Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/6 мекемесінде 250-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. Сотталғандардың режімдік талаптарды сақтауын және күнделікті жүріс-тұрысын тәртіптік бөлімнің аға жедел уәкілі Әсемхан Нұрғалиева қадағалайды. Жақында жазасын өтеушілерді темірдей тәртіпке бағындырып жүрген маманмен кездесіп, сұхбаттасудың сәті туды.
– Әсемхан Қуанышбекқызы, тәртіптік бөлімнің аға жедел уәкілінің жұмыс міндетіне не кіреді?
– Ең басты міндетіміз – мекемеде тәртіпті қамтамасыз ету. Жазасын өтеушілердің бекітілген ережелерді сақтап, заңды талаптарды орындауын, мекеме басшысы бекіткен күн тәртібіне бағынуын бақылаймыз. Күн тәртібіне таңертең тұрғаннан, ұйқыға жатқанға дейінгі уақыттағы іс-әрекеттер кіреді. Ұйқыдан тұру, жаттығу, таңғы ас, бөлмені тазалап, жинау, сондай-ақ жазасын өтеушілердің сабаққа баруы, үйірмелерге қатысуы, кітап оқуы қадағаланады. Кешкі 20.00-ден кейін жазасын өтеушілер өздеріне ұнайтын іспен айналысады. Бұл уақытта әдетте шай ішеді, әңгіме-дүкен құрып, басынан өткен оқиғаларымен бөліседі, бірі үйіне хат жазса, екіншілері таксофон арқылы туған-туыстарымен сөйлеседі. Әр жазасын өтеушінің аптасына бір рет таксофонды пайдалануына немесе “Skype” арқылы бейнебайланысқа шығуға құқығы бар.
– Жұмысыңыз қаншалықты қауіпті?
– Аса қауіпті деп айта алмаймын, бірақ асқан жауапкершілікті, үнемі сақ жүруді қажет етеді. Шыдамдылық пен мінез керек. Эмоцияға берілмей, салқынқандылық танытқан жөн. Бұл қызмет менің мінезіме сай деп ойлаймын.
– Бұл қызметке қалай келдіңіз?
– Мен – Мағжан Жұмабаев ауданы, Хлеборобное елді мекенінің тумасымын. Жасым 25-те. Әке-шешем сол ауылда тұрады. Ағам мамандандырылған күзет қызметі басқармасында, әпкем өрт сөндіру саласында жұмыс істейді. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжін заңгер мамандығы бойынша бітірдім. Құқық қорғау саласын таңдауыма, осы жұмысқа келуіме анамның ақылы себеп болды. Әрі погон тағу менің бала кезден арманым болатын. 2017 жылы “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша бір жыл әйелдер колониясында тәжірибе жинадым. Жұмыс ұнады. Ата-анам қарсы болған жоқ, керісінше, қолдау көрсетті, сол үшін оларға ризамын. Кейін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін сырттай тамамдадым.
– Жазасын өтеушілер арасында қандай қылмыс түрі басым?
– Басым бөлігі есірткі қылмысы және адам өлтіргені үшін отыр. Сондай-ақ ұрлық, алаяқтық үшін сотталғандар да көп. Жалпы бұл колониядағы әр бесінші әйел адам өлтірген. Мәселен, 20 жыл отасқан күйеуін өлтірген әйел отыр. Ол отбасындағы жанжал кезінде күйеуін пышақтаған. Істеген ісі үшін өкінеді, әрине. Бірақ бәрі кеш. Бостандықта анасы, балалары бар, олар үнемі хабарласып, кездесуге келіп тұрады. Жалпы сотталғандардың тәртібіне, жасаған қылмысына қарай туған-туыстарымен кездесу кестесі белгіленеді. Әдетте жылына 6 рет қысқа және 2 рет ұзағырақ кездесуге рұқсат бар. Қысқа кездесулер 2 сағат, ұзақ кездесу екі тәулікке созылады.
– Қылмыскерлерге аяушылық білдірген кездеріңіз болды ма?
– Қолмен істегенді мойынмен көтеру керек. Оларды аяған кездерім жоқ. Бірақ адам ретінде құрметпен қарау керек. Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Тәртіпке көндіру үшін біз мықты психолог бола білуіміз қажет.
– Сотталғандар арасында тәртіпке бағынбай, бүлік шығарған немесе аштық жариялағандар болды ма?
– Мен жұмыс істей бастаған уақыттан бері аштық жариялау фактілері болған жоқ. Бұл көбіне мекемедегі контингентке байланысты, қазіргі жазасын өтеушілердің орта жасы 30 бен 50 аралығында. Ақыл тоқтатқан әйелдер ғой, сондықтан мұндай қадамға бармайды, мәселені ақылмен шешуге тырысады.
– Жұмысыңыз мінез-құлқыңызға әсер етті ме, жалпы сіздерге қандай талаптар қойылады?
– Бізге қойылатын талаптардың бірі – эмоцияға тұрақтылық, қарым-қатынас жасай білу. Кез келген уақытта күтпеген жағдай туындауы мүмкін, сондайда тез әрі дұрыс шешім қабылдау аса маңызды. Әрине, жұмыс мінез-құлықтың өзгеруіне әсер етеді. Қатаңдау боласың, кей жағдайларға көзқарасың өзгереді. Қызметті бақылаушыдан бастадым, қазір тәртіптік бөлімде аға жедел уәкіл болып жұмыс істеймін. Бұл – мекемедегі негізгі қызметтердің бірі. Жазасын өтеушілердің тәртібіне, талаптардың орындалуына жауап беремін.
– Жұмысыңыздағы ең ауыры не? Қиын сәттерде осы саланы таңдағаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?
– Біздің жұмыстың ең қиыны – адамды тану. Ол үшін сотталғандармен жеке-жеке ашық әңгіме жүргіземіз. Мақсатымыз – оның ойын, көңіл күйін білу. Барлығы бірдей ағынан жарылып, ішіндегісін айта қоймайды. Міне, осындайда психологиялық қабілет қажет. Бұл жұмысқа келгеніме өкінбеймін. Бастапқы кезде қиын болды, уақыт өте келе үйренесің, жауапкершілікті түсінесің.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.