Петропавлдағы көшелердің бірінде цифрлық жүйенің көмегімен жұмыс істейтін жүргіншілердің проекциялық өткелі пайда болды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қанатқақты жоба, ең алдымен, жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған. Оның ерекшелігі – жолдың үсті сызылып, түрлі-түсті бояумен сырланбаған. Ол бағанаға бекітілген жарықдиодты шамдар арқылы белгі береді.
Проекциялық жүргіншілер өткелі Петропавлдың Жәлел Қизатов көшесінде “City Mall” сауда орталығына қарсы бетте орнатылған. Автоматтандырылған цифрлық жүйе арқылы жұмыс істейтін өткел бірнеше артықшылыққа ие. Көшені кесіп өтпек болған жүргіншілерге жолды және өткелден өтіп бара жатқан адамды бірдей жарықтандырады, нәтижесінде жүргізушілер 100 метр қашықтықтан жаяу адамды анық көре алады.
– Жаңбыр, тұман, боран жол қозғалысын қиындатып, қауіпті арттырады. Жүргіншілер жолағы қыста қар астында қалып, дұрыс көрінбейді. Ал жаңашылдық ауа райына тәуелсіз. Оны орнатқандағы мақсатымыз – жол-көлік оқиғаларын азайту, – дейді облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Проекциялық жаңа жүргіншілер өткелі бұл учаскеге кездейсоқ қойылмаған. 19-шы және 20-шы ықшамаудандарды бөліп жатқан жолда көлік ағыны көп. Әрі ірі сауда орталықтары шоғырланған. “Бұл қанатқақты жоба ретінде жүзеге асты. Қазір оның жұмысына талдау жүргізіледі, оң нәтижесі болған жағдайда қаланың басқа учаскелерінде, соның ішінде жол апаттары жиі тіркелетін қауіпті көшелерде, аудан орталықтарында орнату мәселесі шешіледі”, – дейді Серік Әлжанов.
Қазір мұндай өткелдер еліміздің бірнеше қаласында бар. Полицейлердің айтуынша, биыл облыс жолдарында жыл басынан 236 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 34 адам қаза тапты, 304-і жарақаттанды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.