Қазақтың төл өнері – айтыста Ерік Асқаровтың есімі ерекше қадірлі. Қызылжардан түлеп ұшып, Алматының төріндегі талай аламанда атой салған аймаңдай ақынның артында маржан жырлары мен ізін жалғар ұлағатты ұрпағы қалды. “Сайына қарай – саласы, әкесіне қарай – баласы” демекші, жақсы әкенің ізін жалғап жүрген тұлпардың тұяғы, асылдың сынығы Бекзат Асқаровпен жақында халықаралық айтысқа келген кезінде сұхбаттасудың сәті туды. Сахнадан түсіп келе жатқан жерінен кездестік. Алысқа тұяқ сілтейтін тұлпарлардай көрінді маған. Енді көсіліп шаба бергенде мәреге жетіп қалып, тер шығып та үлгермеген сияқты.
– “Қайың де мені көшпейтін елінен” деп әкеңіз жырға қосқан атақонысқа, киелі өлкеге келгенде қандай сезімде боласыз?
– Кешегі батыр бабаларымыз тұлпарының тұяғымен дүркіреткен сайын дала төсіне, атақонысқа табаным тиерде үлкен жауапкершілікті сезінемін. Бұл – құрсағы алтын аналарымыз жарық дүниеге Қожабергеннен бастап, Шал ақын, Сегіз сері, Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырайлар, Мағжан, Сәбит, Ғабиттердей асыл бабаларымызды әкелген қасиетті топырақ. Екіншіден, қазақтың Еріктей ерке ұлының ұрпағы болғандықтан әкемнің кіндік қаны тамған жерге табан басу ерекше әсерлі. Өзге қалаға барсам көптің бірі болып жүре берермін, ал Қызылжардың мен үшін орны мүлдем бөлек.
– Айтыс аламанына шығуға не түрткі болды? Бұл – әке аманаты ма?
– Үлкен сахнаға алғаш рет 2019 жылы шықтым. Тұсауым Қызылжарда кесілді. Иә, айтысқа әке аманатын арқалап келдім десем де болады. Естеріңізде болса, әкемнің 60 жылдық мерейтойына орай дүбірлі айтыс өткен болатын. Кезінде марқұм әкемізге сахнаға жол көрсеткен Әселхан, Әсия апаларымыз қазылық етсе, тай-құлындай тебісіп өскен, талай додаларда бірге шапқан Айтақын, Абаш, Аманжол, Қуаныш, Серік, Бекарыс ағалар қара домбыраларын құшақтап, көрермен алдына қайта шығып еді ғой. Сол аламан өтерден бір күн бұрын Жүрсін аға маған айтысасың деді. Қарсы болғаныма қарамады. “Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басына шабасың ба?” дейтін сөз бар ғой қазақта. Қарсыласым – елордалық Олжас Отар. Алайда сол жолғы айтыс менің көңілімнен шықпады. Аузыма сөз түспеді, ойым шашыраңқы болды. Тіпті сахнаға шықпай-ақ қоюым керек пе еді деп те ойлаймын. Дегенмен ары қарайғы жолымды ашып, айтыс көшіне қосылуыма мүмкіндік туды. Кейін Мақсат, Аспанбек сынды адуынды ақындармен сөз сайыстырып, тәжірибе жинадым.
– “Әке көрген оқ жонар” дейді, әкеңіз бала күніңізде сізді ақындыққа баулыды ма?
– Жарықтық көзі тірісінде мені айтысқа қосқысы келді. Балалар айтысын жасаймын деп те жүретін. Бірақ сол арманы орындалмай кетті. Мен он бес жаста болғанда жол апатына ұшырадық. Әкем тіл тартпай кетіп, мен комаға түстім. Анам Нәсіпжанның сәждеден басын алмай, Құдайдан тілеген дұғасы қабыл болған шығар жеті-сегіз ота жасатып, әрең тірі қалдым. Жайсан Ахметов деген жанашыр ағамыз Мәскеуге жіберіп, сол жақта көзіме операция істеді. Оң көзімдегі кемшілік сол әкемді алып кеткен апаттың белгісі.
Тұрмысты сана билеген заман ғой. Біздің жағдайымызды жасаймын деп жүріп, әкемнің көп уақыты зая кетті. Себебі басында баспанасы да болмады. Алда уақыт бар ғой деп ойлады. “Әлі өмір алда, әкем сексен жасаған, мен де сексенге келемін” дейтін. Бірақ Қадиша әжеміз дүние салған соң қатты күйзелгенін көрдім, өмірден баз кешіп кеткендей болды. Небары 44 жасында ажалдың құрығына ілікті ғой.
– Әке өнері ұрпағының ішінде сізге ғана дарыды ма? Басқа балалары немен шұғылданып жүр?
– Абылайхан деген інім бар. Қазақтың күйлерін өте шебер орындайды. Аздап әншілігі бар, дауысы да керемет. Бұл жағынан анамызға тартқан-ау деймін. Себебі әкеміз суырыпсалма ақын болса, анамыз жас кезінде нәзік үнді әнші еді ғой. Мен де аздап әу деймін. Екі қызы Айдана мен Айсана айтысқа жоқ. Балалы-шағалы бақытты ғұмыр кешуде. Сырым да дәл сондай, аяққа тұрған, үйлі-баранды. Еркөкше деген кенже інім де отбасын құрған. Осылардың ішінде айтысқа шығып жүрген мен ғана. Еріктің өнерін үзіп алмай немере-шөберелеріне жеткізсем деген мақсатым бар.
– Айтыс – негізгі кәсібіңіз емес шығар?
– Мен мамандығым бойынша заңгермін. Қаржы министрлігінде қызмет істеймін. Мемлекеттік аудитор деген атағым бар. Ал айтысқа жұмыстан қол босағанда қатысамын. Ақындардың көбі солай, атқаратын қызметтері бар. Арамызда өздерін тек айтысқа ғана арнаған ақындар да жоқ емес.
– Есілдің ерке ұлы Еріктің қарашаңырағы қайда? Несіпжан анамыздың денсаулығы қалай?
– Еріктің шаңырағына қазір кенже ұлы Еркөкше ие болып отыр. Анамыз сол көпей баласының қолында. Омар мен Осман деген екі немересін бағып, Алматы қаласында тұрып жатыр. Мен Нұр-Сұлтандамын, сондықтан анамыз екі қала ортасында сапарлап жүреді. Жақында ғана біздің үйде болып кетті.
– Ерік ағамыздың мұрасының насихатталуына көңіліңіз тола ма?
– Көңілім толады. “Фолиант” баспасының басшысы Нұрлан ағамыз бен үзеңгілес досы Дәулеткерей ағамыз екеуі өз қаржыларына бірнеше кітабын шығарды. Соңғысы “Кірлеме, менің жүрегім” атты өлеңдер жинағы. Әкемнің туған жері – Қызылжардың ықыласы мүлдем бөлек. 60 жылдығына арнап аламан айтыс өткізді. Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебі ашылып, қазір жас шәкіреттер тәрбиеленіп жатыр. Республикадағы айтыстар мен жыр-мүшәйраларда әкемнің атындағы мектептің шәкірттері орын алып жатса, отбасымызбен қуанамыз. Өлең қонған өлкенің жастарына әркез тілекшіміз, бірақ қолдау көрсетуге әзірге қолым қысқа. Болашақта бір жыртығын жамасуға, бір бұрышын қаласуға қол ұшымды тигізуге тиіспін деп ойлаймын.
– Ерекең айтыс пен поэзияның тізгінін тең ұстаған ақын ғой. Өзіңіз өлең жазасыз ба?
– Өлең жазатыным бар, жасырмаймын. Әсіресе бозбала шақта қызға ғашық болған кезде шығардым. Бұл қазақ жігіттерінің көбінің басында болатын жағдай ғой. Қазір де ара-тұра қаламымды қолыма алып, іштен буырқанып шыққан шумақтарды ақ қағазға түсіріп тұрамын. Жазғаннан бұрын көп оқимын. Қазіргі ақындардан Жүрсін Ерманды, Ғалым Жайлыбайды, Қалқаман Саринді және басқа да ақындарды оқып, өз жазғандарымды солармен салыстырамын. Кемшін тұстары көп болғандықтан бірден жыртып тастаймын. Жалпы мен өзіме сын көзбен қарайтын және талап қойғыш адаммын. Ақынның емес, басқа бір сала маманының баласы болғанда жарыққа шығара беруге болар еді. Алайда Еріктің ұлы ортаңқол өлең жазуға немесе айтыста көш соңында жүруге тиісті емес. Бұл әкемнің атына кір келтіргенмен бірдей. Сондықтан сын тезінен өтпеген өлеңдерімді жұртқа жариялай алмаймын.
– Сұхбатыңызға көп рақмет. Әке аманатына адал болыңыз!
Сұхбаттасқан
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.