«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Тың қадамдар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Исаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жыл қорытындысын шығарып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Биыл өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 318,3 млрд. теңгені құрады. Киров атындағы зауыт 54 мың компьютер мен ноутбук шығарды. “ЗИКСТО” кәсіпорны “Қазақстан теміржолы” АҚ-мен жасалған келісімшарт бойынша 19,5 млрд. теңгеге 786 вагон платформа құрастырды. “Cool infinity” кәсіпорны автономды рефрижераторлық вагон өндірісінің жаңа түрін игерді. Пайдалы қазбаларды өндіру көлемі 12,5 пайызға ұлғайды. Индустрияландыру бағдарламасы аясында 80 жоба іске қосылып, 500 млрд. теңгенің өнімі шығарылды. Бұл – 4 мың адам жұмыспен қамтылды деген сөз. Инвестициялық салымдардың көлемі 80 млрд. теңгеден асты. 2022 жылы 81 млрд. теңгенің 5 жобасы іске асырылады.

“Тайынша май” ЖШС-і жылына 180 мың тоннаға дейін май экстракциялайтын фабрикасы құрылысын аяқтады. “Маслодел” және “Евразиан Милк” сүт зауыттары өндірістерді жаңғыртуға және заманауи желілерді іске қосуға шамамен 9 млрд. теңге бағыттады. Қазір қуаттылығы 370 мың тонна болатын жаңа май экстракциялық зауытының құрылысы жүріп жатыр. “Радуга” ЖШС-і тауарлар ассортиментін кеңейтті. Алдағы уақытта қағаз өнімдері фабрикасы жобасын іске қосады. “Qyzyljar” арнайы экнономикалық аймағының аумағында болашағы зор жобаларды іске асыру жөнінде Ресеймен, Қытаймен бірнеше уағдаластық бар. Солардың бірі – көрші ел инвесторларымен бірлесе отырып, дайын дәрілік препараттар өндіретін зауыт тұрғызу. Бұл 800 жұмыс орнын құруға, 360 млрд. теңгеге өнім шығаруға және 320 млрд. теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Данияр Қаржасұлы тоқталған тағы бір мәселе – туризм саласын дамыту. Имантау-Шалқар курорттық жүйесі республикалық маңызы бар он жоба құрамына кіреді. Соңғы 3 жылда курорттық аймақта 250 шақырым жол жөнделді. Мұнда 40 демалыс базасы жұмыс істейді. 45 төсектік “Имантау” демалыс базасы және 24 төсектік “Эккерт” қонақүйі ашылды. Бүгінгі таңда 194 төсек-орынға арналған 8 жоба іске асырылуда. Сондай-ақ 1 млрд. теңгеге “Шалқар су” санаторийі қайта жаңартылуда. Келесі жылдан бастап кәсіпкерлік субъектілерінің туристік қызмет объектілерін салуға және реконструкциялауға, автомобиль көлік құралдарын сатып алуға, жол бойындағы сервис объектілерін салуға және санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындардың бір бөлігін өтеу үшін мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Облыста 30 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Олардың өнім шығару мөлшері 276,5 млрд. теңгеге жетті. Биыл “Бизнестің жол картасы – 2025” бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 6,3 млрд. теңге бөлінді. 2019 жылдан бастап “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасын іске асыру аясында 187 жоба іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны пайда болды.

Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарының 15-і өңірімізде өндіріледі. Бұл өнім түрлерімен тұрғындар толық қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу жалғаспақ. Тұрақтандыру қорына 1,9 млрд. теңгеге 9 мың тонна азық-түлік сатып алынды. “Солтүстік” ӘКК” АҚ оны бөлшек сауда желісінде төмендетілген бағамен сату үшін дүкендерге жөнелтеді.

Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp