«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АР ТАЗАЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2016 жылдың 21 қарашасында өткен республика судьяларының VII съезінде судьяның әдеп кодексі қа­былданып, қызметтегі және отставкадағы судьяларға қатысты әдеп нормалары бекітілгені белгілі. Әдеп кодексі енгізілуінің себебі – судьялар сот төрелігін жүзеге асыруда ерекше өкілеттікке ие болғандықтан, олардың жүріс-тұрысы, өзін ұстауы, моральдық-этикалық болмысы жоғары деңгейде болуы тиіс. Онда қойылған талаптардың мүлтіксіз сақталуы азаматтардың сотқа деген сенімін арттырудың бір көрінісі болып табылады және де сот жүйесінің беделін арттыруға зор ықпал жасайды.

Судья әдебі жайлы түзілген жиынтық жүйе қазақстандық судьялардың мінез-құлқының негізгі нормалары мен стандарттарын сот төрелігін жүзеге асыру барысында және жұмыстан тыс уақытта анық та нақты реттейді. Әртүрлі өмірлік жағдайларда, тәжірибеде моральдық-этикалық нормалармен қабыспайтын жайттар кездеспей қоймайды. Судьяның тұрмыста және жұмыс орнында қызметін тікелей немесе жанама түрде реттейтін біртұтас кешенді құқықтық актінің қабылдануы сондықтан. Бұл жұмыс істеп жүрген сот қызметкерлеріне ғана емес, отставкадағы судьяларға да қатысты. Әр судья сот билігінің беделін түсіруге әкеп соғуы және абыройына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген іс-әрекеттерден аулақ болуға тиіс. Сот отырысын жүргізудің жоғары мәдениетін қамта­масыз етуге, өзін лайықты, әдепті ұстауға және сот отырысына қатысу­шылардың сот төрелігінің әділдігіне күмән туғызбауы үшін шаралар қолдануға міндетті. Бұл жерде заңның үстемдігі, сот органдарының тәуелсіздігі бәрінен жоғары тұрады.

Судья алғаш рет қызметке кіріскенде “Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы” Конституциялық Заңның 32-бабында айтылған антты қабылдайды. Онда: “Өз міндеттерімді адал және абыройлы атқаруға, сот төрелігін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына ғана бағына отырып жүзеге асыруға, судья ретіндегі борышым міндеттегендей бейтарап және әділ болуға салтанатты түрде ант етемін”, – деп жазылған. Демек, судьялардың тәуелсіздік қағидаты дегеніміз – сот төрелігін жүзеге асыруда ешкімге бағынбайды, соттың қызметіне сырттан және іштен араласуға жол бермейді, басқалардың ықпалына түспейді деген сөз. Нақты сот ісі бойынша іске қатысушы адамдармен, олардың өкілдерімен, прокурормен, адвокатпен, өзге де мүдделі тұлғалармен процестік және өзге де заңна­мада көзделмеген кез келген қарым-қатынаста өзін объективті, бейтарап ұстаудың маңызы зор. Сот процесін жүргізудің жоғары мәдениеті, шешімнің әділдігі, заңдылығы заң талаптарының толықтай сақталуын қамтамасыз етеді. Судьяның осындай мінез-құлқы ғана жұртшылықтың оның адалдығына, тазалығына деген сенімін нығайта түседі. Оның кәсіби қызметі саяси мақсатты көздейтін сая­си партия немесе қоғамдық бірлестікке мүше болуға рұқсат бермейді.

Судья сот төрелігін жүзеге асыру жөніндегі қызметіне байланысты сыйлықтарды, жеңілдіктерді, артықшылықтарды, өтеусіз көрсетілетін қызметтерді өзі де алмағаны және отбасы мүшелеріне де, процестік тәуелді адамдарға да алуға рұқсат бермегені жөн. Өйткені кәсіптік қызметін орындаған кезде оған тікелей, болмаса жанама түрде процессуалдық тәуелді адамдар тобы болмауы тиіс. Осы себепті жеке та­ныстық пен байланыстарда талғампаз, одан қызметтік тәуелділіктегі адамдармен, сондай-ақ оның өндірісіндегі істер бойынша сот процестерінің қатысушылары болып табы­латын адамдармен қаржылық міндеттемелерді туындататын азаматтық-құқықтық мәмілелер жасасудан аулақ болған жөн. Алдымен өзі және отбасы мүшелерінің беделі туралы ойлай отырып, қызметтік жағдайын жеке мүдделерден жоғары қоюдың мәні айрықша. Бұл ережелерді тек жұмысын атқару кезінде ғана емес, жұмыстан тыс уақытта да қатаң сақтау – бұлжымас борыш. Мұндай шектеулердің қойылуы соттан тыс жердегі жүріп-тұруына, процеске қатысушылармен өзара қарым-қатынасқа айтарлықтай ықпал етеді. Бы­лайша айтқанда, сот билігінің беделін түсіруге әкеп соқтыратын іс-әрекеттер заңға сәйкес тәртіптік жазаға тартуға негіз болады. Азаматтардың осындай шағымдары негізінде әдеп бұзғаны үшін қоғамдық ықпал ету шаралары да қолданылуы мүмкін.

Кодексте судьяларға шектеулер қоюмен қатар олардың тәуелсіздігін, жеке басын қорғау шаралары да қарастырылған. Мысалы, кодекске сәйкес сот төрағасы (алқа төрағасы) ұйымдастырушылық-өкімдік өкілеттіктерді жүзеге асырған кезде судьялардың тәуелсіздігін шектейтін іс-әрекеттерге жол бермеуге, оларға қысым көрсетпеуге, сондай-ақ судьялардың сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне ықпал етудің өзге де әкімшілік ықпал ету әдістерін қолданбауға міндетті. Егер судьяның қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында оның беделіне негізсіз нұқсан келтіріліп көрсетілсе, онда өз құқықтарын қорғаудың өзге тәсілдері таусылған айрықша жағдайларда ар-намысын, қадiр-қасиетiн және iскерлiк беделiн қорғау мақсатында құқық қорғау және сот органдарына жүгіне алады. Сонымен бірге кодекс судьялардың өз білімін арттыру, практикалық тәжірибе мен жеке қасиеттерін жетілдіру мақсатында, үздіксіз оқу мен өз бетінше білім алу тәсілдерін пайдалана отырып, үнемі шаралар қолдану қажет деген ережені бекітіп, судьяларға өз білімдерін оқу орындарында арттыруға кепілдік береді.

Қорыта айтқанда, кодекс судьяларға белгілі жүріс-тұрыс ережелерін бекіте отырып, олардың қызметінің заңға сәйкес атқарылуының, сырттан тыс ықпалдардан қорғаудың басты кепілі болып табылады.

Сәуле САДЫҚОВА,

облыстық соттың судьясы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp