Өртсөндірушілердің өмірі қауіп-қатерге толы. Олар бір адамды аман алып қалудың өзі қаншалықты күшті, жауапкершілікті, ерлікті талап ететінін жақсы біледі.Осындай жүгі ауыр салада жанкештілікпен қызмет етіп жүрген мамандардың бірі – Петропавлдағы №3 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Айтбай Сәдуақасов. Түрлі апаттармен арпалысып, от пен судың ортасынан көптеген адамның өмірін арашалап қалған өжет өртсөндіруші жақында мемлекеттік наградамен марапатталды.
Айтбай Ерсайынұлы балалық шағында ойыншық көліктермен көп ойнапты. Өзін бірде өртсөндіруші, бірде “Жедел жәрдем” көлігінің жүргізушісі, енді бірде ұшқыш болып елестететін. Бала арманы орындалды.
– Әрбір ер азамат Отанның қалқаны, елінің абыройын тасытатын адам болғысы келеді. Мен де халық игілігі үшін қызмет етуді мақсат еттім. Жаныма жақын мамандықты таңдадым. Мектепте оқып жүргенде құтқарушы болуды армандадым. Өкінішке қарай, бірден мақсатыма қол жеткізе алмадым. Десе де, уақыт өте келе арманым орындалып, өртсөндіруші атандым, – дейді Айтбай Сәдуақасов.
2016 жылы облыс орталығындағы №3 өрт сөндіру бөліміне қызметке орналасады. Алғашында қарауылдағы сарбаз болып жұмыс істейді. Уақыт өте тәжірибе жинақтаған соң бөлімше командирі атанады.
Лаулап жатқан өртке кіруге тек жүрегінің түгі бар адам ғана тәуекел ете алады. Өз өміріне төнген қауіпке қарамастан, өзгені құтқару үшін жанып тұрған отпен күресу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Кейіпкеріміз жұмыс барысында талай өртті ауыздықтап, тілсіз жаудың қақпанынан қаншама адамды аман алып шықты. Айтбай Ерсайынұлы осындай оқиғалардың бірін еске алды.
– Биыл қаңтардың 26-сы күні кезекшілікке түстім. Ружейников көшесіндегі көпқабатты үйдің үшінші қабатындағы өртті ауыздықтауға мамандар жіберілсін деген нұсқау келді. Шұғыл түрде оқиға орнына жеттік. Көк түтіннен пәтерде адамның бар-жоғын анықтау қиын болды. Жергілікті тұрғындар баспанада біреулер болуы мүмкін екенін айтты. Мен бірден тыныс алу аппаратын киіп, ішке кірдім. Мұндай уақытта әр секунд қымбат, жылдам шешім қабылдау қажет. Эпилепсиямен ауыратын бала мен оның анасын қауіпсіз жерге шығардым. Абырой болғанда, адам өлімі болған жоқ, – деп еске алды құтқарушы.
Биыл кейіпкеріміздің ерлігі еленіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды. Бұл жоғары награданы Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин кеудесіне таққанын айта кеткен жөн. Өртсөндіруші Айтбай Сәдуақасов – бейбіт күннің нағыз батыры.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.