “Зерделі сөздің зергері” атты мүшәйраның қорытындысы шығарылды. Бас жүлдені Аманжол Зағыпар, бірінші орынды Жұмабек Рахимов, екінші және үшінші жүлделерді Дәулет Құрмаш пен Диас Аяған иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамота мен ақшалай сыйлық табысталды.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp