«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

СҮРІНБЕЙТІН ТҰЯҚ ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЕС-164/6 мекемесінде 250-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. Сотталғандардың режімдік талаптарды сақтауын және күнделікті жүріс-тұрысын тәртіптік бөлімнің аға жедел уәкілі Әсемхан Нұрғалиева қадағалайды. Жақында жазасын өтеушілерді темірдей тәртіпке бағындырып жүрген маманмен кездесіп, сұхбаттасудың сәті туды.

– Әсемхан Қуанышбекқызы, тәртіптік бөлімнің аға жедел уәкілінің жұмыс міндетіне не кіреді?

– Ең басты міндетіміз – меке­меде тәртіпті қамтамасыз ету. Жа­засын өтеушілердің бекітілген ере­желерді сақтап, заңды талап­тарды орындауын, мекеме бас­шысы бекіткен күн тәртібіне ба­ғынуын бақылаймыз. Күн тәртібі­не таңертең тұрғаннан, ұйқыға жат­қанға дейінгі уақыттағы іс-әре­кеттер кіреді. Ұйқыдан тұру, жаттығу, таңғы ас, бөлмені таза­лап, жинау, сондай-ақ жазасын өтеушілердің сабаққа баруы, үйірмелерге қатысуы, кітап оқуы қадағаланады. Кешкі 20.00-ден кейін жазасын өтеушілер өзде­ріне ұнайтын іспен айналысады. Бұл уақытта әдетте шай ішеді, әңгіме-дүкен құрып, басынан өткен оқиғаларымен бөліседі, бірі үйіне хат жазса, екіншілері так­софон арқылы туған-туыстарымен сөйлеседі. Әр жазасын өтеу­шінің аптасына бір рет таксофон­ды пайдалануына немесе “Sky­pe” арқылы бейнебайланысқа шығуға құқығы бар.

– Жұмысыңыз қаншалықты қауіпті?

– Аса қауіпті деп айта алмай­мын, бірақ асқан жауапкершілікті, үнемі сақ жүруді қажет етеді. Шы­дамдылық пен мінез керек. Эмо­цияға берілмей, салқынқандылық танытқан жөн. Бұл қызмет менің мінезіме сай деп ойлаймын.

– Бұл қызметке қалай кел­діңіз?

– Мен – Мағжан Жұмабаев ау­да­ны, Хлеборобное елді мекені­нің тумасымын. Жасым 25-те. Әке-шешем сол ауылда тұрады. Ағам мамандандырылған күзет қызметі басқармасында, әпкем өрт сөндіру саласында жұмыс істейді. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжін заңгер мамандығы бойынша бітірдім. Құ­қық қорғау саласын таңдауы­ма, осы жұмысқа келуіме анамның ақылы себеп болды. Әрі погон тағу менің бала кезден арманым болатын. 2017 жылы “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бо­йын­ша бір жыл әйелдер коло­ниясында тәжірибе жинадым. Жұмыс ұнады. Ата-анам қарсы болған жоқ, керісінше, қолдау көр­сетті, сол үшін оларға ризамын. Кейін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетін сырттай тамамдадым.

– Жазасын өтеушілер ара­сын­да қандай қылмыс түрі ба­сым?

– Басым бөлігі есірткі қылмы­сы және адам өлтіргені үшін отыр. Сондай-ақ ұрлық, алаяқтық үшін сотталғандар да көп. Жалпы бұл колониядағы әр бесінші әйел адам өлтірген. Мәселен, 20 жыл отасқан күйеуін өлтірген әйел отыр. Ол отбасындағы жанжал ке­зінде күйеуін пышақтаған. Істеген ісі үшін өкінеді, әрине. Бірақ бәрі кеш. Бостандықта анасы, бала­лары бар, олар үнемі хабарла­сып, кездесуге келіп тұрады. Жал­пы сотталғандардың тәртібіне, жасаған қылмысына қарай туған-туыстарымен кездесу кестесі белгіленеді. Әдетте жылына 6 рет қысқа және 2 рет ұзағырақ кездесуге рұқсат бар. Қысқа кездесулер 2 сағат, ұзақ кездесу екі тәулікке созылады.

– Қылмыскерлерге аяушы­лық білдірген кездеріңіз бол­ды ма?

– Қолмен істегенді мойынмен кө­теру керек. Оларды аяған кез­дерім жоқ. Бірақ адам ретінде құр­метпен қарау керек. Жаңылмай­тын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Тәртіпке көндіру үшін біз мықты психолог бола білуіміз қажет.

– Сотталғандар арасында тәртіпке бағынбай, бүлік шы­ғарған немесе аштық жарияла­ғандар болды ма?

– Мен жұмыс істей бастаған уақыттан бері аштық жариялау фактілері болған жоқ. Бұл көбіне мекемедегі контингентке байла­нысты, қазіргі жазасын өтеуші­лер­дің орта жасы 30 бен 50 ара­лығында. Ақыл тоқтатқан әйел­дер ғой, сондықтан мұндай қа­дамға бармайды, мәселені ақыл­мен шешуге тырысады.

– Жұмысыңыз мінез-құлқыңызға әсер етті ме, жалпы сіз­дерге қандай талаптар қо­йылады?

– Бізге қойылатын талап­тар­дың бірі – эмоцияға тұрақтылық, қарым-қатынас жасай білу. Кез келген уақытта күтпеген жағдай туындауы мүмкін, сондайда тез әрі дұрыс шешім қабылдау аса маңызды. Әрине, жұмыс мінез-құлықтың өзгеруіне әсер етеді. Қатаңдау боласың, кей жағдай­ларға көзқарасың өзгереді. Қыз­метті бақылаушыдан баста­дым, қазір тәртіптік бөлімде аға жедел уәкіл болып жұмыс істеймін. Бұл – мекемедегі негізгі қызметтердің бірі. Жазасын өтеушілердің тәрті­біне, талаптардың орындалуына жауап беремін.

– Жұмысыңыздағы ең ауы­ры не? Қиын сәттерде осы са­ланы таңдағаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?

– Біздің жұмыстың ең қиыны – адамды тану. Ол үшін соттал­ған­дармен жеке-жеке ашық әңгі­ме жүргіземіз. Мақсатымыз – оның ойын, көңіл күйін білу. Барлығы бірдей ағынан жа­рылып, ішін­дегісін айта қоймай­ды. Міне, осындайда психология­лық қабі­лет қажет. Бұл жұмысқа келгені­ме өкінбеймін. Бастапқы кезде қиын болды, уақыт өте келе үйренесің, жауапкершілікті түсі­несің.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp