Бір ауылдың топырағында аунап-қунап өскен ерлі-зайыпты Манарбек пен Рахила Бектембаевтардың отбасы – тамыры тереңге жайылған үлкен әулет. Мәуелі ағаштай көркейіп, жапырағы жайқалған отбасының қос бәйтерегіне қарап, еңбексіз өмірдің мәні де, сәні де жоқ екеніне көз жеткізе аламыз.
Еңбек ардагері Манарбек Сәдуақасұлы 1940 жылы қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл – Сулышоқта дүниеге келді. Бұл жер – ата-бабаларының ежелгі қонысы, құтты мекен. Шаруашылыққа қолайлы, айналасында аққайың алқаптары жайқалған, жан-жағы тұнып тұрған көк орай шалғын. Ауылдағы Еңбекшіқазақ орта мектебін тамамдаған бозбала Успенкада механизатор мамандығы бойынша үш айлық курста оқиды. Балалық шағын соғыс ұрлап, ерте есейген Манарбек Бектембаев он алты жасынан еңбектің қазанында бұрқ-сарқ қайнады. Әсіресе тың игеру кезінде ол Беларусь МТЗ-2, МТЗ-5, шынжыр табанды ДТ-54 тракторларын тізгіндеп, мол тәжірибе жинады. Оның есінде ерекше қалғаны К-700 тракторы. Өйткені кеңшар басшылығы майталман механизаторға 1000 гектар жер жыртқаны үшін “Урал” мотоциклін сыйға тартқан екен.
Бар болса тасымайтын, жоқ болса жасымайтын, сабырлы, көңілі жомарт, құшағы кең азамат адамгершілік дейтін асыл қасиетті бәрінен биік қойды. Ол кез келген істе озат атанып, тіпті Мәскеуде өткен халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне де қатысқан болатын. Еселі еңбегі еленген ауыл еңбеккері бірнеше рет шипажайларда демалғанын мақтанышпен жеткізді. 1995 жылы зейнетке шығып, еселі еңбектің өтеуі ретінде “Тың игеру”, “Еңбек ардагері” медальдарына ие болды.
Еңбекпен ішкен дәмнің тәттілігін, тер төге істеген істің сәттілігін жастайынан түсінген ол қиыншылық көріп, ауыртпалықты сезінсе де мойымады. Таңмен таласа тұрып, ымырт түсе үйге оралатын ол танап басында жер жыртып, дән сеуіп, шөп шауып, күзге дейін бір тыным тапқан жоқ.
Құдай қосқан жары Рахила апаймен отбасын құрып, өмірінің жаңа кезеңі одан бетер жарқырай түсті.
“Табысқа жеткен ер азаматтың артында бір мықты әйел тұрады” дегендей ер азаматтың абырой-беделі үйдегі жарына байланысты. Жар таңдаудан қателеспеген Манарбек Сәдуақасұлының қолына қондырған құсы бақытын еселеді. Бектембаевтар әулетіне құтты келін атанып, отбасын қуанышқа кенелтті. Ерінің де көңілін тауып, үй мен түздің шаруасын бірдей атқарды. Отбасы, ошақ қасында отырып қалған жоқ. Ең бастысы, бала-шағаның қамы үшін кез келген жұмысты істеп, шаруаны ұршықша иірді. Қой қырқып, сауыншы да болды.
Аталмыш әулеттің байлығы да, мақтанышы да – балалары. Туған жерінде еңбек етіп, ауылдың өркендеуіне өз үлесін қосқан қос бәйтерек Бағдат, Құралай, Назымбек, Ақнұр, Айнұр, Темірболат есімді алты перзент сүйді. Бүгіндері ұрпағымен бақыт құшағында тербелген жұп елдің амандығын, Отанымыздың тыныштығын тілеуден жалыққан емес. Алпыс жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып, көпке өнегелі істерімен үлгі болған қазыналы қарттарға көпшілік қызыға да, қызғана қарайды. Ата-анасының сеніміне селкеу түсірмей, үмітін ақтаған аяулы перзенттері әке-шешесінің алақанын жылы суға малып, бар құрметтерін көрсетуде. Ата-ана үшін бұдан асқан бақыт бар ма?!
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.
Мағжан Жұмабаев ауданы.