«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАНАТҚАҚТЫ ЖОБА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы көшелердің бі­рінде цифрлық жүйенің көмегімен жұмыс істейтін жүргіншілердің проек­циялық өткелі пайда болды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қанатқақты жоба, ең алдымен, жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтама­сыз ету мақсатында қолға алынған. Оның ерекшелігі – жолдың үсті сызылып, түрлі-түсті бояумен сыр­ланбаған. Ол бағанаға бекітілген жа­рықдиодты шамдар арқылы белгі береді.

Проекциялық жүргіншілер өткелі Петропавлдың Жәлел Қизатов кө­ше­сінде “City Mall” сауда орталығына қарсы бетте орнатылған. Автоматтандырылған цифрлық жүйе арқылы жұмыс істейтін өткел бірнеше артықшылыққа ие. Көшені кесіп өтпек болған жүргіншілерге жолды және өткелден өтіп бара жатқан адамды бірдей жарықтандырады, нәтижесінде жүргізушілер 100 метр қашықтықтан жаяу адамды анық көре алады.

– Жаңбыр, тұман, боран жол қоз­ғалысын қиындатып, қауіпті арттырады. Жүргіншілер жолағы қыста қар астында қалып, дұрыс көрінбей­ді. Ал жаңашылдық ауа ра­йына тәуелсіз. Оны орнатқандағы мақсатымыз – жол-көлік оқиғала­рын азайту, – дейді об­лыстық по­лиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

Проекциялық жаңа жүргіншілер өткелі бұл учаскеге кездейсоқ қойылмаған. 19-шы және 20-шы ықшамаудандарды бөліп жатқан жолда көлік ағыны көп. Әрі ірі сау­да орталықтары шоғырланған. “Бұл қанатқақты жоба ретінде жүзеге асты. Қазір оның жұмысына талдау жүр­гізіледі, оң нәтижесі бол­ған жағдайда қаланың басқа учаскелерінде, соның ішінде жол апат­тары жиі тіркелетін қауіпті көшелерде, аудан орталықтарында орнату мәселесі шешіледі”, – дейді Серік Әлжанов.

Қазір мұндай өткелдер еліміздің бір­неше қаласында бар. Полицейлердің айтуынша, биыл облыс жол­дарында жыл басынан 236 жол-кө­лік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 34 адам қаза тапты, 304-і жарақаттан­ды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp