«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЙТЫСҚА ӘКЕ АМАНАТЫН АРҚАЛАП КЕЛДІМ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақтың төл өнері – айтыста Ерік Асқаровтың есімі ерекше қадірлі. Қызылжардан түлеп ұшып, Алматының төріндегі талай аламанда атой салған аймаңдай ақынның артында маржан жырлары мен ізін жалғар ұлағатты ұрпағы қалды. “Сайына қарай – саласы, әкесіне қарай – баласы” демекші, жақсы әкенің ізін жалғап жүрген тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы Бекзат Асқаровпен жақында халықаралық айтысқа келген кезінде сұхбаттасудың сәті туды. Сахнадан түсіп келе жатқан жерінен кездестік. Алысқа тұяқ сілтейтін тұлпарлардай көрінді маған. Енді көсіліп шаба бергенде мәреге жетіп қалып, тер шығып та үлгермеген сияқты.

– “Қайың де мені көшпейтін елі­нен” деп әкеңіз жырға қос­қан атақонысқа, киелі өлкеге кел­­генде қандай сезімде бола­сыз?

– Кешегі батыр бабаларымыз тұлпарының тұяғымен дүркірет­кен сайын дала төсіне, атақоныс­қа табаным тиерде үлкен жауап­кершілікті сезінемін. Бұл – құр­сағы алтын аналарымыз жарық дүниеге Қожабергеннен бастап, Шал ақын, Сегіз сері, Ақан, Бір­жан, Үкілі Ыбырайлар, Мағжан, Сә­бит, Ғабиттердей асыл баба­ларымызды әкелген қасиетті то­пырақ. Екіншіден, қазақтың Ерік­тей ерке ұлының ұрпағы бол­ған­дықтан әкемнің кіндік қаны там­ған жерге табан басу ерекше әсерлі. Өзге қалаға барсам көптің бірі болып жүре берермін, ал Қызылжардың мен үшін орны мүлдем бөлек.

– Айтыс аламанына шығуға не түрткі болды? Бұл – әке аманаты ма?

– Үлкен сахнаға алғаш рет 2019 жылы шықтым. Тұсауым Қы­зылжарда кесілді. Иә, айтысқа әке аманатын арқалап келдім де­сем де болады. Естеріңізде бол­са, әкемнің 60 жылдық мерейто­йына орай дүбірлі айтыс өткен бо­ла­тын. Кезінде марқұм әкемізге сах­наға жол көрсеткен Әселхан, Әсия апаларымыз қазылық етсе, тай-құлындай тебісіп өскен, та­лай додаларда бірге шапқан Ай­тақын, Абаш, Аманжол, Қуаныш, Серік, Бекарыс ағалар қара дом­бы­раларын құшақтап, көрермен алдына қайта шығып еді ғой. Сол аламан өтерден бір күн бұрын Жүр­сін аға маған айтысасың де­ді. Қарсы болғаныма қарамады. “Абылайдың асында шаппаған­да, атаңның басына шабасың ба?” дейтін сөз бар ғой қазақта. Қар­сыласым – елордалық Олжас Отар. Алайда сол жолғы айтыс ме­нің көңілімнен шықпады. Ау­зы­ма сөз түспеді, ойым шашы­раң­қы болды. Тіпті сахнаға шық­пай-ақ қоюым керек пе еді деп те ойлаймын. Дегенмен ары қа­рай­ғы жолымды ашып, айтыс көшіне қосылуыма мүмкіндік туды. Кейін Мақсат, Аспанбек сынды адуын­ды ақындармен сөз сайыстырып, тәжірибе жинадым.

– “Әке көрген оқ жонар” дей­ді, әкеңіз бала күніңізде сізді ақындыққа баулыды ма?

– Жарықтық көзі тірісінде мені ай­тысқа қосқысы келді. Балалар ай­тысын жасаймын деп те жүре­тін. Бірақ сол арманы орын­дал­май кетті. Мен он бес жаста бол­ғанда жол апатына ұшырадық. Әкем тіл тартпай кетіп, мен ко­маға түстім. Анам Нәсіпжанның сәждеден басын алмай, Құдай­дан тілеген дұғасы қабыл болған шығар жеті-сегіз ота жасатып, әрең тірі қалдым. Жайсан Ахме­тов деген жанашыр ағамыз Мәс­кеуге жіберіп, сол жақта көзіме операция істеді. Оң көзімдегі кем­шілік сол әкемді алып кеткен апаттың белгісі.

Тұрмысты сана билеген за­ман ғой. Біздің жағдайымызды жа­саймын деп жүріп, әкемнің көп уақыты зая кетті. Себебі басында баспанасы да болмады. Алда уа­қыт бар ғой деп ойлады. “Әлі өмір алда, әкем сексен жасаған, мен де сексенге келемін” дейтін. Бі­рақ Қадиша әжеміз дүние салған соң қатты күйзелгенін көрдім, өмір­ден баз кешіп кеткендей бол­ды. Небары 44 жасында ажал­дың құрығына ілікті ғой.

– Әке өнері ұрпағының ішін­де сізге ғана дарыды ма? Бас­қа балалары немен шұғылда­нып жүр?

– Абылайхан деген інім бар. Қа­зақтың күйлерін өте шебер орын­дайды. Аздап әншілігі бар, дауысы да керемет. Бұл жағынан анамызға тартқан-ау деймін. Се­бе­бі әкеміз суырыпсалма ақын болса, анамыз жас кезінде нәзік үнді әнші еді ғой. Мен де аздап әу деймін. Екі қызы Айдана мен Ай­сана айтысқа жоқ. Балалы-ша­ғалы бақытты ғұмыр кешуде. Сы­рым да дәл сондай, аяққа тұрған, үйлі-баранды. Еркөкше деген кен­же інім де отбасын құрған. Осы­лардың ішінде айтысқа шы­ғып жүр­ген мен ғана. Еріктің өне­рін үзіп алмай немере-шөбере­леріне жеткізсем деген мақсатым бар.

– Айтыс – негізгі кәсібіңіз емес шығар?

– Мен мамандығым бойынша заңгермін. Қаржы министрлігінде қызмет істеймін. Мемлекеттік ау­дитор деген атағым бар. Ал ай­тысқа жұмыстан қол босағанда қа­тысамын. Ақындардың көбі со­лай, атқаратын қызметтері бар. Ара­мызда өздерін тек айтысқа ға­на арнаған ақындар да жоқ емес.

– Есілдің ерке ұлы Еріктің қа­ра­шаңырағы қайда? Несіпжан анамыздың денсаулығы қалай?

– Еріктің шаңырағына қазір кен­же ұлы Еркөкше ие болып отыр. Анамыз сол көпей баласы­ның қолында. Омар мен Осман де­ген екі немересін бағып, Алма­ты қаласында тұрып жатыр. Мен Нұр-Сұлтандамын, сондықтан анамыз екі қала ортасында са­парлап жүреді. Жақында ғана біз­дің үйде болып кетті.

– Ерік ағамыздың мұра­сы­ның насихатталуына көңіліңіз тола ма?

– Көңілім толады. “Фолиант” бас­пасының басшысы Нұрлан аға­мыз бен үзеңгілес досы Дәу­леткерей ағамыз екеуі өз қаржы­ларына бірнеше кітабын шығар­ды. Соңғысы “Кірлеме, менің жү­регім” атты өлеңдер жинағы. Әкем­нің туған жері – Қызылжар­дың ықыласы мүлдем бөлек. 60 жылдығына арнап аламан айтыс өткізді. Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі ашылып, қазір жас шәкіреттер тәрбиеленіп жа­тыр. Республикадағы айтыстар мен жыр-мүшәйраларда әкемнің атындағы мектептің шәкірттері орын алып жатса, отбасымызбен қуанамыз. Өлең қонған өлкенің жастарына әркез тілекшіміз, бі­рақ қолдау көрсетуге әзірге қо­лым қысқа. Болашақта бір жыр­тығын жамасуға, бір бұрышын қаласуға қол ұшымды тигізуге тиіспін деп ойлаймын.

– Ерекең айтыс пен поэзия­ның тізгінін тең ұстаған ақын ғой. Өзіңіз өлең жазасыз ба?

– Өлең жазатыным бар, жа­сырмаймын. Әсіресе бозбала шақ­та қызға ғашық болған кезде шығардым. Бұл қазақ жігіттерінің көбінің басында болатын жағдай ғой. Қазір де ара-тұра қаламым­ды қолыма алып, іштен буырқа­нып шыққан шумақтарды ақ қа­ғазға түсіріп тұрамын. Жазғаннан бұрын көп оқимын. Қазіргі ақын­дардан Жүрсін Ерманды, Ғалым Жайлыбайды, Қалқаман Саринді және басқа да ақындарды оқып, өз жазғандарымды солармен салыстырамын. Кемшін тұстары көп болғандықтан бірден жыртып тастаймын. Жалпы мен өзіме сын көзбен қарайтын және талап қойғыш адаммын. Ақынның емес, басқа бір сала маманының баласы болғанда жарыққа шы­ғара беруге болар еді. Алайда Еріктің ұлы ортаңқол өлең жазуға немесе айтыста көш соңында жүруге тиісті емес. Бұл әкемнің атына кір келтіргенмен бірдей. Сондықтан сын тезінен өтпеген өлеңдерімді жұртқа жариялай алмаймын.

– Сұхбатыңызға көп рақмет. Әке аманатына адал болыңыз!

Сұхбаттасқан

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp