«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Асыраушысынан айырылғандарға жәрдем

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде асыраушысынан айырылған жағдайда берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыны заңға сәйкес асыраушысынан айырылған және асыраушысы қайтыс болған отбасының еңбекке жарамсыз мүшелерiнің алуына құқығы бар. Бұл асыраушысы хабар-ошарсыз кеткендер немесе қайтыс болды деп танылғандарға да қатысты. Тек сот тәртiбiмен ресімделген болса жеткілікті.

Отбасының еңбекке жарамсыз мүшелерi деген кімдер? Бұл тізімге он сегіз жасқа толғанға дейiн мүгедек болып қалған, он сегіз жасқа толмаған және осы жастан асқан балалары (оның iшiнде асырап алған балалары, өгей ұлдары мен қыздары), аға-iнiлерi, әпке-сiңлілерi және немерелерi кіредi. Бұл орайда олардың еңбекке жарамды ата-аналары болмаса, өгей ұлдары мен қыздары ата-аналарынан алимент алмаған жағдайда есепке алынады. Егер қайтыс болған асыраушы 8 жасқа толмаған балаларын, iнiлерiн, қарындастарын немесе немерелерiн күтумен айналысса және жұмыс iстемейтiн болса, жәрдемақыны жасы мен еңбекке жарамдылығына қарамастан ата-аналардың немесе жұбайлардың бiреуi не атасы, әжесi, аға-iнiсi немесе әпке-сiңлiсi алуға құқылы.

Егер зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес зейнеткерлiк жасына жетсе және заң бойынша асырауға мiндеттi адамдары болмаса және өмiр сүру үшiн басқа қаражат көздерi жоқ болса онда атасы мен әжесi де есепке алынады. Он сегіз жастан асқан білім алушы азаматтар асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жәрдемақыны күндізгі оқу нысанындағы жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және одан кейінгі білім беру жүйесінде оқу орнын бітіргенге дейін ала алады. Бірақ жасы жиырма үш жастан аспауы керек.

Қайтыс болған адамның асырауындағы отбасы мүшелерi, егер олар оның толық асырауында болса немесе одан өздерi үшiн өмiр сүрудiң тұрақты және негiзгi қаражат көзi ретінде көмек алып тұрса, оның асырауында болған деп есептеледi. Бiр мезгiлде әр-түрлi мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алуға құқығы бар адамдарға олардың таңдауы бойынша бiр жәрдемақы тағайындалады. Алайда бұл ереже мүгедек балалар мен бала кезінен мүгедектерге қолданылмайды.

Жәрдемақы алуға құқығы бар адамдар өтініш пен қажетті құжаттарды тұрғылықты жері бойынша “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының бөлімшесі арқылы тапсыра алады. Сонымен қатар өтінішті “Электрондық үкімет” веб-порталы арқылы беруге немесе проактивті форматта да алуға болады.

Гүлбақыт МАНАБАЕВА,

Еңбек, әлеуметік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаменті басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp