Солтүстік Қазақстан облысының орман шаруашылығы мекемелерінің автопаркі биыл 212 млн. теңгенің жаңа техникаларымен толықты. Жаңа тракторлардың соңғы легін облыс әкімі Құмар Ақсақалов табыстады.
Облыста орман қорының ауданын ұлғайту жұмыстары жылдан-жылға артып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін елімізде 2 миллиард ағаш егілуі тиіс. Бұл жұмысты қуатты техниканың көмегінсіз атқару мүмкін емес.
Биылдың өзінде теріскей орманшыларына 212 миллион теңгеге 14 трактор, 5 патрульдік автокөлік пен өрт сөндіру қондырғылары сатып алынып, соның нәтижесінде техникамен қамтамасыз етілу көрсеткіші 14 пайызға жақсарды.
– Бұл жұмыстардың барлығы орманды сақтауға және көбейтуге бағытталған. Соңғы 5 жылда облыста 16 млн. көшет отырғызылды. Бұл кесілген ағаштардан екі есе көп. Бұнымен тоқтап қалмай, жұмысты жалғастыра беру керек. Алдағы 5 жылда облысымызда 100 млн. ағаш көшетін егуді жоспарлап отырмыз, – деді Құмар Іргебайұлы орман шаруашылығы мекемелерінің өкілдеріне жаңа техникалардың кілттерін табыстау рәсімінде.
Сатып алынған тракторлар отандық өнім саналады, сапасы жоғары. Негізгі бөлшектері Белоруссияда жасалып, Қостанайдағы зауытта құрастырылған. Әрбіреуінің бағасы 8 миллион теңге шамасында. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исмановтың айтуынша, жаңа техникалардың арқасында орман шаруашылығы қызметкерлерінің жұмысы жеңілдей түспек.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.