Медиация (латынша “mediato”) делдалдық деген ұғымды білдіреді. Ол – әлемдік тәжірибеде дауларды реттеудің кең тараған түрлерінің бірі, былайша айтқанда, тараптар арасындағы дауды соттан тыс шешуге бағытталған заңды рәсім. 2011 жылдың 28 қаңтарында қабылданған “Медиация туралы” заң осы салаға жаңашыл өзгерістер енгізумен қатар дау-дамайларды мәмілелік жолмен реттеудің тиімді бағыттарын да айқындап берді.
“Медиация туралы” заңда жазылғандай, медиация тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың (медиаторлардың) жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі болып табылады. Тәуелсіз, бейтарап, істің нәтижесіне мүдделі емес, медиация тараптарының өзара келісімі бойынша таңдалған, медиаторлар тізіліміне қосылған және медиатордың функцияларын орындауға келісім берген жеке тұлға медиатор бола алады. Оның қызметі кәсіби негізде (кәсіпқой медиатор) және кәсіби емес негізде (қоғамдық медиатор) жүзеге асырылуы мүмкін: қырық жасқа толған және кәсіпқой емес медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар; Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес сотта татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде судьялар медиатор қызметін кәсіби емес негізде жүзеге асыра алады; жоғары білімі бар, жиырма бес жасқа толған, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бекітілетін, медиаторларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткенін растайтын құжаты (сертификаты) бар және кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған адамдар; отставкадағы судьялар медиатор қызметін кәсіби негізде жүзеге асыра алады.
Медиатордың қызметі кәсіпкерлік қызмет болып табылмайды. Медиатор қызметін жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған кез келген өзге қызметпен де айналысуға құқылы. Ал мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті және оған теңестірілген, заңда белгіленген тәртіппен сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған, оған қатысты қылмыстық қудалау жүзеге асырылатын, заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам медиатор бола алмайды.
Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Азаматтық процестерде медиаторлардың рөлі өте зор, өйткені олар тараптарға әуре-сарсаңға салынбай дауды шешудің тиімді жолдарын қарастыруға ұсыныс жасай отырып, екі тарапты ортақ мәмілеге келісуге шақырады. Cотқа жүгінген тараптар, сот талқылауының кез келген сатысында, медиаторға жүгіну туралы сотқа өтініш білдіруге құқылы. Сот өз тарапынан тараптарды татуластыруға жәрдемдеседі.
Азаматтық процестік кодекстің татуластыру рәсімдері атты тарауында татуластырушы судья ұғымы белгіленген. Сондықтан сотқа дейін азаматтық іс қозғалмас бұрын талап арыз алдымен татуластырушы судьяға келіп түседі. Татуластырушы судья талаптарды келісімге келу үшін арнайы бір күнді белгілеп, келіссөздер жүргізуді ұсынады. Егер тараптар бір келісімге келе алмаса онда талап арыз азаматтық істі қозғау үшін судьяға жіберіледі. Азаматтық процестің кез келген сатысында тараптар келісімге келе алады. Егер бір тарап мемлекеттік орган болса, онда ерекше өндіріс бойынша қозғалған азаматтық істер медиациямен аяқталуға жатпайды. Оған мысалды алыстан іздеудің керегі жоқ. Көп жағдайда зейнетке шыққан азаматтар бұрын қызмет атқарған мекемедегі еңбек өтілі еңбек кітапшасына енгізілмей қалғандықтан, сотқа жүгініп жатады. Екінші тарап, яғни зейнетақы төлеу жөніндегі орталық сот шешімді бекітпейінше келісімге келе алмайды. Екінші тарап мемекеттік орган болмаса және де мәміле жарамсыз деп танылмаса, қарызды, келтірілген залалды өндіру, мүлікті қайтару татуласу рәсімімен аяқталады. Азамат бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатымен сотқа жүгінсе, сот процесінің кез келген сатысында екінші жақпен татуласа алады. Медиация бітімгершілік келісім болғандықтан, тараптар даулы мәселе бойынша бітімге келсе, ұйғарым бекітіледі.
Мына жайтты да ескерген жөн, талап арыздың қаралу мерзімі дайындық мерзімі аяқталған күннен бастап екі айды құрайтын болса, медиация тәсілімен аяқталған іс он күн ішінде аяқталады. Екіншіден, мемлекеттік баж талапкерге қайтарылады. Кез келген дауды сотқа жеткізбей шешуге болатынын тәжірибе айқын көрсетіп отыр. Ол үшін кез келген уақытта медиаторға жүгіне алады. Облыстық медиация және құқық орталығы қоғамдық бірлестігі кәсіби медиаторлар қызметін атқарады. Ұйым Нұрсұлтан Назарбаев көшесі, 161 мекенжайында орналасқан.
Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 85-ші бабына сәйкес, медиацияға қатысушылар істі жүргiзу барысында белгiлi болған мәлiметтердi осы ақпаратты берген тараптың рұқсатынсыз жария еткен жағдайда (бұл әрекетте қылмыстық iс-әрекет белгiлерi болмаса) жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлейді. Осы әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері алпыс айлық есептік көрсеткішке дейін еселенеді. Ал тараптар сот ұйғарымында көрсетілген мерзімге дейін міндеттерін орындамайтын болса, талапкер сотқа атқарушылық парақты алу туралы арызбен жүгіне алады. Атқару парағын сот орындаушысына беріп, ол өз тарапынан атқару өндірісі заңына сәйкес, барлық әрекеттерді жасайды. Банк шоттары бұғатталады, тиесілі мүлікке, республика аумағынан шығуға тыйым салынады. Ол әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондықтан қарызды сот орындаушының өндірісіне жеткізбей өзіне жүктелген міндеттерді мерзімінде орындау дұрыс болады.
Ұлан ӘБДІРАХМАНОВ,
Петропавл қалалық №2 сотының судьясы.