Мен – жазушының баласымын. Қазір қызмет бабымен Петропавл қаласында тұрып жатқан жайым бар. Оқырмандарға асқар тау әкем жайлы айтып берсем деймін. Әкем Мәди Хасенов тірі болғанда 1 желтоқсанда 85 жасқа толар еді. 56-ында жалған өмірден озды. Әкем еске түскен сайын “адам ұрпағымен мың жасайды” деген тәмсіл ойыма оралады да тұрады. Пешенесіне ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап, армандай күткен егемендігіміздің арайлы таңын бір жыл ғана қызықтау жазылғанымен, шығармашылық жолына үңілетін болсам, қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақтай қайсар да қабырғалы ұлтының жеке мемлекет ретіндегі азаттығын аңсап өткені, бұл ұстанымды өмірлік мақсатқа айналдырғаны айқын аңғарылады. Асты да, үсті де ен байлыққа толы Ұлы даланы мекендеп, жат үшін алдындағы малын, кеудедегі жанын бөліп беретін ер Тұранның ұрпағы өзгенің қабағына жаутаңдап қарап отырса, еркін рухы табанға жаншылып жатса, елдігіміз де, ерлігіміз де әдіре қалатынын ұлттық мүдденің шын шырақшысы саналатын зиялы қауым өкілдері, оның ішінде қолына қалам ұстаған жазушылар қапысыз аңдаған.
Әкем сол құрсаулы қоғамда өмір сүрсе де, еліміздің түбінде бүкіл әлем танитын ел боларына қапысыз сенген. Болашаққа үміт артқан азаттық ой-идеяларын шығармаларынан анық аңғаруға болады. Туып-өскен жері – Зеренді ауданының Қошқарбай ауылы. Көкшетау педагогикалық училищесін, ҚазМУ-ды бітіргеннен кейін барлық саналы ғұмыры бұрынғы Целиноград облыстық “Тың өлкесі”, “Коммунизм нұры”, “Арқа ажары” газеттерінің шежіресімен қатар өріліп, артына “Алғашқы ән”, “Тұлпардың дүбірі”, “Қайсар”, “Тайталас”, “Нар тәуекел”, “Берлинді алған батырлар”, “Қайнар бұлақ”, “Қиянат” секілді онға жуық әңгімелер, очерктер жинақтары мен повесть-романдар қалдырды. КСРО Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, республиканың еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері атағы берілді. Дарынды жазушы, публицист-журналист ретінде үлкен сый-құрметке бөленді.
Әкемнен мұра болып қалған жеке архивін ақтарып отырып, “Зерендин” деген әдеби псевдонимді көп қолданғанын байқадым. Әдеби шығармаларына негізінен қазақ ауылдарының тіршілігін, еңбек адамдарының бейнесін, жалпы адамгершілік қасиеттерді арқау еткен. “Ауруға – ем, сауға – қуат” очеркінде бие сауып, қымыз әзірлейтін механикаландырылған ферма жайын армандайды. “Жылқы түлігіне көбірек көңіл бөліп, бие байлау жөніндегі ауыл қарттарының “қымыз бабымен ашып, ұзақ піскенді, ішер алдында көп сапырғанды ұнатады, күбіні күнде жуып отырмаса қымыздың дәмі келіспейді”, – деген ұсыныстары көңілге қонады. Алайда фермадағы жүз литрлік күбілерді жумақ түгіл пісу де оңайға соқпайды. Сондықтан тоқпен істейтін піспек жасау керек. Бұдан бөлек, сауын агрегатына биелердің бойын үйретудің өзіндік машақаты бар екенін айтып, ауыл өмірінің ауыр тауқыметін шынайы бейнелейді. Жас орманшы туралы очеркінде “Жасыл әлемге жанашыр, қамқоршы Қазыкеннің әу баста ұстанған қағидасы – бір ағаш кессең, орнына екі көшет отырғыз. Ал осы ағаш атаулының қолдан қалай егіліп, қалайша өсіп-өніп жатқанына былайғы адам мән бере ме? Жаңадан қылтанақтап келе жатқан көшет түйенің ботасынан артық күтім тілейтініне илана қоя ма?” – деген ой тастайды.
Бұрынғы Ақмола қаласында шығып тұрған “Сарыарқа” журналында “Қиянат” романынан үзінділер басылып, қазақ даласының солтүстік өңірлерінде отаршылдық науқаны қалай жүргізілгені шыншылдықпен баяндалады. Көлемді еңбегінің бірі – “Нартәуекел” романы. Социалистік құрылыстың қызу қарқынын шеберлікпен суреттей отырып, кеңестік шаруашылық басқару жүйесіндегі бюрократизмді өткір сын садағына алады. Ізденімпаз кеңшар директоры Мағжан (ол заманда бас кейіпкердің Мағжан аталуының өзі де күмән тудыруы мүмкін ғой) – сәтті шыққан образ.
Мен бұл мақалада марқұмның көптеген қасиеттері мен атақтарын, жетістіктері мен еңбегі сіңген істерін жіпке тізгендей санамалағаннан гөрі есте қалған эпизодтарын баяндауды жөн көрдім. Біз – бір кіндіктен 4 баламыз. Қарындасым 3 жасқа, мен 6 жасқа келгенде асыл анамыз Раушан өмірден озды. Үлкен ағамыз Сапар 25 жасында, әпкем Шынар бала кезінде қайтыс болды. Басына түскен ауыр сынақтар мен қайғыдан әкемнің қалай сынып кетпегеніне әлі күнге дейін таңғаламын. Ананың аялы алақанын, мейірімін көрмегендіктен, әкемді қатты жақсы көретінмін. Кереуетке жатқызғанда мойнына асылып, құшағымнан жібермей маңдайынан ұзақ иіскейтінмін.
Кешке тамағымызды дайындап, ал түн мезгілінде шығармашылықпен айналысуға уақыт табатын. Еңбек етуге, өмір сүруге деген құштарлығы ерекше еді. Әкемнің көз жанары нашар көріп, үстелге мұрнымен таянғандай болып отыратын. Жазудың инемен құдық қазғандай мехнатын қанша тартса да, денсаулығынан гөрі құлыншақтарының жайын көбірек ойлайтын. Бәрінен бұрын ақкөңілдігі мен адамдарды өзіне магниттей тартып алатын қасиетін айтсаңшы.
Жоғары оқу орнында оқып жүргенде Отан алдындағы азаматтық міндетімді атқаруға шақырылдым. Әскерден алып қалғысы келетінін сездірсе де, мен барамын деп шештім. Үйді қатты сағынып, жантебірентерлік хаттар жазғаным есімде. Бір күні Ресейдің Орынбор қаласы маңында орналасқан әскери бөлімге әкем келіп тұр. Қуанышымда шек жоқ. Сонау алыс жерден дәмді тағамдарын арқалап жетіп келіпті.
Ұлықсың ба, кішіксің бе, оған адамдардың бәрі бірдей тең болатын. Ешқайсысын атағына, мансабына қарап бөліп-жармайтын. Ар-намысты бәрінен жоғары қоятын. Ешкімді негізсіз қаралауға жол бермейтін. Біздің көшеде заттары салынған дорбасын арқасына асып жүретін мүсәпір жан тұрды. Әрі мүгедек еді, басы бір жағына қисайып тұратын, тұтығып дұрыс сөйлей алмайтын. Әкем оған үнемі қамқорлық жасап, азық-түлікпен көмектесетін. Қаралы күндердің бірінде осы кісі біздің шаңыраққа келіп, қайғымызға ортақтасты, аят оқыды. Осы жағдай маған ерекше әсер етті, әлі күнгідей көз алдымда.
Әкем жауапты қызметтер атқарып, коммунистік партияның мүшесі бола тұра Жаратқанға деген сенімін жоғалтпады. Қасиетті жұма күндері үйде шелпек пісірілетін. Маған ұсақ ақшалар мен қайтқан адамдардың тізімін беріп, қаладағы жалғыз ескі мешітке садақа беруге жұмсайтын. Жазғы каникулда туған ауылы Қошқарбайдағы Сағди ағасына жіберетін. Онда 3 ай бойы күнге күйіп, топыраққа аунап, суға түсіп, қызыққа бататынбыз. Кеңшар қойын бағысатынбыз. Таң атқаннан күн батқанға дейін таза ауада асыр салып ойнайтынбыз. Кең далада бәйге ұйымдастыратынбыз. Одан қалса, шөп шабатынбыз, жидек теретінбіз. Сөйтсем, мен орыс мектебінде оқығандықтан ана тілімді ұмытпау үшін ауылға жіберіп тұрады екен ғой.
Бірде әкем қатты сырқаттанды. Ғұмырының аз қалғанын өзі де сезіп жүрді, бірақ сыр білдірмеді. Қыркүйек айы, күн тамылжып тұр. Қайролла ағатайыммен бірге отбасылық мерекеге дайындалып жатқанбыз. Әкем жатқан облыстық ауруханадан шұғыл шақыру келіп түскенде жүрегім дір етті. Барлық істі ысырып қойып, шұғыл жеттік. Жол бойы жаман ойлар тұла бойымды тұмшалап, жанымды қоярға жер таппадым. Палатаға кіргенде әкемнің көзі жұмулы, сұлқ жатты. Жанында екі медицина қызметкері тұр. Бір кезде әкем көзін ашып, маған үнсіз қарады. Бірнәрсе айтқысы келді. Бұл – соңғы бақұлдасуы еді. Жерлеу рәсіміне жиналған халықта есеп болмады. Ақтық сапарға шығарып салу театр ғимаратында өтті.
“Қиянат” деген соңғы романын көзі тірісінде баспадан шығарып үлгермеді. Ұқыпты сақталған қолжазбаны жинақ етіп шығару жөніндегі аманатын балалары қалтқысыз орындадық. Кітаптың тұсаукесер жиыны Президент кітапханасында ұйымдастырылды. Үйінің қабырғасына ілінген ескі барельеф тақта ауыстырылып, оны қайта жаңартумен кәсіби мүсінші Ермек Тоқтаров айналысты. Әкемнің қаламдас досы Октябрь Әлібеков көп жәрдемдесті. Әкемнің басты арманы – немере қызығын көру еді. Ол күнді көре алмады. Тұңғыш немересі (қызым Динара) әкеміздің жылын берген күні, яғни 1993 жылы 27 тамызда дүниеге келді. Тұтас бір дәуір шежіресін жазып кеткен жазушы Мәди Хасеновтің есімі өзі барша тыныс-тіршілігінің жаршысы болып қызмет жасаған кешегі Ақмола, бүгінгі Нұр-Сұлтанның бір көшесіне берілсе, нағыз игілікті шара болар еді.
Алыбым, асқар тауым – жан әкемнің самғағанда күш-қуатыма, сүрінгенде тірегіме айналған бейнесі әркез көз алдымда. “Менің әкем! Менің әкем – ең жақсы адам”, – деген жыр шумақтары бүкіл шығармашылығына ел өмірін арқау еткен асыл азаматқа арналғандай көрінеді.
Алмас ХАСЕНОВ.
Петропавл қаласы.