Жас ұлғайған сайын адамның өмірге деген көзқарасы өзгереді екен. Өмірдегі бағалы дүниелер мен қадірлейтін қасиеттерді түсіне бастайсың. Кейде болмашы нәрсеге балаша қуанып, енді бірде көңілге кірбің түсіретін, мұңаятын кездер де болады.
Қазақ ежелден қонақжай, дархан халық қой. Халқымыздың көңілі қаншалықты кең болса, дастарқаны да сондай. Қуаныш пен қайғы қатар жүреді дегендей, қандай жағдай болмасын дастарқанымыздан ас үзілмегеніне шүкір. Мәселе, ас ішіп, аяқ босату емес. Жасымыз үлкен болған соң ағайын-туыс, көрші-қолаң, құда-жекжат, таныс-біліс құрметтеп, жиын-тойларынан қалдырмайды. Оған ризашылығым шексіз. Сондай жиын-той, отырыстардан үйге көңіл налып келетін сәттер де болып тұратынын несіне жасырайын. Әсіресе соңғы кездері осындай отырыстарда үлкендер есті сөз, өрелі әңгіме айтудың орнына қарта ойнап, арзан күлкі мен бос сөзге даурығысады. Мұндай келеңсіз жайттар әр жиында орын алуда.
“Айтпаса сөздің атасы өледі”. Бұрын біз көрген қарттар қандай еді? Ордалы ой, бітімді бата беретін қазына кеуде, тау мүсін дариялардың әр сөзі салмақты, салиқалы болатын. Көпке топырақ шашпаймын. Бірақ көп жағдайда қазіргі замандастарымның орынсыз жүріс-тұрысы, қылығы қынжылтады.
Мен қалаға осыдан бірнеше жыл бұрын Тимирязев ауданынан көшіп келдім. Ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім. Қазір жасым 80-нен асты. Бұрын Тимирязевте тұрғанда аға буын өкілі ретінде мектептерде оқушылармен кездесуге жиі қатысатынмын. Сол жиындарда өскелең ұрпаққа көрген, білгенімізді, өмірден түйгенімізді айтатын едік. Қалаға келгеннен бері оқу ордаларымен мұндай байланыс үзілді. Тіпті карантинге байланысты қазір аға буынның бос уақытын тиімді ұйымдастыру кемшін қалуда. Қалаға көшіп келген кейбір қарттар санда болғанымен, қатарда жоқ. Осы мәселе де оң жолға қойылса деймін.
Болат ЖАКИН,
зейнеткер.