Петропавлда “Өрт сөндіруге арналған үздік техникалық құрылғы” байқауы өтті. Құтқарушы-өнертапқыштар арасындағы өткен сында облыстың аудандары мен қала бөлімшелерінен 10 үміткердің ойлап тапқан қондырғысы ұсынылды.
Шараның мақсаты – апаттық құтқару және өрт сөндіруге арналған құрылғыларды жетілдіріп, тәжірибеде қолдану. Байқауда қазылық еткен өз ісінің білікті мамандары үміткерлер ұсынған қондырғыларды қарап тексерді. Өнертапқыштардың жұмыстары бұйымдарды құрастыру қиындығы мен оны қолдану аясына байланысты бағаланды. Нәтижесінде жүлдегерлер анықталды. Бірінші орын – Мағжан Жұмабаев ауданындағы №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Ерлан Елубаевқа бұйырды. Аға лейтенант “хулиган” деп аталатын өртке қарсы қолданылатын құрылғыны ойлап тапты. Ал екінші орынды – облыс орталығында №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің маманы Самат Жапаров иеленді. Ол отты ауыздықтауға арналған су себетін түтік құбырды жылдам түсіру қондырғысы мен есіктің жабылмауын қамтамасыз ететін тежеуішті жасап шығарды. Тайыншадағы №14 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Әлімхан Күшеков үшінші орынға лайық деп танылды. Ол суды үнемдейтін құрылғы әзірлеген.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы.