«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

“АЛТЫН САПА” ҮЗДІКТЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің “Алтын сапа” сыйлығы жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Жыл сайын төрт аталым бойынша берілетін сыйлықтан биыл да облыс кәсіпкерлері құр алақан қалмай, үш кәсіпорын үздіктер қатарынан көрінді.

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2006 жылғы 9 қазандағы Жарлығы бойынша “Алтын сапа” сыйлығы конкурстық негізде кәсіпорынның өніміне немесе қызмет көрсету сапасы мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жетістіктеріне, сондай-ақ озық менеджмент жүйелерін енгізгені үшін берiледi. Оған ірі, орта кәсіпкерлік субъектілерімен қатар шағын кәсіпорындар және ел аумағында қару-жарақ және әскери техникалардан басқа тауар өндірумен, қызмет көрсетумен айналысатын жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қатыса алады. Жеңімпаздар “Ұлы дала елі”, “Іскер”, “Іскерлік кемелдік” байқаулары және “Парыз” сыйлығы бойынша анықталады.

Биыл “Алтын сапа” және “Парыз” сыйлықтарының иегерлерін салтанатты түрде марапаттау рәсіміне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс режімінде қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз сөзінде “Алтын сапа” байқауы 15 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және бүгінге дейін 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері болғанын атап өтті. “Биылғы салтанатты жиын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Егемендік кезеңінде Қазақстанда бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасалды. Соның нәтижесінде жаңа заманға сай кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. Олар ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналып отыр”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ отандық өнеркәсіпті, медицина ғылымын цифрландыру ісіндегі жетістіктерге тоқталды.

“2025 жылға қарай 500-ге жуық индустриялық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Үкімет аталған өндіріс орындарында жұмыс істейтін білікті кадрларды осы бастан дайындауы керек. Бүгінде мемлекет жұмыс берушілерге нақты қолдау көрсетіп келеді. Жұмыс орнында оқыту, “Ұрпақтар келісімшарты” және “Алғашқы жұмыс орны” сияқты жас мамандарға қолдау көрсету шаралары іске асырылуда. Мемлекет тарапынан тиісті субсидиялар қарастырылған. Үкімет алдағы уақытта “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жұмыспен қамтуды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ынталандыруға бағытталған қосымша шараларды пысықтауы қажет”, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, биыл “Парыз” байқауына қатысушылар әлеуметтік жобаларға және қайырымдылық шараларға 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсаған. Нәтижесінде 7 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Президент отандық өнеркәсіпті цифрландырудың белсенді жүргізіліп жатқанын да атап өтті. Бұл ретте біздің облысымыздағы оң көрсеткіштер көңіл қуантады. Солтүстік Қазақстан облысында “Alageum Electric” компаниясының төртінші электртехникалық зауыты жұмысын бастады. Ол елдегі трансформаторлар өндірісін 40 пайызға, яғни жылына 44 мың данаға дейін арттырады. Олардың жартысынан астамы экспортқа кетеді. Бұл шамамен 25 мың дана өнім деген сөз. Сондай-ақ Петропавлда германиялық “CLAAS” компаниясының комбайндары мен тракторларын құрастыру өндірісі жолға қойылды. Биыл республикалық “Парыз” байқауында облыстың үш кәсіпорны лауреат атанды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында “Үздік әлеуметтік-жауапты кәсіпорын” аталымында үшінші орынды Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның кәсіпкері Серік Ибраев басқаратын “Целинное 2004” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алды. Осы аталымда бірінші орын Алексей Бредун жетекшілік ететін Мамлют ауданындағы “Бредун” коммандиттік серіктестігіне бұйырды. Компания Дубровное елді мекенінде асхана-қонақүй кешенінің құрылысын қаржыландырған. Бұл мақсатқа кәсіпорын 2020-2021 жылдары шамамен 54 млн. теңге бөлді. Ал “Үздік ұжымдық шарт” аталымында шағын және орта бизнес субъектілері арасында екінші орынды Қызылжар ауданындағы Серікбай Жаныбеков басқаратын “Мол сервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иеленді.

– Биыл “Алтын сапа” сыйлығына қатысқан “ПТФ “Есильская” және “Agro lab” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері үздіктер қатарынан көріне алмады. Дегенмен, “Agro lab” Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің “Үздік сынақ” ынталандыру сыйақысына ие болды. Менің ойымша, бұл жаңа ашылған кәсіпорын үшін үлкен жетістік, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Ашметов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp