«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

Ең басты байлығымыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік алғаннан бергі үш онжылдық ішінде облыстың денсаулық сақтау саласы қарыштап дамыды. Озық техно­логиялармен жабдықталған ауруханалар ашылып, күрделі оталар жасала бастады. Петропавл қаласының өзінде №3 қалалық емхана, қан орталығы, былтыр инфекциялық ауру­хана қолданысқа берілді. Қазіргі таңда “Береке” және “Жас өркен” шағынаудандарында емдеу мекемелері салынып жатыр.

Бүкіл адамзатты дүрліктірген коронавирус пандемиясы елі­міздің әр өңірінде жұқпалы инфекцияға қарсы заманауи орталықтар қажет екенін көрсетті. Өйткені қауіпті вирус жұқтырғандарды басқа сырқаттармен бірге меди­циналық ұйымдарда емдеу мүмкін емес. Қысқа мерзім ішінде қаламызда жаңа модульдік инфек­циялық аурухана тұрғызылды. Мұндай модульді инфекциялық ауруханалар Қазақстанның барлық облыс орталықтарында салынды.

2020 жылы тамыз айында Қа­зақстан құрылысындағы көшбасшы компаниялардың бірі – “BI Group” модульдік инфекциялық аурухана сала бастады. Жаңа емдеу мекемесі 8 блоктан құрылған бір қабатты ғимараттардан тұрады. 200 жатын орын бар. Стационардың ішінде 20 орынға шақталған анестезиология, реа­нимация және қарқынды терапия бөлімшелері жұмыс істейді. Құрылыс жұмыстары бар-жоғы үш айға созылды. Емдеу мекемесі 8064,28 шаршы метр аумақта орналасқан, ғимараттың ауданы – 6763,7 шаршы метр. Мұнда коронавирустық инфекциясы бар науқастар ем қабылдауда.

Инфекциялық аурухананың ерекшелігі – ғимаратта желдету жүйесі бар. Яғни, бөлмедегі ауа есікті ашып-жапқанда сыртқа шық­пайды. Бұл медициналық қызметкерлерді дерттен қорғауға сеп болып отыр. Өкпенің жасанды желдету аппараттары мен заманауи компьютерлік томограф алынды. Оған қоса, әрбір төсек оттегі концентраторына қосылған. Науқастарды үздіксіз оттегімен қамту үшін мұнда станция орнатылған. Клиника рентген, УДЗ-аппараттарымен, жеке клиникалық және вирусологиялық зертханамен жабдықталған, онда КВИ-ға ПТР (полемеразды тізбекті реакция) – диагностиканы қоса алғанда, зерттеулердің барлық түрлері жүргізіледі.

Модульді инфекциялық ауруханада барлығы 175 медицина қызметкері жұмыс істейді. Оның 19-ы – жоғары білімді медицина­лық персонал, 79-ы – орта буын, 84-і – кіші буын медициналық қызмет­керлер. Дәрігерлер­дің сапалы жұмыс істеуі және қауіпсіздігі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып, қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіл­ген. Үстіміздегі жылдың қа­зан айына дейін барлық медицина қызметкерлеріне үстемақы төленді, қазіргі уақытта одан әрі төлеу туралы мәселе ше­шілуде.

Аурудың беті қайтқанымен, қазіргі уақытта стационар 33 пайызға толық. 66 науқас ем алып жатыр. 11-і ауыр халде. Қыркүйек айынан бастап 827 пациент емделіп шықты. Науқастар 1 және 2 кісілік палаталарда жатады. Пациенттердің ең көп саны өңірде КВИ-мен ауыратын науқастар санының өсу кезеңінде, яғни жаз, күз айларында тіркелді. КВИ-мен ауыратын науқастарды тексеру, емдеу бекітілген хаттамаларға сәйкес жүргізіледі.

Қаныш БИЖАНОВ,

облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры, модульді инфекциялық аурухананың бас дәрігері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp