Өңірге жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Лариса Павловец пен Вера Ким Петропавлда жастар қауымымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғаннан бергі жұмысына талдау жасалды.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы осыдан 26 жыл бұрын құрылған болатын. Содан бері өз миссиясын үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді. Жыл өткен сайын алға қойған міндеттер күрделене түсуде. Биылдан бастап барлық өңірлерде “Жастар ассамблеясы” өз жұмысын бастады. Оның жастар арасында достық пен келісімді нығайтудағы рөлі өте маңызды, – деді халық қалаулысы Лариса Павловец.
Басқосуда медиация кабинетінің жетекшісі, “Ұрпақ” мәдени-ағарту орталығының” төрайымы Гүлбақша Мұсабаева көп жылғы тындырымды еңбегі және ұлтаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік” алтын медалімен марапатталды. Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталғандардың арасында түрлі сала мамандары, ардагерлер, қоғам белсенділері бар.
Кездесуде қарттарды қолдау орталығын бюджеттен қаржыландыру, коронавирус инфекциясына қарсы жанқиярлықпен жұмыс істеп жүрген дәрігерлердің үстемақысын дер кезінде төлеу сияқты жайттар да қозғалды.
Мәжіліс депутаттары өңір жастарымен ашық тілдесіп, өтініштерін мұқият тыңдады. Жастар пәтер бағасын реттейтін мемлекеттік бағдарламалар қабылданса деген тілек білдірді. Өйткені жалақы мөлшерінің аздығынан, пәтер сатып алу өте қиын, бағасы да күнен-күнге шарықтап барады.
Бұл сауалға Парламент Мәжілісінің депутаты Вера Ким: “Бағаның өсіп жатқаны рас. Мамандар бұл үдерісті құрылыс материалдарының қымбаттауымен түсіндіруде. Қанша күрделі мәселе болса да, ортақ шешім табылуы тиіс. Бақылауға алатын боламыз”, – деп жауап берді.
Жастар ономастика, жұмыс жағдайын жақсарту, жалақы мөлшерін көбейту мәселелері бойынша да өз ойларын ортаға салды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.