Қызылжардағы қасиетті өнер ордаларының бірі – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры үшін өтіп бара жатқан жыл табысты болды. Бірнеше фестивальға қатысып, түрлі аталымдарда жеңіске жетті. Театр ұжымының жас әртістермен толығуын да жетістікке балаған жөн. Еліміздегі таңдаулы оқу орыны саналатын Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының түлектері қатарға қосылды. Өнерлі жастардың бірі Дінмұхамбет Серікұлымен аз-кем әңгімелескен едік. Сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.
– Киелі Қызылжарға келген қадамыңыз құтты болсын! Газет оқырмандарына өзіңізді таныстырып өтсеңіз.
– Поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова, бард ақын Табылды Досымов, композитор Ринат Гайсин шыққан құтты мекен – Атырау облысының тумасымын. Махамбет ауданына қарасты Алға ауылында балалық шағым өтті. Көпбалалы отбасынан шықтым. Үйде бесеуміз. Алдымда ағам, әпкем және артымнан ерген екі інім бар. Әкем мұнай саласында жұмыста, ал анам – қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Екеуі де өнерге жақын. Отбасылық той-томалақта аздап өлең айтатын, айналасын қыран-топан күлкіге бөлейтін әзілқой, ашық-жарқын адамдар. Маған өнер анамнан дарыды ғой деген ойдамын. “Адамның басы – Алланың добы” деген, Атырауда туып, Алматыда оқу бітіріп, енді дәм тартып Қызылжарда еңбек жолымды бастап жатырмын.
– Болар бала жасынан байқалады ғой. Мектеп қабырғасында жүргенде қандай пәнді қызығып оқитын едіңіз?
– Қоғамдық пәндерге бейім болдым. Тарих, әдебиет, география пәндерін жақсы оқыдым. Әсіресе Қазақстан тарихы. Әкем бұрын тарих пәнінің мұғалімі болған. “Адам, ең алдымен, өзінің ана тілін, одан кейін тарихын толық білуі керек. Сонда ғана ол өскенде ұлтына қызмет ететін, толыққанды адам болып қалыптасады”, – деп айтып отырады. Сол кісілердің тәрбиесінің арқасында көп нәрсені біліп өстім. Бүгінде жақсы мен жаманды айыра білу өте қиын. Көп адамдардың болмашы нәрседен сүрініп жататыны содан. Өмір сынақтарына әу бастан тастүйін дайындалу керек.
– Ал өнерді таңдауыңызға не себеп болды?
– Бала күнімде тарихи кино, мультфильмдерді көп көретінмін. Қазақ тарихындағы үлкен тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы мені қатты қызықтыратын. Сабақтан тыс уақытта түрлі мерекелік іс-шараларға қатысатынмын. Осындай кішкентай ғана талпыныстың нәтижесі осы мамандыққа келуіме түрткі болған сияқты. Мамандық таңдаудан жаңылған жоқпын, қалғанын өмір өзі үйретті.
– Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түсу бұрыннан ойыңызда болды ма?
– Мен 7-сыныпты бітіргесін Атыраудағы Нұрғиса Тілендиев атындағы оқу орнына актер мамандығы бойынша оқуға түстім. Сондағы мықты аға-әпкелерден тәлім алдым. Одан кейін Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті болу бақыты бұйырды.
– Өнерпаз болу үшін жалғыз дарын аздық етеді, көп білім керек. Ал білімнің көзі – кітап деп жатамыз. Әдеби кітап оқисыз ба?
– Бос уақытым бола қалса қолыма кітап алу – бала кезден бергі әдетім. Дегенмен тым кітапқұмармын деп те айта алмаймын. Кітап – өмірдегі түрлі қиындықтан шығудың жолын көрсетіп беретін керемет ұстаз. Қазіргі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығы төмен. Оны студенттік өмірде аңғарғанмын. Көбінің қолында телефон. Заман талабына сай өмір сүру де керек, әрине. Бірақ кітап оқудың әсері мүлдем басқа ғой. Замандастарымның көбі әлеуметтік желінің жетегінде жүр. Онда теріс бағытқа жетелейтін тұсы көп. Көбі бойкүйездікке бейім, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен өмір сүргісі келетіні содан деп ойлаймын. Адам санасын улаудың, дұрыс жолдан тайдырудың жолы бұл. Сондықтан кітап оқуға қайта бет бұрғанымыз дұрыс. Кезіндегі аға-әпкелерімізден үлгі алсақ жаман болмас еді.
– Классик жазушылардың қандай кітаптарын оқыдыңыз?
– Әлем таныған Мұхтар Әуезовті, Бердібек Соқпақбаевты, Марк Левиді және тағы басқаларды оқимын. Өйткені бұл біз сияқты шығармашыл адамдарға, әсіресе актерлерге өте керек. Біз сол арқылы сөз саптауды, еркін ойлауды үйренеміз. Осы күнге дейін “Абай жолын” екі рет қайталап оқып шықтым. Керемет туынды. Қазақтың тарихы, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, тұрмыс-тіршілігі тұнып тұр. Шетелдіктер қазақтың қандай екенін білгісі келсе “Абай жолын” оқысын.
– Жас адам еліктегіш келеді. Алдыңғы буыннан қай актерді үлгі тұтасыз?
– Менің ең бірінші үлгі тұтатын адамым – режиссер, Қазақ КСР-нің халық әртісі Есмұхан Обаев, одан кейін ұстазым Баян Алғысқызы, Еркебұлан Дайыров. Талантты ағаларымның бірі, жастарға жол көрсетіп жүрген Азамат Сатыбалдыдан да үйренерім көп.
Мен Есмұхан Обаевтан музыкалық драма театр әртісі мамандығы бойынша оқып бітірдім. Өне бойы тұнған талант, еңбек қой. Қаншама жастың бойындағы өнердің ұшқынын одан әрі лаулатып, өмірде еркін қанат қағуға жетелеген Есмұхан ағамның еңбегі ұшан-теңіз.
– Қызылжарға келгеніңізге көп болған жоқ. Өнер ошағына, ұжымға сіңісіп кете алдыңыз ба? Бастысы, рөл тиді ме?
– Театрға келе салып, жұлдызым жанған жандардың бірімін. Өйткені Қызылжардағы театр басшылығы бірден күрделі әрі жауапты рөлдерді сеніп тапсырды. Бұл маған көп көмегін тигізді. “Сылаң қыздағы” Махмұттың рөлін, одан кейін Сәкен Жүнісовтің “Елім-ай” шығармасында Қожаберген жыраудың рөлін ойнадым. Қазір де күрделі кейіпкерлерді сомдауға дайындалу үстіндемін.
– Дауылпаз жырау Қожабергенді сомдау қиын болған жоқ па?
– Батырдың бар болмысын толықтай көрсете алмаған шығармын, бірақ күндердің күні өз ойымдағыдай болатынына сенімдімін. Театр табалдырығын жаңадан аттап жатқан жас актер үшін қазақтың үш ордасын басқарған үлкен жырау әрі қол бастаған батыр бабамыздың рөлін сомдау қиындау болғанын жасырмаймын.
М.Әуезовтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлуында” – Қодарды, Ш.Айтматовтың “Арманым Әселімдегі” – Ілиясты, С.Мұқановтың “Мөлдір махаббатындағы” Бүркіттің рөлін ойнадым. Болашақта Қонаевтың, Сырымның рөлдерін сомдағым келеді.
Тағы бір айтайын дегенім, биыл жазда тұңғыш рет киноға түстім. Жамбыл Жабаев туралы сериалда екінші пландағы кейіпкерді ойнап шықтым.
– Қазір театрға көрермен өте аз барады. Бұның себебі неде?
– Театр маркетинг жағынан ақсап тұр десем ешкімнің реніші болмас. Қолдағы бар дүниені халыққа “сата алмай” отырмыз. Өз еңбегіміздің жемісін көрсетуге қауқарсызбыз. Спектакльдің ай бұрын жарнамасы шығып, билеттері сатылып, халық сол спектакльді асыға күтуі тиіс. Сонда ғана актерлердің маңдай тері ақталар еді. Демек, жарнама жасай білу қажет.
– Актерлік шеберлік дегенді қалай түсінесіз?
– Ол – өзіңе сеніп, тапсырылған рөлді сахнаға жоғары деңгейде алып шығу. Маған, мәселен, Бекежанның рөлін ойнауды беретін болса ол кезде қабағымды түйіп алып, мен сендерді өлтіремін, қырамын десем онымды кез келген адам ойнай алуы мүмкін. Көшеде кетіп бара жатқан біреуді қолынан жетелеп театрға әкеліп, осыны қайтала десең ол да оны істей алады. Егер менің істеп тұрғанымды жай адам қайталай алса, онда мен актер емеспін. Кеше сахнаға Бекежан болып шығып, бүгін комедиялық бағыттағы рөлді ойнасам, екеуі мүлдем ұқсамауы керек. Актерлік шеберлік деген – осы.
– Қазіргі актерлердің күнкөріс қамымен асаба боп жүргендеріне сіздің көзқарасыңыз қалай? Өнерге кері әсерін тигізбей ме?
– Академия табалдырығын аттаған кезде болашақта асаба болмаймын деп өз-өзіме сөз бергенмін. Әлі де сол ұстанымда келе жатырмын. Бірақ өнер саласына, әсіресе біз сияқты актерлерге көңіл бөлінбей, олардың жалақысын көтеріп, тұрмыстық мәселелерін шешпей болмайды. Сананы тұрмыс билеген кезде өнердің құдіреті кемиді. Әрине, өрелі ойың, шұрайлы тілің болса, асаба болғанда тұрған ештеңе жоқ. Асаба деген атты жамылып алып, даңғаза күлкі, мағынасыз ойындарға жол беретін той жүргізушілерді қатаң сынға алар едім. Өнердің қай саласында жүрсе де адам талғампаз болу керек. Өнер деген осындай екен деп ойына келгенін істейтіндер өзінің де, өнердің де құтын қашырады. Қолыңнан келсе істе, келмесе қоя сал.
– Актер сегіз қырлы болуы керек қой. Домбыра шертіп, ән айта аласыз ба? Басқа қай музыкалық аспапта ойнай білесіз?
– Домбырамен ән айтамын. Фортепиано мен гитараға да қара жаяу емеспін. Жалпы өнер адамының музыкалық аспаптардың біразын меңгергені дұрыс. “Елім-ай” спектаклінде домбырамен ән айтатын жері бар.
– Арманыңыз бар ма?
– Арманым – ата-анам менімен мақтанатындай ұл болу. Өнерімді көріп, бойын мақтаныш кернесе, мен үшін одан асқан бақыт жоқ!
Сұхбаттасқан
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.