Соңғы кездері облыста коронавирус індетіне шалдығушылардың қатары сәл де болсын азайып келе жатқаны қуантады. Бұл адамдардың жұқпалы аурудың қауіп-қатерін жете сезініп, сақтық шараларына бейжай қарамайтындығын аңғартса керек. Мен Солтүстік Қазақстан университеті колледжінде оқимын. Курстастарымның көбі екпе салдырғаннан кейін мен де көп ойланбастан вакцина алу туралы шешім қабылдадым. Ұсынысымды ата-анам бірден қолдады.
Дүниежүжілік деректерге сүйенсек, дерттен көз жұмғандардың дені вакцина алмағандар. Стационарларда ем-дом қабылдап жатқандар да солар. Ақ халатты абзал жандар түсіндіру жұмыстарын жүргізуден шаршар емес. Меніңше, олар бәрімізге дұрыс бағыт-бағдар сілтеп отыр.
“Сақтансаң, сақтаймын” дейді. Кез келген кеселмен күрестің бірден-бір жолы – алдын алу. Сондықтан жөн сөзге құлақ асып, екпе алсақ, ертеңгі ел болашағы – жас ұрпақтың дені сау болып өсері сөзсіз. Қазір вакцинаның бірнеше түрі бар. Мен “Pfizer” вакцинасын салдырттым.
Томирис ӘСЕТҚЫЗЫ,
Солтүстік Қазақстан университеті колледжінің 1-курс студенті.